Жамбыл облысындағы жарылыстың себебі қазан айында белгілі болады
Жамбыл облысындағы жарылыстың себебі қазан айында белгілі болады
Фото: Primeminister.kz
198
оқылды
Бұл туралы “Хабар” телеарнасының “Ұлттық мүдде” бағдарламасына сұхбат берген төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, - деп жазады baribar.kz.
 -Таразда болған қайғылы оқиғаға байланысты қазіргі уақытта тергеу органдары жұмысын жалғастырып жатыр. Өткен аптада ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс сапарын жасап, қаза тапқандардың отбасыларына орден тапсырдым. Бүгінде жеке құрамнан қаза тапқандардың жалпы саны – 10 адам. Сол жарылыстың салдарынан 49 маманымыз зардап шекті, олардың ішінде екеуіне өте күрделі ем-дом қажет, ал қалғандары түрлі деңгейде жарақат алды. Қорғаныс министрлігінің де қызметкерлері қатарынан қаза тапқандар бар. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің із-түзсіз жоғалған қызметкерін қоспағанда, қаза тапқандар 17 адамға жетіп отыр, – деді министр.
Ведомство басшысы жарылыстың неден шыққанын тергеу анықтайтынын айтты.
Қалай десек те, бүгінде қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, тергеу органдары түрлі нұсқаларға қатысты жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Бұл өздігінен жану, қасақана өртеп жіберу болуы мүмкін. Сондықтан уақыт та, күту де қажет. Туған-туыстары да “қауіп-қатер болған кезде неге жібердіңіздер?” деп сұрап жатыр. “Офицерлер” деген фильмде айтылғандай, Отанды қорғау деген мамандық бар екендігін еске саламын. Бұл біздің мамандығымызға да қатысты. Құтқарушылар төтенше жағдайды көрген кезде өздерінің кәсіби міндеттерін соңына дейін орындауға тиіс, – деді Юрий Ильин.
Оның айтуынша, Байзақ ауданындағы әскери оқ-дәрі қоймасында жарылыс болған кезде оқиға орнына жеткен бірінші өрт сөндіру бөлімшесі нысан басшылығынан қандай тәуекелдің бар екендігін сұраған.
Қоймада тратил бар екендігі, өзге жарылғыш заттың жоқ екендігі айтылған. Сондықтан да өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күреске кіріскен. Тратил физикалық қасиеті жағынан тұтандырғышсыз жарылмайды. Ол тек жанып қана кетуі тиіс. Бейнебақылау камералардан да осындай жайттың орын алғанын, аталған қоймадағы тратилдің қатты жанғанын байқауға болады. Бірақ, түптеп келгенде, жарылыс болды. Меніңше, қазан айында жарылыстың қандай да бір нәтижесі белгілі болады, – деді министр.