Футзалдан Қазақстан құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Ширек финалда Қазақстан құрамасы Иранмен ойнап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан футзалдан әлем чемпионатына нешінші рет қатысып жатыр? Чемпионат туралы негізгі деректерді жазып шықтық.
Әр төрт жыл сайын FIFA ұйымдастыратын чемпионат биыл 9-рет өтіп жатыр. Чемпионатты өткізуге Қазақстанмен бірге жеті ел үмітті болды. 2018 жылы футзалдан ӘЧ-2020 өткізетін ел ретінде Литва таңдалды. Алайда, турнир уақыты пандемияға байланысты бір жылға кешігіп, 2021 жылы өтетін болды.
Футзалдан әлем чемпионаты алғаш рет 1989 жылы Нидерландта өткізіліп, алғашқы чемпион Бразилия құрамасы болды. Бұл турнирге КСРО құрамасы да қатысып, ширек финалда Нигерия құрамасынан жеңілді. Құрама сапында қазақстандықтар болмады. Мирджалол Касымов деген өзбекстандық футболшы болды, басқалары Ресей, Украина және Грузия футболшылары.
[caption id="attachment_163342" align="aligncenter" width="735"] Футзалдан КСРО құрамасы, 1989 жыл. Фото: Сhampionat.com[/caption]
Футзалдан ӘЧ-ның ең көп чемпионы болған Бразилия құрамасы. Олар бес рет: 1989, 1992, 1996, 2008, 2012 жылдары чемпион атанды. 2000, 2004 жылдары Испания, 2016 жылы Аргентина әлем чемпионы болды.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасына қарсы ойнайтын Португалия құрамасы 2000 жылы қола жүлдегер атанса, 2016 жылы өткен чемпионатта төртінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасынан ширек финалда жеңілген Иран құрамасы өткен турнирде қола жүлде алған еді.
[caption id="attachment_163355" align="aligncenter" width="750"] Қазақстан – Испания, ӘЧ - 2016, 1/8. Қазақстан – Испания, ӘЧ - 2016, 1/8. Фото: Sports.kz[/caption]
Қазақстан құрамасы 1999 жылы Азия чемпионатында үшінші орын, 2000 жылы екінші орын алды.
Футзалдан Еуропа чемпионатында 2016 жылы үшінші, 2018 жылы төртінші орын алды.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына алғаш рет 2000 жылы қатысып, топтық кезеңнен шыға алмады. Кейінгі 2004, 2008, 2012 жылдары іріктеуден өте алмады.
2016 жылы 1/8 финалда Испания құрамасынан жеңілді. Биыл жартылай финалға шығып, 30 қыркүйекте Португалия құрамасымен ойнайды.
Жартылай финалдың тағы бір жұбы Бразилия мен Аргентина құрамалары болды