Кәсіби мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтады.
Сенатта журналистер арасында өткен дәстүрлі «Парасат» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті
176
оқылды

Палата Спикері бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудағы және елімізде жүзеге асырылып жатқан ре­формалардың мәні мен мазмұнын ха­лыққа түсіндірудегі айрықша рөліне тоқталды. Сондай-ақ ол қазіргі геосаяси сын-қатерлер мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде жур­налистердің қызметі жай ғана ақпарат таратумен шектелмейтінін атап өтті. БАҚ өкілдері бүгінде мемлекет пен қо­ғам арасындағы өзара сенім мен ашық диалогтың маңызды көпіріне айналып отыр.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат Мемлекет басшысының баста­масымен қолға алынған реформалар­ды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргі­зіп келе жатқанын айтты. Бұл ретте палата бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі тығыз ықпалдастыққа басымдық беріп отырғаны да сөз болды.

«Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде аса маңызды тарихи сәтті бастан өткеріп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық рефе­рендумда жаңа Конституциямыз қабыл­данды. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдары айрықша рөл атқарғанын атап өткен жөн. Ашық пікірталастар, сараптамалар және телерадио эфирлері арқылы заң­намадағы әрбір норма тыңғылықты талқыланып, азаматтардың қолдауына ие болды. Сондай-ақ Конс­ти­ту­циялық комиссия құрамында жұ­мыс істеген БАҚ өкілдері де бар. Мем­лекет басшысы атап өткендей, олар Ата заңның тең авторларының біріне ай­налды», – деп, Мәулен Әшімбаев жур­налистерді кәсіби мерекелерімен ­құт­тықтады.

Айта кетейік, биыл «Парасат» бай­қауына қатысу үшін 150-ден астам өтінім келіп түсті. Байқауға телеарналар, радио, баспасөз басылымдары, ақпа­раттық агенттіктер, интернет-портал­дар, сондай-ақ өңірлік және халық­аралық бұқаралық ақпарат құрал­да­ры­ның журналистері қатысты.

Сонымен, байқау жеңімпаздары 6 аталым бойынша анықталды. «Үздік телевизиялық материал» аталымында Ирина Әлімжанова (Qazaqstan телеарнасы), Ердәулет Байдуллаев («Хабар» телеарнасы), Әлібек Рзабаев («Бірінші Еуразия» телеарнасы) жүлдегер атанса, «Мерзімді баспасөздегі үздік материал» аталымында «Время» газетінің ұжымы, Гүлзина Бектасова (Aiqyn газеті), Қарагөз Сімәділ (Ana tili газеті) үздік деп танылды. 

«Интернет-басылымдағы үздік жа­рияланым» аталымында Руслан Ғабба­сов («ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі), Рабиға Дүйсенғұлова (Tengrinews.kz ақпараттық агенттігі), Зарема Абдрахметова (BES.media ақпарат агенттігі) озып шықса, «Әлеу­меттік же­лідегі үздік жарияланым» аталымы Са­бина Садиева және Тимур Асылха­новқа бұйырды.

«Жылдың үздік сараптамалық ма­териалы» арнайы сыйлығын Боян Бркич (Euronews) еншілесе, «Пар­ла­менттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы Бану Әділжанға (Egemen Qazaqstan) табысталды.

Еңбегі еленген әріптестер мәртебелі жиын соңында Сенат Төрағасымен бірге естелік суретке түсті.