Атырау климаты соңғы жылдары адам мен малға жайсыз болып тұр. Адам экологиядан, төрт түлік мал жауын-шашынсыз ауа райы, жердің эрозия болуынан зардап көріп келеді. Өзен суының тартылуы, көлдердегі заңсыз бөгеттерден жайылымдық жерге су жетпей құрғақшылық болуы шаруа қожалықтарына қиындық туғызып отыр.
Атырау өңірінде биыл қуаншылықтың салдарынан туындап отырған қиындық көп. Шалғыға ілігетін шөп тапшы. Бұл мәселені шешу мақсатында жергілікті атқарушы билік Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысы әкімдіктерімен меморандумға отырды. Нәтижесінде, атыраулық шаруа қожалықтарына екі облыста белгіленген аумақтардан қыстық қорды дайындап алуға рұқсат етіліп, қазір жұмыстар басталып кеткен. Аймақта қысқы жемшөп дайындауда мәселе барын Ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығы ашық айтып отыр. Ресми дерек бойынша, 2021-2022 жылы мал қыстағына 183 981 бас мүйізді ірі қара , 591 291 бас қой-ешкі, 95 394 бас жылқы және 33 265 бас түйе малы түседі деп жоспарланған. Облыс бойынша қажетті ірі сабақты мал азығы – 573 700 тонна. Былтырдан қалған ірі сабақты мал азығы 22 100 тоннаны құрап тұр. Биыл 551 600 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалу қажет. Осы дайындалатын ірі сабақты мал азығының 358 мың тоннасын шаруа қожалықтары өз аумақтарынан дайындап жатыр. Ал 193 600 тонна мал азығын басқа облыстардан келісімшарт арқылы жер алып және дайын ірі сабақты мал азығын сатып алады. Қыс мезгілінде тарықпай шығуға қажетті 551 600 тонна мал азығының облыс бойынша қазіргі дайындығы 80 пайызды құрап отыр.ШАРУАЛАР ҚЫСТЫҢ ҚАМЫНА КІРІСТІ
Мал азығы Батыс Қазақстан облысының көрші аудандарының жерлерінен және Ақтөбе облысы көршілес ауданы жерлерінен дайындалады. Осы облыстардан әкелінетін мал азығы, яғни 1 рулон шөптің құны 10-12 мың теңге аралығында, ал тюк (пресс) 800-1000 теңге аралығында сатылып жатыр.Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Сағидоллаұлының айтуынша, өткен жылы ірі сабақты мал азығын дайындаған шаруа қожалықтарына Ауыл шаруашылығы министрлігінің 17 шілдедегі №229 бұйрығына сәйкес ірі сабақты мал азығын дайындауға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу үшін облыс әкімінің қолдауымен 298 шаруашылық пен шаруа қожалығына 698 млн теңге субсидия берілген. «Биыл да осындай мал азығын дайындаушыларға 400 млн теңге субсидия бөлініп отыр. Дегенмен бұл қаражат мынадай құрғақшылық мезгілде ірі сабақты мал азығын дайындауға кеткен шаруашылықтардың шығындарын өтеуге жетпейтіндіктен, қосымша 400 млн теңге қаражат жергілікті бюджеттен бөлуге қыркүйек айындағы мәслихат сессиясына ұсыныс беріліп отыр», – дейді басқарма басшысы.Атырау өңірін түгелдей тақыр дала деп айтуға болмайды. Айталық, Қызылқоға, Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандарының сайын даласында көктем-жаз айларында көз қуантар көк шалғын болады. Алайда жаздың аптап ыстығы өз үстемдігін жүргізіп, шөптер қурап, тіпті өрт шалу оқиғалары болып тұрады. Жергілікті тұрғындар «Қураған тақыр далалы» Исатай ауданы басқа өңірлермен салыстырғанда өндірістік аймақ болғандықтан, жайылымдық жерлері шөлейтті болып келеді. Соған қарамастан биыл Нарын құмы өңірінде жаңбыр түсіміне қарай шөп жылдағыға қарағанда жақсы шыққан. Сондықтан ол жердегі шаруа қожалықтарының несібесі артып, қысқы мал азығын өздері