Елорда төрінде жыршылар өнер көрсетті

Елорда төрінде жыршылар өнер көрсетті

Қазақконцерт елордалықтарды «Сүлейлердің ізімен» атты жаңа концертпен қуантты. Бұл кеште Қазақконцерт әртістерімен бірге жыр елі атанған Сыр өңірінің талантты ақын-жыршылары өнер көрсетті. Өнерсүйер қауым ұлттық құндылықтар мен халқымыздың бай әдеби мұрасы жырланған ерекше кештің куәгері болды.

Концертке қатысушылардың бірі, Қазақконцерт солисі Күнсұлу Түрікпеннің айтуынша, Сыр бойы ақын-жыршыларының «сүлей» деп аталуында үлкен мән бар. «Тума талант» деген мағынаны білдіретін сүлей сөзі Сыр өңірі жыршыларының басты ерекшелігін көрсетеді екен. – «Сүлейлердің ізімен» жыр кешінде Жамбыл Жабаевтың, Кете Жүсіптің, Тұрмағамбет, Нартай, Базар сияқты ақын-жыраулардың шығармалары дәріптеліп, ұлттық өнеріміздің өзекті тақырыптары көтерілді. Ұлттық, тәрбиелік және танымдық мәні зор шығармалардан тұратын бұл концерт Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналады, – деп жеткізді Күнсұлу Түрік­пен. Жырдан шашу шашып, Сыр сүлейлерінің дәстүр сабақтастығын жалғаған жас жыршы-ақындар еліміздің бай мәдениетін, шежіре-тарихын өнегелі жырмен жеткізді. Белгілі жырау ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов бастаған талантты жыр­шы­лардың өнерін көрермен қауым зор ықыласпен қабылдады. Қазақы жыр мен дәстүрлі өнерге арналған «Сүлейлердің ізімен» концерті жаңа форматта өтті. Оның басты ерекшелігі – көрермендер концертті әртістермен бірге сахнада отырып тамашалап, концерттің тікелей қатысушысы бола алды. Қазақконцерттің жаңа 61-концерттік маусымындағы бұл кеш тыңдарман қауымға нағыз рухани демалыс сыйлағаны рас.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