Газға уланған 16 адам көз жұмды

Газға уланған 16 адам көз жұмды

2021 жылдың басынан бері газды тұрмыста пайдалану нысандарында 51 оқыс оқиға тіркелді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты.

«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мәселе тұрмыс­тық газды пайдаланумен байланысты төтенше жағдай­лардың алдын алу болып отыр. Осы жылдың басынан бері газды тұрмыстық пайдалану нысандарында 51 оқиға тіркеліп, 88 адам зардап шекті. Оның 16-сы қаза тапты. Газ-техникалық инспекция қызметінің құқықтық негізін қамтамасыз ету үшін «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға газ-техникалық инспекция қызметкерлеріне газ тұтыну жүйесіне қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдарға бақылау жүргізу құзыретін жүктейтін тиісті түзетулер енгізілді», – деді министр Үкімет отырысында. Юрий Ильиннің айтуынша, халықтың ескі және мерзімі өткен баллондарды пайдалануы жағдайды күрделендіріп отыр. Сонымен бірге көпшілігі қауіп­сіздік талаптарын бұзып, таяу маңдағы автогаз құю стансаларынан баллондарын толтыра салуды дағдыға айналдырған.

Мейірім ҚАЙРАТҚЫЗЫ