Мол астықтың игілігін кім көреді?
Мол астықтың игілігін кім көреді?
283
оқылды

Биылғы астықтың көлемі былтырғыдай көп болмаға­нымен, сапасы анағұрлым жақ­сы. Бірақ диқандар осы ризықтың толықтай игілігін сезініп, бейнетінің зейнетін көре алмайтын түрі бар. Өйт­кені Үкіметтің кейбір шешім­дері астық өндіру саласын да­мытудан гөрі аяғын тұсау­лап тастаған секілді.

Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің 24 қыркүйектегі мәліметі бо­йынша, елімізде орташа өнімді­лігі гектарына 9,6 центнерден ай­на­лып, 14,8 млн тонна астық жи­налған. Оның 11,6 млн тоннасы бидай. Орылған астықтың 91%-ы сапасының жоғары 1-3 дәрежелі жұмсақ бидай түріне жатады. Төр­тінші дәрежелі бидай сирек, ал бесіншісі санаттағыны мүлдем жоқ десе де болады. Былтыр бұл 3-дәре­желі бидай 83 % болса, 4-5 дәрежелі және санаттан тыс бидай түрі 16%-дан асқан. Биылғы бидайдың қамырлығы 28% және одан да көп. Бұл қамырлылық құрамы бойынша әлемдегі ең жоғарғы сапа, біздің астықтың бәсін арттырып тұрған да нақ осы қасиеті. Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ бидайының ең үздік сұрыптарының қамырлылығы 20-24%, Ресейдің оңтүстігінде де қа­мыр­­лылық көрсеткіші осы ша­ма­лас, Англия бидайының қамыр­лылығы 18-20%-ға әзер жетеді. Сондықтан әлемдік нарықта қа­зақстандық бидайға деген сұраныс өте жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев егін орағы кезінде диқан­дарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің маңызына тоқтала келіп, ол жайында Үкіметке арнайы тапсырма бергенін жеткізді. Ол диқандардың егістік жұмыстарына қажетті заманауи техникамен қам­тамасыз етілуі және мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несиелерге қолы жетуі керегін айтты. Сондай-ақ бұл мәселені «Nur Otan» пар­тиясы бақылау комитеті ұдайы назарда ұстап отыратын болды.

