Журналистердің құқын қорғап, баспана мәселесін шешуге атсалысамыз – Зейін Әліпбек
Журналистердің құқын қорғап, баспана мәселесін шешуге атсалысамыз – Зейін Әліпбек
363
оқылды

Қазақстанда жалпы 3669 БАҚ тіркелген. Жаңадан құрылған ұйым 2964 мерзімді басылым, 161 телеарна, 73 радио, 471 ақпараттық агенттік және желілік басылымның проблемасын шеше ала ма? Кәсіподақтың алдағы мақсаты, атқаратын қызметі жайында «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының» басшысы, белгілі журналист Зейін Әліпбектен сұрап, білдік.

– Жаңадан құрылған ұйымның мақсаты – журналистика саласында қордаланған мәселелерді БАҚ басшыларымен бірлесіп шешу. Журналистер жұмыс барысында көптеген кедергіге тап болып жатады. Ақпаратты жылдам тарату кезінде оқиғаның анық-қанығын нақтылау үшін мекемелердегі қағазбастылық олардың жұмыс істеуіне кедергісін келтіреді. Айта берсек, біздің салада мәселе өте көп. Сондай-ақ халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, елдің проблемасын шешуге атсалысатын журналистердің көпшілігінің әлеуметтік мәселесі шешімін таппаған. Атап айтқанда, баспана алу, еңбек демалысында ем алу, құқығын қорғауда кездесетін проблемалар шаш етектен. Мәселен, журналистер баспанаға қол жеткізу үшін көптеген қиындыққа тап болады. Себебі, олардың заңда белгілі бір әлеуметтік статусы жоқ. Еңбек демалысында емдеу-сауықтыру шығындары да БАҚ-тағы кәсіподақ тарапынан толық төленбейді. Мәселен, «Хабар» арнасында шипажай шығынының 20 пайызы ғана төленеді», – дейді журналист. Ол сондай-ақ жаңадан құрылған ұйымның кәсіби журналистерді дайындауға баса назар аударатынына да тоқталды.

– Алдағы уақытта аға буын тәжірибелі журналистердің көмегімен жастарды кәсіби маман ретінде дайындау, заман талабына сай кәсіпке баулу жалғаса бермек. Жоғары оқу орнында оқитын жас журналистерді практикада шыңдауға күш саламыз. БАҚ басшыларымен бірлесе отырып, журналистердің құқығын қорғаймыз. Сөзден – іске, саннан – сапаға көшу – уақыт талабы»,  – дейді Зейін Әліпбек.

Біз бұған дейін журналистика саласындағы проблемаларды талқылаған жиында айтылған басты мәселелерді жазған болатынбыз.