«Қазақконцерттің» мерейтойлық маусымы ресми түрде ашылды

Мерейтойлық маусымның ашылуы Халықаралық музыка күнімен тұспа-тұс келді.

Өнердің киелі ордасын 60 жылдық мерейтойымен алғашқылардың бірі болып Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтады. «Есімдері қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріппен жазылған сахна абыздарының ізін жалғап, талай таланттың өнерін шыңдаған іргелі мекеме бүгінде ел мәдениетінің қара шаңырағына айналып отыр. Тарихы бай, тамыры терең ұжым ұлттың рухани мүддесін ұлықтап, отандық өнердің дамуына зор үлес қосып келе жатыр. Алпыстың асуын бағындырып, игі дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білген «Қазақконцерт» әрдайым өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлене беруіне тілектеспін. Осынау тағылымы терең өнер ордасында еңбек етіп жүрген әртістер мен барлық өнер ұжымын 60 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!» – деді министр құттықтау хатында.

Құттықтаулар легін қазақтың бұлбұл әншісі, халық әртісі Бибігүл Төлегенова жалғастырды.

– Қазақконцерттің торқалы тойы құтты болсын! Жамал Омарова, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова, Рабиға Есімжанова, Жүсіпбек Елебеков сынды аңыз тұлғалардың есімімен байланысты Қазақконцерттің мәдениет саласында алар орны ерекше. Қазіргі уақытта бұл мекеме қанатын кеңге жайған ірі мәдениет ордасына айналды. «Қазақконцерт» ұйымы өркендей берсін, қазақ өнері асқақтасын! – деп жеткізді Бибігүл Ахметқызы.

«Қазақконцерттің» мерейтойлық маусымы ресми түрде ашылды

Өзінің құттықтауларын Ескендір Хасанғалиев, Байғали Серкебаев, Бекболат Тілеухан, Арман Жүдебаев, Айқын Төлепберген сынды еліміздің белгілі өнер тұлғалары, сондай-ақ Өзбекстан мемлекеттік филармониясының ұжымы, Өзбекстан Ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері  Алибек Кабдурахманов сынды шетелдік әріптестер де өз құттықтауларын жолдады.

«Қазақконцерттің» мерейтойлық маусымы ресми түрде ашылды
Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлова

Концерттік ұйым өзінің 60-шы концерттік маусымын «Қазақконцерт әлемі: бізге 60 жыл!» үлкен мерейтойлық жобамен ашты. Көрермендерсіз өтетін концерт пен бенефис-шоудың телевизиялық нұсқасы «Хабар» телеарнасынан жақын уақытта көрсетіледі. Жоба барысында өнер сүйер қауым 1960 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қазақ музыка өнерінің тарихына музыкалық саяхат жасап, баршаға танылған хит әндер мен жаңа туындыларды тыңдай алады. Мерейтойлық жобада Қазақстан халық әртісі, даңқты әнші Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Ысқақова, Димаш Құдайберген, Мөлдір Әуелбекова, Құрмаш Махан, Алишер Каримов, Әміре, «Дос-Мұқасан» ансамблі, «Музарт» тобы, т.б. «Қазақконцерт» ұйымының өнер ұжымдары мен белгілі солистері өнер көрсетті.

«Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы мәлімдегендей, бұл 60 жылдан бері өнер сүйер қауымның жансарайын әсем әуенмен жадыратып жүрген киелі қарашаңырақ тарту ететін жаңа жобалардың бастамасы ғана.

«Қазақконцерттің» мерейтойлық маусымы ресми түрде ашылды

– Бұл концерттік маусым – біз үшін айрықша белес. Көрермендермен қауышуға асыққан «Қазақконцерт» ұжымының жаңа маусымда жұртшылыққа ұсынар жаңалығы аз емес. Мерейтойлық жылдың аясында әртістеріміз көрермендерді онлайн және дәстүрлі форматтағы жаңа концерттік бағдарламалармен, керемет премьералар және тың жобалармен қуантады. Алпыстың асуын бағындырып, игі дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастыра білген Қазақконцерттің барлық жобалары биылғы концерттік маусымда да халықты рухани сусындатып, баршаға қолжетімді болмақ, – деп жеткізді ұйымның басшысы.

«Қазақконцерттің» мерейтойлық маусымы ресми түрде ашылды

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.