Қаламдастар қалжыңы

Қаламдастар қалжыңы

Төлен Әбдіковтің Орталық партия комитетінің аппаратында нұсқаушы боп қызмет істей бастаған кезі. Еркін жүріп, еркін сөйлеп, сезімдерін еркін білдіріп үйреніп қалған жазушыға орталық аппараттың темір тәртібіне үйрену оңайға соқпапты. Қызметке араласқанына бір ай өткен соң ол әдеттегідей портфелін көтеріп, кешкілік үйіне қайтып бара жатса үкімет үйінің қарсы алдында ай мен күндей әдемі қыз жылап тұр екен. Қызды көріп, Төлен оның қасына жетіп келеді. – Ой, айналып кетейін сенің көз жасыңнан! Он төртінші айдай толқыған жүзің қандай әсем еді! Таңғы шықтай мөлдіреген көз жасыңның әр тамшысы жүрекке қуат, жанға дәру ғой. Егер шаруаң болса мен осында қызмет істеймін, келіп жолығарсың. Ал, сау бол, жаным! Бір айдан кейін. Тағы да дәл әнеукүнгідей әдемі қыз жылап тұр екен. Төлен оның қасына келіп: - Девушка, вы по какому вопросу плачете? – депті. Тағы бір ай өткенде тағы да дәл сондай ідемі қыз жылап тұр екен. Төлен галстугін түзеп, оның қасына келіп: – Қарындас! Мына мекеме Орталық Комитеттің ғимараты. Бұл жерде тұрып жылауға болмай­ды. Ана-ау төменде, Ғылым академиясының алдында Шоқан Уалиханов алаңы бар. Сен сол жақ­қа барсаң, қанша жылай­мын десең де жылай беруіңе рұқсат. Сөйте ғой айналайын!

***

1980 жылдың қақаған қысында Өскемен орыс драма театрының бас режиссері Паршев телефон соғып, «Ректордың қабылдау күні» атты пьесамның премьерасы облыстық Партия Комитетінің кезекті бір жиналысы әдеттегідей театрда өтетін болғандықтан премьера жұмадан сәрсенбіге ауыс­тырылды. Тез жет! – деді. Бүгін күн сәрсенбі. «Ректордың қабылдау күні» менің драма­тургиядағы ең алғашқы пьесам. Оның үстіне тұңғыш рет орыс тілінде қойылғалы жатыр. Қалай да баруым керек. Ал, самолетке екі күнге де билет жоқ! Қысылғанда Төленге телефон соғатын әдетіміз. – Әй, Төке, маған Өскеменге не бүгінге, не ертеңге табан асты билет керек боп қалды. ЦК-ның кассасынан билет алып бере алмайсың ба? – Бар болса көрейін. Документің мен ақшаңды әкеп таста. Құстай ұшып барып паспортым мен ақшамды жеткізіп бердім. Көптен күткен телефон да шыр ете қалды. Төлен екен. – Тез келіп билетіңді алып кет, – дегені. – Өй, жарайсың, ақ шалым! Қазір барам! Қуанып билетімді қолыма алып қарасам, билет Өскеменге емес Шымкентке алыныпты. – Әй... Мына билет Өскеменге емес, Шымкентке ғой. – Сен өзің Шымкенттік емесің бе? – Шымкенттік болсам өмір бойы Шымкентке ұша берем бе? – Шынымды айтсам, Шымкент­тен басқа жаққа билет болмады. – Сонда мен билет болған жаққа ұша беруім керек пе? – Өзіңнің аулыңа барсаң сол жақтан бір бәле ғып Өскеменге ұшып кетерсің. Амалым таусылған соң аэро­портқа барып, еден жуып жүрген кемпірге бес сом бере қойып ем, мың болғыр сол кемпір Өскеменге баруға да, қайтуға да билет алып бере қойғаны.

***

Осы оқиғаны шыдай алмай Бексұлтанға (Нұржекеев) айтып беріп ем, жылағанның алдынан өкірген шығалы дегендей, ол зарлап кеп қоя берді. Ол да табан асты Семейге ұшатын боп, Төленге телефон соқпай ма. – Әй, Төке маған ойда жоқта Семейге ұшу керек боп қалды. ЦК-ның кассасынан билет алып бере аласың ба? – Болса көрейін. Документің мен ақшаңды әкеп таста. Беке ұшып отырып документі мен ақшасын Төленге жеткізіп береді. Ұзақ күткен телефон да шыр ете түседі. Төлен екен. – Билет ап қойдың ба? – Иә. Келіп алып кет. – Ой, жарайсың, ақ шал! Ұштым! Бексұлтан қуанып билетін қолына алып қараса – билет екеу емес, біреу-ақ екен. Онда да баратын билет жоқ, тек қайтуға ғана алыныпты. Түкке түсіне алмаған Бексұлтан дел-сал боп тұрып әрең тілге кепті. – Әй әпенде-ау, мен ол жаққа бармасам қалай қайтам?

***

Бір күні Төленнің үйіне барсам топырлап бес-алты жігіт жүр екен. -Әй, мына саусылдаған жігіттер қайдан жүр? – Оқуға түсуге көмектесесіз бе деп Торғайдан келген абир­туриенттер ғой. Оқуға түсе алмай бәрі ауылға түгелімен қайтып бара жатыр. – Оқуға келгендер төртеу деп ең, мыналар жетеу ғой. – Былтырғылар да қосылып кетіп бара жатқан жоқ па.

***

2000 жылдардың бас кезінде Төленнің жүрегі сыр беріп, кәдімгідей сырқаттанып қалды. Шетелге барып операция жасатпаса болмайтын көрінді. Дәрігерлердің бұл шешімін Президент әкімшілігі де қолдап, оның жүрегіне операция жасау үшін Германияның кардио­орталығымен келісіліпті. Екі жарым сағатта бітетін операция төрт сағатқа созылыпты. Ең қауіптісі – қара саннан алынып, жүрекке салынатын тамыр сәл ғана жетпей қалып, қайтадан қара саннан тамыр кесіп алыпты. Опе­рацияның ұзаққа созылуы сол себепті екен. Қойшы әйтеуір, бәрі сәтті өтіп, бір айдан соң ол елге оралды. Үш-төрт күн өткен соң Бексұлтан екеуміз көңілін сұрап қайтайық деп Астанаға ұшып келдік. Есіктің алдында бізді Күлән қарсы алды. «Шалыңның аман-есен келуімен» деп оны құшақтап, баянды болсын айтып жатырмыз. Аяқ киімі­мізді шешіп жатқанда Күлән: – Отағасы, достарың келді, - деп түпкі бөлмеге қарай дауыстады. Төргі бөлме жақтан Төлен көрінді. Жайшылықта мұрнының алдынан шыбын ұшып өтсе түшкіріп қалатын әздек Төлен, операциядан кейін тақияның төбесіндегі үкідей үлбірепті де қапты. Құшақтасып, көрісіп жатырмыз. Көзімізге жас та кеп қалды. Дастарқан басына жайғастық. Үйге кірген бетте-ақ Күлән: «Сен анекдот айтып, отағасына күлдіріп жүрме. Оған қазір күлуге де, қатты сөйлеуге де болмайды» деп мені ескертіп қой­ған. Дастарқан басында Германия­ның дамыған медицинасы жайлы, дәрігерлердің асқан білімділігі мен мәдениеті жайлы, оперцияның қалай өткендігі жайлы әңгіме болды. – Әсіресе, санымнан екінші рет тамыр кесіп алу қиынға соққан көрінеді, - деп жалғастырды Төлен. – Уақытты көп алып кеткен сол бопты. – Тамырды саныңнан алдырдың ба? – дедім ойыма әр бере түсіп. – Иә, дәл мына жерімнен, - деп ол санын сипай бастайды. – Бекер болған екен. – Неге бекер? – Сен баяғыда, моншаға барып жүрген кезіңде төменгі жағыңа үңіліп қарап көріп пе ең? – Білмеймін, есімде жоқ. – Білмесең есіңе түсір. Сол төменгі жағыңда адырайып-адырайып екі-үш көк тамыр тұрады. Сен соларды алдырып салуың керек еді. Сан деген саған жүруге керек. Ал, ана жақтың саған енді керегі жоқ! Бексұлтан қарқ етіп күліп жіберді де Күлән жетіп келді. Біз дым болмағандай күлкімізді тия қойдық.

***

Шымкентке барған сайын Марха­бат Байғұтов: «Досыңыз қалай?» деп сұрайды. Төленнің операциядан кейін денсаулығын сұрағаны ғой. – Жаман емес, - деймін жайбарақат. – Бәрі жақсы, бәрі тамаша! Операциядан кейін еліне барып, қайын­жұртында біраз күн демалып, санаторилерде қосымша ем қабылдап, құдайға шүкір, денсаулығын біршама жөндеп алды. Бірақ, баяғы ұмыт­шақтығы уақыт өткен сайын үдеп бара жатыр. Бір күні Күлән немересін балабақшаға апара жатып: – Төлен, кострюлді отқа қойып кеттім. Тамағың жылыған соң өзің құйып іше саларсың, – дейді де асығыс шығып кетеді. Күлән қайтып келсе үйдің іші көк түтін боп тұр екен. Кострюльдегі тамақ ысымақ түгілі түгел күйіп, үй өртеніп кете жаздап тұр екен. Төлен ас үйге баруды да, ысып тұрған тамақты ішуді де, газды өшіруді де мүлдем ұмытып кетіпті. Тағы бірде әйелі тығыз бір шаруамен қалаға шығып кеткенде Төлен өзінше пысықсынып, шай қойып іше қояйын деп шәугімді отқа қойыпты да сол бойы ұмытып кетіпті. Күлән келсе үй іші тағы да көкала түтін. Шәугім енді болмаса балқып кетердей қып-қызыл боп алаулап тұр. Сонан соң Төленді үйде жалғыз қалдыруға болмай­тынын біліп, Күлән балабақшаға оны да бірге алып кететінді шығарыпты. Үй болған соң тіршілік қамы біте ме? Тағы бірде тығыз жұмысы болып, Күлән Төленді үйде жалғыз қалдырып кетуіне тура кепті. Күлән қайтып келсе... бүкіл подьезд көк түтін. Бастарына каска киген өрт сөндірушілердің жүгіріп жүргенін көріп, жүрегі су ете қалады. Кешегіден қалған жарты қазан етті жылытып жей қоймақ боп газға қойған Төкең сол бойы тарс ұмытып кеткен ғой... Бір қызығы осының алдында ғана баласы Дархан (белгілі журналист) папасына келіп: -Папа, біз ақыры солтүстікке көшіп келдік. Менің ойым – Солтүстіктің дәстүрімен ағаш үй салу. Ол жөнінде құрылысшылармен келісіп те қойдым, – дейді. «Оның дұрыс болған екен» деп Төлен де қуанып қалады. Іштегі, сырттағы көк түтін басылып, өрт сөндірушілер тарап, көршілері сабасына түскен соң Төлен баласынан: – Кеше айтқан құрылыс­шыларың келетін болды ма? – деп сұрапты. – Келді. Келді де кетіп қалды, – деп жауап беріпті Дархан. – Неге? – Үйдегі көкала түтінді, өрт сөн­дірушілерді көріп: «Мынадай әкесі бар адамға ағаштан үй салуға бол­майды» деп кетті.

***

«Иә, досыңыз қалай?» деп сұра­ды Мархабат Байғұт Шымкентке тағы бір барғанымда. Әрине, әңгіме Төлен туралы екені белгілі. – Ой, бәрі жақсы, бірақ баяғы айтқан ұмытшақтығы ушығып барады. – Сонда қалай? – Қалайы сол, бір жаққа бара жатады да, кіре бергенде неге келе жатқанын ұмытып үйіне қайтып кетеді. – Жазып алып шықпай ма? – Жазып та алады. Бірақ, жазып алған қағазын да үйінде ұмытып кетеді. Ұмытшақтығы болмаса басқа тірлігінің бәрі орнында. Жақында бір қызық оқиға бопты. Өткен жолы айтқаным­дай, ден­саулығын жөндеп, диланып алған соң, баяғы жас кезі есіне түсіп... Келіншектерге телефон соға бас­тапты. Тіпті, біреуімен кездесетін де бопты. Кездесіпті. Шампан алып, шоколад аршып беріпті. Бәрі дұрыс. Сәлден кейін оны құшақ­тапты да. Ол да дұрыс адамның әре­кеті. Жарты сағаттан соң жарық­ты өшіріпті. Ол да дұрыс. Сонан соң келіншектің қасына жантайыпты. Жантайуын жан­тайып­ты да, неге жантайғаны есі­нен шығып, тұрып кетіпті. – Қайда барасың? – деген келін­шектің сұрағына: – Не істеуім керек екенін үйде қағазға жазып алып едім, соны оқуға тұрдым, – депті «Ұры мен Ұлының» авторы.

* * *

– Әй, Төке, мен тұрып жатқан жерді су алады деген сөз бар. Сол рас па? – Төтенше жағдайлар агент­тігінің мәліметі бойынша жуық арада қалада су тасқыны болмайды. Алып-қашты сөзге ере берме, ресми хабарға сен. Кейірінек хабарласам. Өзіңде боласың ба? – Иә, өзімде болам! Жарты сағат өткен соң. – Әй, Төлен-ау, әлгі қауесет дұрыс боп шықты. Тау жақтағы тоғанды бұзып, тасқын тура біз тұрған жаққа бұрқырап ағып келе жатыр,- дейді. – Өй, сен де паниковать ете береді екенсің. Қазір мен барып, анығын білейін. Өзіңде боласың ба? – Болам, болмағанда қайда кетем! Тағы жарты сағаттан соң. – Төке, ресми хабарың өтірік боп шықты. Таудан шыққан тасқын біздің жоғарғы жағымыздағы үйді қираттып кетті. Енді не істейміз? -Күйгелектенбе! Қазір ғана мен Орталық Комитеттің хатшысымен сөйлесіп шықтым. ЦК-ның қаулысы бойынша сенің үйіңді су алмайтын болды. – Ей, сен қызықсың! Таудан аққан сел ЦК-ның қаулысын қай­теді? Одан да біздің үйдің қары­сысына тосқауыл қоюды ойлас­тырмайсыңдар ма? – Бәрібір қаулының нәтиже­сін күтеміз. Өзіңде боласың ба? – Болам, болам! Жарты сағаттан соң біздің үйді тас­қын басып, су үшінші қабатқа жетті. – Әй, Төке! Әлгі қаулыңды тасқын­ның тыңдайтын түрі жоқ. Су үшінші қабатқа көтерілді. Қазір біздің үй суға кетеді. – Солай болады ма деп ек! Қазір мен Шайжүнісовке тағы кіріп шы­ғайын. Өзіңде боласың ба? Жарты сағат өткен соң. – Әй, Төке! Ешкімге барып әуре болмай-ақ қой. Біз үй-ішімізбен тақтайға жабысып суға ағып бара жатырмыз. Ресми хабарың ақыры түбімізге жетіп тынды. – Ақыры солай болды ма ей? Қап! Қазір мен Қазыбаевқа кіріп шығайын. Өзіңде боласың ба? – Бол...бо...бо... Тик-тик-тик...

***

Төленге телефон соқтым. – Төке, қалайсың? – Шүкір. Өзің қалайсың? Не жаңалық бар? – Әй, мен бүгін «Қазақ әдебиеті» газетінен ерекше бір мақала оқыдым. Сен оқыған жоқсың ба? – Жоқ. Қолым тимей жатыр. Кешке үйге барған соң оқимын ғой. Иә, онда не туралы жазыпты? – Оксфорд университетінің ғалымдары әйел сілекейінің еркек организіміне тигізер орасан зор пайдасы туралы жазыпты. Еркектің бойындағы барлық зиянды микро­бтарды әйелдің сілекейі ғана өлтіре алады екен. Қайран біздің ата-бабаларымыз! «Бал татыр сілекейің шөлдегенде» деп әнге қосып, әйел сілекейінің пайдасы туралы батыс ғалымдарынан бір ғасыр бұрын білген екен ғой. – Сонымен, не айтпақсың? – Айтайын дегенім – сенің қамың ғой. Сен қазір ЦК-да істейсің. Артық-ауыс жүруге, қыз-келіншектермен сөйлесіп тұруға уақытың жоқ. Соны түсініп, әр келіншектен тамшылатып жүір бір стакан сілекей жинап қойып ем... – Иә, оны қайтем? – Шай қасықпен күніне үш мезгіл ішіп тұрсаң, күні бойы құландай шауып жүресің.

***

Бір күні бесін ауа Төленнің үйіне келсем, ол диванның бір бұрышында, аузы ашылған сары сөмкесін қойып үнсіз отыр. Әйелі әлденеге ренжіп, әлдене деп сөйлеп жүр. – Әй, не болды? Тыныштық па? – дедім екеуіне кезек қарап. – Иә, тыныштық! – деді Күлән мырс етіп. – Сұра ана досыңнан не болғанын. – Әй, не болды, не бүлдіріп қойдың? – дедім айтарын айтып болғандай үнсіз отырған оған қарап. – Таңертең кеткен моншасынан жаңа ғана келді, - деді Күлән өз сұрағына өзі жауап беріп. – Жайшы­лық­­та ары кеткенде екі сағатта түсіп қайтатын моншасы еді, міне, сағат төрт болды. Таңертең кеткеннен жаңа ғана келді. – Ой, Күлән, сен де қызық екенсің! Соған бола ренжіп жүрсің бе? Адам далаға шыққанда таныстарымен, достарымен кездесіп қалады. Бір жерге барып шәй ішкен шығар, әңгімелескен шығар. Онда тұрған не бар? – Сен оны шырылдап қорғамай-ақ қой. Ол моншаға түспей келіп тұр. – Оны қайдан білдің? – Іш киімдерін ауыстырмапты да. – Ауыстырмаса ауыстыруды ұмытып кеткен шығар. Күйеуіңнің ұмытшақ екенін бүгін біліп отырсың ба? – Моншадан қазір ғана шықтым дейді. Шашы құп-құрғақ. – Жаздың күні шаш деген бес минутта-ақ кеуіп кетеді ғой. – Жарайды, шашы кепсе кеуіп-ақ кетсін. Оның мачалкасы да құп-құрғақ. Осы сөзден кейін менің қорғау амалдарым табан асты сарқылып шыға келді. Күләннің ас үйге шығып кет­кенін пайдаланып, Төленнің қасына келдім де: – Өзіңнен де бар екен ғой. Бәлінің бәрін ақылың жеткенде, есіктің алдында ағып жатқан арыққа мачал­каңмен басыңды бір батырып алу ойыңа келмеді ме?

***

Телевизор көріп отырған үш жасар шөберем кенет: «Ата, Төлен!» деп айғай салғаны. Телевизордан Төлен сөйлеп жатыр ма екен, бәрібір оны ол оны танымайтын еді ғой деп оның қасына жетіп келсем теңіздегі тюлен­дер жайлы хабар болып жатыр екен. Шөбереме ежіктеп түсіндірдім. «Бұлар Төлен емес, Тюлень, Тюлень». – А-а, Төлен, – деді ол енді түсінген боп.