дайындап алудың қамына кіріскен. Исатай ауданында 293 шаруа қожалығы тіркелген. Ауданда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4,5 млрд теңгені құрап отыр. Жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары бойынша мал қыстағына қажетті 78,1 мың тонна пішеннің 74,5 мың тоннасы қазір дайындалып жатыр. Өткен жылдан қалған 3,6 мың тонна мал азығы бар. Мал азығының 60 пайызы көршілес Батыс Қазақстан облысынан 1 рулоны – 9-12 мың теңгеден және Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан 1 рулон шөп бағасы 8-9 мың мал азығы тасымалданып, 40 пайызы ауданның аумағында құм өңірі мен теңіз жағасында дайындалады. Теңіз жағалауынан дайындалған пішен бағасы 3 500- 4 500 теңге аралығында шабындық басынан сатылады, ал елді мекендерге қашықтығына байланысты 5 және 7 мың теңге аралығында жеткізіп беріледі. Ауданның 35 пайыз төрт түлік малы Нарын құмы өңірінде орналасқан. Биылғы көктемгі мезгілде жауын-шашынның жерге мол түсуінен құм өңірінде мал азығы жылдағыдан жақсы деңгейде. Қысқы мал азығына да сол өңірден қыркүйек айының басынан бері шабу жұмыстары басталды. Қалған 65 пайыз төрт түлік мал қатқылда тіркелген. Бұл өңірдегі малдың бір бөлігі Каспий теңізі жағалауында, енді бір бөлігі аудан аумағында, канал жағасында жайылады. Сайып келгенде, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ирзағалиевтың «Нарын құмы аумағы малдың жайылымдық жеріне құтты мекен» деуінде негіз бар. Сол құтты бағалауды біле алғандар ғана нәсібін мал бағудан көріп отыр. Айтарлығы есептік мерзімде 734,6 гектар лимандық алқаптарға (көлтабандар) 15 шаруа қожалығы суару-суландыру жүйелерінен су шығару арқылы табиғи шабындықтарды пайдаланып, мал азықтарын дайындау жұмыстарын да бастап кетті. Үкімет тарапынан каналдардан су алғаны үшін кеткен шығынның 85 пайызына дейін төлеу қарастырылған. Қазір шаруалар жеңілдікті пайдаланып отыр. Биылғы аптап жаздың мінезін көрген шаруалар мал азығын жеткілікті дайындап алуға асығады. Тіпті, аудан аумағында жепшөппен қамту мәселесін ұйымдастыру үшін арнайы штаб та құрылған. Жыл басынан бері «Қазақстан темір жолы» тасымалы арқылы ауданға 300 тоннадан астам жем түрі жеткізілген. Қалған бөлігі автокөлік арқылы тасымалданған. Аудандағы 10 аралас дүкендерде 80 тонна, қоймалары бар шаруа қожалықтарында 110 тонна жем түрінің қоры бар. Сұранысқа ие кебек жемінің орташа бағасы 1 келісі 95-105 теңге аралығында сатылады.
Сондай-ақ жергілікті кәсіпкер Жанбай ауылының дүкендеріне кебек жемін көтерме бағамен 1 келісі 90 теңгеден жеткізіп, дүкендерден 100 теңгеге дейінгі бағамен сатылады. Оған қосымша Исатай, Зинеден ауылдық округтерінде кебек жемінің 1 келісін 90 теңгеден сатқан. Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Сағидоллаұлының айтуынша, шабындық тапшылығы Жылыой ауданында да байқалып отыр. Бүгінде аудан бойынша 39 862 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалды. Бұл мал қыстатуға қажетті шөптің әзірге 76,5 пайызын құрайды.Кеңес Одағы кезінде бұл өңірлерге мал қыстату, қоныстану шаруашылықтар мен жеке малшылар арасында талас-тартыс туғызатын. Қазір осы жерлердің көпшілігі бос жатыр, пайдаланылмайды. Оның себебі облыста мал басының азаюы, бұрынғы жайылымдық алқаптарда тұщы жерасты су көздерінің сарқылуы және экологиялық, антропогендік факторлар әсерінен болып отыр.
МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ҚЫМБАТҚА ТҮСПЕК
2021 жылы аудан арқылы ағатын Жем өзені суының мөлшері жылдағы көлемінен өте аз болып, ауданға қарасты мал азығын дайындайтын көлдерге су жайылмай, жаз айларының ыстық болуына байланысты ірі сабақты мал азығын дайындау шаруа қожалықтарына қосымша қиындықтар туғызып отыр. Осыған байланысты кейбір шаруашылықтар көршілес Қызылқоға, Байғанин, Қобда аудандарынан мал азығын дайындап жатыр. Қызылқоға ауданынан 20 мың гектар шабындыққа жер бөлініп, 8 шаруа қожалығы шөп шауып, тасымалдап жатыр. Сонымен қатар Қобды ауданынан 1,8 мың гектар жер бөлініп, 2 шаруа қожалығы шөп шабу жұмыстарын жүргізеді. Жеке кәсіпкерлер Байғанин, Ойыл, Темір, Қобды аудандарынан сатып алып, аудан тұрғындарына 1 руллонды 11-13 мың теңгеден, 1 түкті 1 000-1 200 теңгеден сатады. Төрт-түлік малға қажетті ірі сабақты мал азығын дайындау қазан айына дейін жалғаса беретіні сөзсіз. Зерделеп көрсек, мал азығының қымбаттауы ет бағасының шарықтап кетуіне себеп болып тұр. Атыраудың көтерме базарында жылқы етінің 1 келісі – 2 500, сиыр еті – 1 950 теңге, қой еті 2 100-2 300 теңгеден. Еттен өзгені тағам көрмейтін тұрғындар амалы жоқтан етті сатып алуға мәжбүр. Ал жемшөп бағасын тұрақтандырмай, ет бағасы да тұрақталмайтыны сөзсіз.Үйінде сиыры мен қойы бар отбасылар үшін қысқа мал азығы қорын дайындау өте қымбатқа түскелі тұр. Айталық, исатайлық тұрғын Жантемір Ізбасардың жем-шөп дайындап алатын дәрмені де, ақшасы да жоқ. Сондықтан ірі қара малды сойып, ақша етіп, ұсақ малды қыстан аман алып шығуға белді бекем буып отыр. «Ірі қара малды ұстау қиын. Жылқыларымыз жоғалып, түйеміз өрістен келмей қиналып кетеміз. Биыл мал азығы қымбаттады. Ірі қара малды сойып, қой-ешкілерге жем алып, жан сақтамасақ болмайды. Аудан көлемінде жайылымдық жер жоқ. Биыл, тіпті жауын болмады. Отбасын асырау үшін, құнарлы тағам жейік деп баққан малдарымыз арықтамай тұрғанда пұл болғаны жөн», – дейді шарасыздықтан Ж.Ізбасар.Қуаншылықты өңір тұрғындарының басты проблемасы – шалғыға ілігетін шөптің болмауы. Дегенмен бұл мәселені жергілікті жұртшылық қолдан жасап отырғандай. Айталық, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ирзағалиевтың айтуынша, облыс аумағының 80 пайызы жайылымдылық және шабындық жерлер. Бұл ауқымды алқаптарды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті.
«Кейінгі жылдардағы дерек бойынша, облыстағы барлық санаттағы құрылым мен қосалқы шаруашылықтар аталған алқаптардың 35-40 пайызын пайдалануда. Олардың көп бөлігі құмды және сазды жерлерге, шөл және шөлейт аймақта орналасқан. Әсіресе, Нарын бойындағы жерлердегі мал жайылымдары ежелден бері мал жаюға құтты мекен болып келген. Кеңес Одағы кезінде бұл өңірлерге мал қыстату, қоныстану шаруашылықтар мен жеке малшылар арасында талас-тартыс туғызатын. Қазір осы жерлердің көпшілігі бос жатыр, пайдаланылмайды. Оның себебі облыста мал басының азаюы, бұрынғы жайылымдық алқаптарда тұщы жерасты су көздерінің сарқылуы және экологиялық, антропогендік факторлар әсерінен болып отыр. Кейбір шаруа қожалықтары малдарын шалғай, құнарлы жайылымдарға шығаруға көңіл бөлмейді. Бүгінде заманауи мал шаруашылығын қарқынды дамыту үрдісінде ежелгі бабалар әдісінің ескерілмеуі өкінішті. Ал қысы-жазы бір орында отырғандықтан, жер тозып, мал азықтық өсімдіктің түрі азайып, жайылымдар шаруашылық айналымынан шығып, жаппай эрозияға ұшырап жатыр», – дейді ғалым.«Дина» базарында ет қымбатшылығына байланысты пікірталасқа қатысқан Нұрмұхан Қисметовтің де пікірі ғалымның пайымымен үндесіп тұр.
«Біз 80-жылдары ірі қара мал ұстадық. Әкеміз малды жауын молырақ жауған Нарын құмы аумағына өріске жайғызатын. Сол кездегі малдың етінің дәмі бөлек. Сол малдың сүті мен ірімшігіндей тағамды азық етпегелі көп болды. Қазіргі шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар малын көз ұшынан ұзатпай отыр. Соның кесірінен топырақ тозады. Менің жеке пікірім, малдың арықтығы, еттің қымбаттауы секілді проблеманың бастауы, кейінгі мал ұстаған жандардың ата-бабалардың жерді пайдалану тәсілін меңгермегенінен», – дейді Н.Қисметов.Бұған ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен шаруа қожалықтары иелері де еш уәж айта алмасы анық. Күні ертең қазан айы туады. Бүгінде жауын-шашыны мен құйынды топырағы аспанға көтеріліп, есті алып тұрған Атырау өңірінің төрт түлік малының азығы артығымен дайын болмаса, келер жылдың көктеміне дейін мал көтерем болары сөзсіз. Сондықтан қазір өңірде мал азығын дайындауда жанталас болуы заңдылық. Жанталастың алдын алудың бір жолын мал ұстаған малшы мен ғалым айтып тұрғанда, соны іске асыру қиын болмас...
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы