Қала жұрты жәрмеңке дегенде азық-түлікті арзан бағада алып қаламыз деп қапы қалмауға тырысады. Әсіресе, ауыл жақтан ет аламыз деген қарапайым халық қарақұрым болып жанталасатыны рас. Дегенмен базарлар мен жәрмеңкелерде соңғы кезде сапасыз ет алып, салы суға кеткендердің қатары жиілеп тұр.
Редакцияға жүгінген қала тұрғындарының бірі жағымсыз иісі шығып, жарамсыз болып қалған қызылды тексертейін десе, тиісті ветеринарлық зертханалар қабылдамай қапа болғанын айтады. Жәбірленуші ветеринарлық зертханадан, аумақтық инспекцияға одан сараптамалық орталыққа сілтеген соң бір мекемеден екіншісіне барып амалы таусылған соң жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқанын жеткізді.Ет жарамсыз болып қалған
Жаздың соңғы күндері болған облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде ет сатып алған Гүлия Орманбаева да (аты-жөні өтініші бойынша өзгертіліп алынды) әуреге түскен жандардың бірі. Жәрмеңкеден арзанға алған он келіден астам еті асуға жарамай, ақыры итке беруге мәжбүр болыпты. Ал қалалық ветеринарлық зертханаға барғанымен, ондағылар етті тексеруге қабылдамай қойған. «28 тамыз күні жәрмеңке болатынын естіп, ет алмақ болып, елмен бірге мен де жәрмеңкеге бардым. Етті сатқандар Астрахан ауданы Колутон деген ауылдан келіпті. Сатып алған кезде еттен біртүрлі иіс шыққан. Бірақ олар «Семіз ет осындай болады. Қайта сіз арзанға алып жатсыз», – деп етін өткізіп жіберді. Үйге апарып кесіп бөлген кезде де келінім біртүрлі иіс шыққанын айтты. Ойда ештеңе жоқ, сөйтіп мұздатқышқа салдық. Арада екі аптадай өткенде үйде жөндеу жұмыстарын жасайтын адам келіп, ет аспақ болдым. Алған етім 6 сағат қойсам да піспей, тіпті үйдің ішіне жағымсыз иіс шығып, сасып кетті. Болмаған соң асқан етімді түгелдей итке беріп, басқа ет асуға мәжбүр болдым», – дейді Гүлия Орманбаева. Жәбірленуші осыдан кейін қалалық ветеринарлық зертханаға барып алған етін тексертпек болған. Бірақ ондағылар етті қалалық аумақтық ветеринарлық инспекцияның рұқсат қағазымен арнайы өкілі келгенде ғана тексеретінін айтып, қабылдамаған. Ал инспекцияда алғашқыда ілеспе құжат беретінін айтқанымен, кейін айнып, сараптамалық орталыққа баруға жөн сілтеген. «Ветеринарлық зертхана мамандары етті тексеруден бірден бас тартты. Көшеден алып келген етті олар тексере алмайтын көрінеді. Әрі өздері жәрмеңкеден мүлдем ет алмайтындарын ашық айтты. Олардың айтуынша, жәрмеңкеге келетін ет жөндеп тексерілмейді. Маған қалалық аумақтық ветеринарлық инспекциядан қағаз алып, келу қажет екенін айтты. Содан баламмен қалалық ветинспекцияға бардық. Өзін Жанар деп таныстырған инспекция маманы алғашқыда дұрыс келгенімді, жұмыс аяғы болғандықтан, бүгін болмайтынын, ертең сағат 11-де келіп ілеспе құжатпен бір маманды зертханаға бірге жіберетінін айтып, күте тұруымды сұрады. Бірақ одан кейін телефонымен біреулермен бір сағаттай сөйлесіп, етті қабылдай алмайтындарын айтты. Мені одан әрі Құдайбердиев көшесіндегі сараптамалық орталыққа сілтеді. Бірақ баламның жұмысы болып, онда бара алмадық. Кейін өзім де ауырып, ол жерге бара алмадым. Бұл жерде бір шикіліктің бары анық», – дейді Гүлия Орманбаева.Малдың тамағына дәрі қосып семіртетіндер бар...
Жәбірленушінің айтуымен тағы да ет алып әуреге түскендердің бірімен тілдестік. Оның айтуынша, бір аяғы сынған малды танысы болған соң аяп, бір бөлігін сатып алған. Бірақ кейін бармағын шайнапты. «Тұтастай бір сан етін сатып алдым. Мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Ет базарына барып, қасапшылардың арасымен етті бөлгіздік. Бірақ еттің арасы түгелдей жап-жасыл ірің болып шықты. Барлық етті түгелдей итке тастадық. Өкінішке қарай, етті дәрілеп семіртетіндер көбейіп тұр. Бәріміз етті базардан алуға мәжбүрміз. Ал оның қандай ет екенін, қалай сойылғанынан ешкімнің хабары жоқ. Жәрмеңке мен базарға ет базардан жеткізіледі. Ал ауданнан тамыр-танысы арқылы етке құжат жасатып алатынына ешкім кепілдік бере алмайды», – дейді Шолпан Ысқақова есімді қала тұрғыны. Жәбірленушілердің айтқанымен облыстық ветеринарлық инспекцияның басшысымен де тілдестік. Бірақ ол жәрмеңкеде сатылатын еттің барлығы ауданнан тексеріліп келетінін, ал жәрмеңке кезінде де зертханалық тексеріс болатынын айтып азар да безер болды. «Жәрмеңкеге әкелінетін еттің барлығын әрбір аудандағы ветеринарлық мамандар тексерістен өткізіп, құжат береді. Ал қалада ауданнан тексеріліп келгендіктен, текеріс жүргізілмейді. Бізге осы кісіден басқа ешкім ет бойынша шағымданған емес. Аудандардан 27 тоннадан астам ет әкелінді. Шағым берсе, біз тексеріс жүргізетін едік. Енді бұл адамға еттің дәл сол жәрмеңкеден алғанын дәлелдеу қиын. Аумақтық инспекцияға да арыз жазбаған. Ал арыз жазылмаған соң біз қалай тексеріс жүргізе аламыз? Ветеринарлық зертхана егер аумақтық инспекциядан ілеспе хат болса ғана тексере алады», – дейді Ақмола облысы аумақтық ветеринарлық инспекцияның басшысы Серік Ризұлы.P.S. Ауылдағы кәсіпкерлер мен шаруалар үшін де әрі қала жұрты үшін де жәрмеңкенің болғаны жақсы. Алайда жәрмеңке болғанымен, оған да бақылаудың қатаңдығы қажет сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы