Жапонияда «Ақын» фильмінің тұсаукесері өтеді
Жапонияда «Ақын» фильмінің тұсаукесері өтеді
© 24.kz
169
оқылды

«Қазақфильм» АҚ белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаев­тың «Ақын» фильмінің әлемдік деңгейдегі тұсаукесері 34-ші Халықаралық Токио кинофестивалі шеңберінде өте­тінін хабарлады.

Бұл байқау биыл  қазанның 30-ы мен қарашаның 8-і аралығында Жапонияда өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі Дидар есімді мойындалмаған жазушының өмірі туралы баяндайды. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» желісі бойынша жазылған. – «Ақын» фильмі ең алдымен отандық көрермендерге арналған. Осының алдында түсірген менің басқа фильмдеріме қарағанда бұл туындыны мазмұны мен проблематикасы жағынан ұлттық кино деуге болады. Фильмде қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты проблемалар көтерілген. Алайда бұл көпшілікке ортақ мәселе, өйткені бүгінде қаншама тіл жойылып барады, – деді режиссер Дәрежан Өмірбаев. Айта кетерлігі, 1980 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Tokyo International Film Festival кинофестивалі Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерация­сының (FIAPF) тіркеуінен өткен, «А» санатындағы әлемдегі үздік 15 кинобайқаудың қатарына кіретін беделді фестивальдардың бірі. Биыл фестивальға қатысуға 113 елден 1533 өтінім келіп түскен екен. Нәти­жесін­де, фестивальдің басты байқауына 15 кинотуынды іріктеліп алынған, оның 10 фильмі алғаш рет көрермен­дерге жол тартады. Халықаралық қазылар алқасын аты аңызға айналған француз актрисасы Изабель Юппер басқарады. Фестивальдің ашылу салтанатында америкалық режиссер Клинт Иствудтың «Жігіттердің көз жасы» атты картинасы көрсетіледі.

А.ЖОЛДАС