Елбасы музейінде «Ұлы даланың аңыздары» топтамасымен шыққан жаңа комикстердің таныстырылымы өтті.
«Еңлік-Кебек», «Естай-Қорлан», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Жұмбақтас», «Айша бибі», «Шайтанкөл», «Балқаш». Аталған туындылар «Ұлы даланың аңыздары» атымен шығарылған қазақ комикстерінің қатарына енген. Сондай-ақ ұйымдастырушылар комикстер желісімен түсірілген көркем фотосуреттер көрмесін де ұсынды. «Топтамаға қазақ даласындағы жеті лиро-эпостық жыр мен батырлар туралы аңыздарды өзек етіп алдық. Мақсатымыз – қазақтың төл фольклорын жас буынға заманауи тәсілдермен меңгерту. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 89 бетке созылатын нұсқасы бар. Оны қазіргі балалар оқып отырмайтыны түсінікті. Соны біздің жас ақын-жазушылар қысқаша мазмұндап, ең негізі тұстарынан диалогтар құрап, комикске икемдеп жазып шығады. Суретшілер соның желісімен комикс салады. Әзірге комикс сценарийін Досқан Жылқыбаев деген жігіт жазып жүр. Ал суреттерін әуелде Мұрат Ділманов салып бастаған. Қазір оған екі жас суретші қосылды», – дейді Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев. Сондай-ақ ол бір ертегінің комиксі бірден үш тілде берілгенін атап өтті. «Ұлы даланың ұлы махаббаты» топтамасынан қазақ фольклорында кең тараған жеті ғашықтың жырын, «Ұлы даланың батырлары» топтамасынан Ер Төстік пен Алпамыстан бастап, Кенесарымен түйінделетін 7 батыр хикаясын оқи аласыз. Қор директорының айтуынша, батырлар топтамасын бертінгі батырларға дейін түгел қамту ойда бар . Одан кейін «Ұлы дала хандары» және «Ұлы даланың арулары» деген топтамалары жарыққа шығады. Онда Томирис пен Заринадан бастап Әлия, Мәншүктерге дейінгі тұлғалар қамтылады. Комикстерді арнайы сайттан тегін оқуға болады. Үш тілдегі жинақ кітабы сатылымға шығатыны тағы бар. Құрастырушылар сатылымнан түскен қаржыдан келесі топтаманы дайындауды жоспарлап отыр.А.АЙДАРҚЫЗЫ