Сенатордың айтуынша, журналистің қоғамдағы орны заң жүзінде анықталмаған. «БАҚ туралы» заңда және еліміздің Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі туралы бап жоқ.
Салалық заңда журналистердің құқықтары мен міндеттері ғана жазылған. Мұның бәрі журналистердің өте жауапты және қауіпті жұмысын ескермеу.Сондай-ақ ақпаратқа қолжетімділікті де жеке реттеу қажет.«Еліміздегі БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сонымен қатар депутат журналистерге полицейлерге жасалғандай жағдай неге жасалмайтынын сұрады.«Кейбір шенеуніктер төтенше жағдай кездерінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халықты мемлекеттік ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлде басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген», – деді ол.
«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын», – деді Нұртөре Жүсіп.