Тірі күйік

Тірі күйік

– Мияу! Үсті-бастары алба-жұлба, көздері шапыраштанып төбелеріне шығып кеткен, әлденеге үрейленген адам сияқты жан-жақтарына алақ-жұлақ қарайтын бір топ жас осы сөзді естіген соң командирінен бұйрық алған жауынгерлердей қалтарысқа топтана қалды. Әп-сәтте көздері ежірейіп, беттері бедірейіп бір-біріне жалтақ-жалтақ қарасты. – Мияу-мияу! – Тұз! – Кристал! – Меф! – Бәрі де табылады! Тек теңгелерін түгел ме?-деді ұры тазыдай жылмыңдаған біреу. – Табылады! – Табылады! Жиналғандар ұлардай шулады. Жарылқаушы жымысқы күліп, жинал­ғандарға жан кіргізер «жыбырлауық» таратты. Бетінің қан-сөлі жоқ жастар жарылқаушы таратқан уды тамырларына шприщ арқылы енгізіп, көздері аларып, естерінен танып жатты. Олардың араларында он екіде бір гүлі ашылмаған 16 жасар қыз да бар еді. Ол синтетикалық есірткі «мефедронды» иіскеген болатын. Жанындағы достары оған көмек берудің орнына мазақ етіп, ведиоға түсіріп жатты. Біреулері шешесі ұл тапқандай шаттанып, бар дауысымен айқайлай» салды. Жер тоқпақтап, айналаны у-шуға толтырып жатқандары қаншама! Осы кезде оның жанынан бір қария өтіп бара жатты. Ол мына көрініске күйініп кетті-ау шамасы, қалт тұра қалып, қолындағы тая­ғың шошандатты. Оны көрген құтырын­ған жастар қартқа тап-тап берді. -Астапралла! Мынадай да сұмдық болады екен-ау! Уа, заман қайда барасың? Құдайдан: «Бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең шетінен топырлатып ала бер!» тілеуші едік. Тіл-ауызым тасқа! Сол тілекті қайталауға тура келіп қалды-ау, шамасы. Ия, Жаратушым! Өзің қолдай гөр! Мынадай қыздың барынан жоғы жақсы. Бұлар тірі күйік қой. Неткен тексіздік! Неткен күйік! Машайықтан қашайын,-деп кебісін сүйретіп, қиралаңдап қашып бара жатты. Сеніңіз, сенбеңіз, 2020 жылғы ресми дерек бойынша Қазақстанда есірткіге тәуелді 24 мыңға жуық адам арнайы есепте тұрған. Ал, бейресми дерек одан да жоғары. Қоғамдық ұйымдардың есебіне құлақ ассақ, 120 мың адам есіртінің шылауында. Статистикалық мәліметтер соңғы бес жылда есірткіге тәуелділер 35 пайызға төмендеді деп бөрікті аспанға атқанымен, бес жылда 19 мың қылмыс есірткімен байланысты болған. Сонда бөрікті аспанға несіне атамыз? Мамандар бүгінде елімізде синтетикалық есірткі саудасы өршіп тұрғанын алға тартады. Есірткінің бұл тұрі адам психологиясы санаулы секунттарда-ақ адамды айуанға айналдырады деседі. Құзырлы органдар синтетикалық есірткілермен күресуде дәрменсіздік танытып келеді. Жастар әлеуметтік желіде есірткіге онлайн арқылы тапсырыс беріп, оны арнайы «ұялардан» оңай алып кетеді. Бұл жөнінде олардың арнайы нұсқаулықтары бар. Статистика бойынша 2020 жылы елімізде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 800 қылмыс анықталған. 2021 жылдың жарты­жылдығыңда 645 құқық бұзушылық тір­келіпті. Күні кеше адвокат Евгений Яворский дабыл қақты. Оның айтуынша, Шымкентте наркокурьерлерге жасыл есік ашылған. Қаланың кез келген жерінде жарнамалар жарқанатша жарбиып тұр. Бұл жарнамаларға сенсек, сіз айына 300 мың теңгелік жұмысқа оп-оңай қол жеткізесіз. Евгений жарнама бойынша хабарласқанда арғы жақтағы жауапты адам «есірткі саудасымен айналысасыз» деп ашық айтыпты. Соған қарағанда, Шымкентіңізде нашақорлықпен және есірткі бизнесіне қарсы департамент басшылары ай қарап отыр ма дерсіз. Наркокурьерлер өздерінің таңбаларын қаланың кез келген жеріне қалдырып кетіп жатады. Мұны елеп жатқан тағы бір жан жоқ. «Қазіргі таңда жарнамалық листовкалар бойынша қылмыстық іс қозғадық. Полиция қызметкерлері аталған жәйт бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр» дейді Шымкент қаласы Абай аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Керімбек Сейдуалиев. Мына аласапыран заманда жастар түрлі психологиялық ауыртпалықтарға тап бола­тыны жасырын емес. Түршілік ету күннен күнге қиындап барады. Қымбатшылық қысып тұр. Жастар оқуға түсе алмайды. Түссе мамандығына сай жұмыс таппайды. Жұ­мысқа тұрудан Айға барып келген оңай заман. Сыбайластық, жемқорлық дендеп барады. Ал, байшыкештердің бағлан балалары шектен тыс айналайыннан бастары айналып, қарадай жүріп қызық іздейді. Оның түрлері көп. Сорақысы- жастар өмірдің қызығын , жан тыныштығын есірт­кіден табады . Бұған 11-15 жас аралығындағы балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты өтпелі кезеңнен өтетінін қосыңыз. Ата-анасы жан бағудың қамымен күндіз-түні жұмыста жүретін әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардың балалары осыдай шырмауыққа тез байланады. Сондай-ақ, заман ауанына орай жастардың өзіндік айналысатын хоббиі жоқ. Қызығушылықтары жоқ жеткіншектер желігіп, араласатын ортаның жоқтығынан ермек іздейді. Қолында бір-бір соткасы бар сотқарлар жанындағы жолдасының жағдайынан хабарсыз қалады. Міне, осы алшақтаулар жастардың психикасына кері әсер етеді. Содан барып синтетикалық «кристал», «тұз», «меф», «мияу-мияу» деген синте­тикалық есірткілерге үйірсектейді. Оның соңы белгілі. Осыларды ойлағанда түн ұйқың төрт бөлінеді. Біздің құзырлы органдар осы уақытқа дейін наркокурьерлерді неге еркінсітіп қойды десеңші. Бұл еркінсу жөнге келер дейміз бе әлде барлық мәселені теңге білер дейміз бе? Мияу!  

 Сабырбек ОЛЖАБАЙ