Ұн экспортына шектеу көп

Премьер-Министр Асқар Ма­мин Үкімет отырысында «биыл құр­ғақшылыққа байланысты елі­мізде дәнді-дақылдардың шығымы азайғанымен, ішкі сұранысты ас­тық­пен толықтай қамтамасыз ете­міз және бидайдың экспорттық әлеуеті де бұрынғы деңгей – 6 - 6,5 млн тоннадан еш төмендемейді» деп көңілді жұбатқандай қылды. Ал бірақ ұн өндірісіне, оның экспор­ты­ның кемуіне құрғақшылықтың еш қатысы жоқ екені бесенеден белгілі. 2021 жылдың қаңтар-шілде ай­лары аралығында Қазақстан 749,1 мың тонна ұн экспорттаған. Ақ­шаға шаққанда ол 207,6 млн дол­лар. Яғни, ұнның сыртқы нарық­тағы сатылымы көлем бойынша – 11,5%-ға, ақшаға шаққанда 12,1%-ға арзандаған. Ең көп экспорт Өз­бекстанға тиесілі (179 мың тонна), одан кейін Тәжікстан (32,3 мың тонна) және Қырғыз Респуб­ликасы (22,3 мың тонна). ТМД-ның құра­мына енбейтін мемлекеттерге 487,9 мың тонна жіберілді, ол былтырғы көлемнен 8,6%-ға кем. Оның 64,9%-ын Ау­ғанстан сатып алды. Шынтуайтында, ұн өндіру сек­торындағы жағдайдың құрдымға батып бара жатқаны бірінші жыл емес, оған тіпті биылғы қуаншы­лық­тың да, кейінгі екі жылғы ін­дет­тің де тигізген кесапаты ша­малы. 2000 жылдардың басында Тәжікстан экспорттық ұнға 18% және бидайға 10% қосымша құн са­лығын қосқанда біздің ұн өндіру­шілер тәжік нарығын жоғалтты десе де болады. Мысалы, 2008 жылы Қазақстан Тәжікстанға 450–500 мың тонна ұн өткізсе, 2012 жылы оның көлемі 50 мың тоннаға дейін құлдырап кеткен. Ал бидай экспорты керісінше, ұлғайып 1 млн тоннаға жетті. 2013 жылы нарық заңдарына қайшы мұндай әдісті Өзбекстан да қолданды. Олар өздерінің ұн өңдеу кәсіпорындарын дамытуды қолға алды, экспорттық өнімдерге қойылатын салықтарды көбейтті. Сөйтіп біздің республика оңтүстіктегі көршілерге дайын өнім­дерді жеткізуді бірте-бірте азайтып, шикізат беруші елге ай­налып барады. Өзбектер мен тә­жік­тер қазақтың ұнын емес, негі­зінен бидайын ғана сатып алатын болды. Өзбекстанда судың, энергия көздерінің тарифі арзан, сон­дықтан ұн өңдеу құны төмен. Қазір ала шапанды ағайын қазақ бидайынан ұн өндіріп, онымен тек өзінің ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әрі қарай ұзатып, Ауғанстанға экспорттайтын болған. Мәселен, Өзбекстан ұны­ның экспорттық бағасы – 16 дол­лар, ал Қазақстандыкі – 53 доллар. Тиісінше олардың ұны бізге қара­ғанда 30 долларға арзан. Сондықтан ауғандықтар «өзбекстандық» ұнға қызығушылық таныта бастаған.

Күмәнді квота қол байлады

Ал Ауыл шаруашылығы экс-министрі Сапархан Омаровтың былтырғы ұн экспортын квоталау туралы шешімі жығылған үстіне жұдырық болып тиді. – Бұрын барлық отандық өн­дірушілердің ұн экспортына шек­теу қойылмайтын, енді мұндай рұқсат тек белгілі бір компанияларға және бекітілген көлем бойынша ғана берілетін болды. Соның салда­рынан бірталай ірі өндірушілер диірмендерін жауып, тек бидай сатуға көшкен. Өйткені экспортқа ұн өндіріп шығарғаннан гөрі таза бидай тасымалдаған көп тиімді әрі машақаты аз,– дейді аграрлық сарапшы Кирилл Павлов. Ол аздай, енді 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Үкімет бірінші сұрыпты ұнды биржалық тауарлар тізіміне енгізді. Бұл қадам тұралап жатқан ұн тарту кәсіпорнына тағы бір төтеннен келген соққы болып тиді. Оның шарты бойынша отан­дық ұн өндірушілер өз тауарын тек биржалық алаңдарда аукцион арқылы саудалауға міндеттелді. Ал біздің ұнды тұтынушы көршілес Азия елдері мұндай жаңашылдыққа дайын емес еді, сондықтан олар бұл саудалардан тыс қалды. Ал басты импорттаушымыз Ауғанстанның электронды саудаға қатысатындай базасы да, жүйесі де, кадрлары да жоқ еді. Тіпті, көпшілік ауған дү­кендерінде интернет те жоқ. Соның салдарынан ауғандықтар өзбек ұнына ауысып барады. Жоғарыдағы жайттарға бай­ланысты елімізде ұн өндірісі күрт кеміді. Егер 10 жыл бұрын Қазақ­стан әлемдегі ұнның алдыңғы қа­тарлы экспорттаушысы болса, қазір бұл сала мүлдем құлдырап кет­кен. Ол кездері елде 1 300 диір­мен болса, қазір тек 270-сі қалған. Оның ішінде белсеніп жұмыс істеп тұрғандарының саны 120-дан аспайды. Бұл ішкі нарықты ғана емес, барлық көршілерді де ұнмен қамтамасыз етуге қабілеті жетер еді. Алайда өкінішке қарай респуб­лика аумағындағы диірмендер жеткілікті мөлшерде бидай сатып ала алмай, толық өндірістік қуатты­лықтарында жұмыс істемейтін болды. Диірмендердің көпшілігі не тоқтап қалған, не банкротқа ұшы­раған. Кейбіреулері тек 30% жүк­темемен жұмыс істеуге мәжбүр.

Азық-түлік тағы қымбаттауы мүмкін

Қазір бидай ерекше қарқынмен және көп көлемде экспортталып жатыр әрі оның бағасына бақылау жоқ. Азық-түлік корпорациясы ди­қандардан 3-дәрежелі бидайдың әр тоннасын 103-тен 107 мың тең­геден сатып алады. Ал 4-дәрежелі бидайға – 98 мың теңге, 2-дәрежелі арпаға 87 мың теңге баға белгілеген. Дегенмен астықтың үшінші дәре­же­сінің бағасы қазірдің өзінде 115 мың теңгенің үстіне шыққан. Сарапшылар бидай құнының бір апта ішінде 7 мың теңгеге өс­кенін айтады. Сұраныс ұсынысты тудыратыны белгілі, сондықтан алдағы күндері де астық экспорты толастамасы анық. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, келесі жылы біздің өз диірмен­де­рімізде тартатын ұн мүлдем болмай қалуы мүмкін. Қазақстанда қазірдің өзінде азық-түлік бағасы «ұшынып» тұр, тіпті кейбір өңірде тапшылық байқалады. Ұн жылдық динамикада 11,1%-ға қымбаттады. Әсіресе, Жам­был (23,4%-ға) және Солтүстік Қазақстан (21,3%-ға) облыста­рын­да, сондай-ақ Алматыда қымбат­шы­лық (17,3%-ға) қатты. Бағаның ең төменгі жылдық өсімі Батыс Қазақстан облысына тиесілі – 0,9%. Егер 2020 жылы бір тонна би­дайдың құны 75 мың теңге бол­са, қазір 115 мың теңге. Ол 130 мың­ға дейін өседі деп болжанып отыр. Демек, ұнның бір тоннасы 173 мың теңгеге жетпек. Егер астық құны шартты түрде 20%-ға өссе, онда нанның құны ең көп дегенде 3%-ға қымбаттайды. Өйткені оған көптеген басқа компоненттер әсер етеді – электр энергиясы, су, май, қаптамасы және т.б. Қуаңшылыққа байланысты барлық өңірлер малдың жемшө­бінен таршылық көріп жатыр. Егер біздің диірмендер жүз пайыз жүк­темемен жұмыс істейтін болса, біз­дің бидай шетелге шикізат ре­тінде сатыла бермей, өзімізде түбе­гейлі өңделсе, кебек те көп мөл­шер­де өндіріледі. Жемшөп те кө­бейер еді. Қазіргі қалыптасып отыр­­ған осы жайттардың бәрі қо­сыла келіп, күмәнді ойларға жете­лейді. Сарапшылар жаңа жылдан кейін ішкі нарықты азық-түлікпен қам­тамасыз ету тіпті қиындап кететінін, келесі көктемге қарай нанның бағасы 140-150 теңгеге жетуі мүмкін екенін айтады. Бұл жағдайда халық қалай күнін көр­мек, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал қорғалатын санаттағы жандар­дың тұрмысы қалай болмақ? Сонда төрт түлікті өсіруге және астықтың ең үздік сұрыпын өндіруге болатын мынандай ұлан-ғайыр жеріміз бола тұра, өз қолымыз өз аузымызға жет­пей жатқанын қалай түсінуге болады? Бұл енді ешқандай ақылға сыймайтын құбылыс!

Дәулет АСАУ