Шымкентте тіркелген қылмыстың басым бөлігін парақорлық пен жымқыру дерегі құрап отыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талғар Серікбаев 8 айды қорытындылаған жиында атап өтті. Тіркелген 63 қылмыстың 45-і сыбайлас жемқорлық сипатында. Ал оның 17-сі жымқыру дерегі болса, 30-ы парақорлық.
Сонымен қатар осы қылмысқа баратындарды салалар бойынша зерделегенде ең көп қылмыс құқық қорғау блогында екені анықталған. Одан кейінгісі – құрылыс саласы. Білімде – 8, денсаулық сақтауда – 7, салық және жер қатынастары салаларында 3 қылмыстан тіркелген. Негізінен, мемлекеттік сатып алу, субсидиялар беру, тариф белгілеу, мәдени іс-шаралар өткізу, спортшылардың жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысуы, мүгедек адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету барысында жемқорлық жағдайы болып жатады екен. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жаңадан енген заңсыз материалдық сыйақы алу жағдайы және бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау бойынша да бірқатар лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «Сыбайластыққа жол берген 29 тұлға әшкереленді. Оның 2-еуі – облыстық, 1-еуі – аудандық деңгейдегі басшы, 16-сы сотталды. Күдіктілердің 40 пайыздан астамы мемлекеттік органдардың басшылары», – дейді Т.Серікбаев. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып белгіленгенін атап өткен департамент басшысының орынбасары тіркелген қылмыстық істер бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекет кірісіне 1 млрд 607 млн теңге өтелгенінен хабардар етті. Пандемия кезеңінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға байланысты кешенді алдын алу жұмысына баса назар аударылып, мемлекеттік органдар және қоғам белсенділерімен бірлесе отырып, 8 айда 1 500-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бүкіл қоғамды тарту мақсатында оған мемлекеттік қызметшілер мен жастарды, кәсіпкерлерді, дін және этномәдени бірлестік өкілдерін, белгілі адвокаттар және заңгерлермен жұмыс жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. «Департамент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін азаматтармен тығыз байланыста жұмыс атқару маңызды. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін тұлғалар үшін заңнамалық түрде біржолғы ақшалай сыйақы белгіленген. Мәселен, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 11 тұлға көтерме сыйақыға ие болды. Олар 2 млн тенге мөлшерінде сыйақы алды», – деп атап өтті Т.Серікбаев. Сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ұсынысымен 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. «Ұжымдардағы жемқорлықты жою бойынша шараларды қабылдамағаны үшін мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының жауапкершілігі туралы мәселені көтеретін боламыз», – деді ол. Департамент басшысының орынбасары кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау маңызды бағыттардың бірі екенін еске салды. Кәсіпкерлікті кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Protecting Business and Investments, яғни бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы іске асырылған. Жыл басынан бері 15-тен аса кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қалпына келтіріліпті. Байқап отырғандарыңыздай, сыбайластыққа баратындардың басым бөлігі құқық қорғау органдарында белгілі болған. Сонда құқығымызды қорғайтын сала өкілдерінің өзі осындай былыққа батып отырса, өзгеден не сұраймыз?! «Ет сасыса, тұз себерсің, ал тұз сасыса, не себерсіңнің» кері ғой...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы