Жасөспірімдердің проблемасы туралы қазақстандық фильм Варшава кинофестивалінде Гран-при жеңіп алды – видео
Жасөспірімдердің проблемасы туралы қазақстандық фильм Варшава кинофестивалінде Гран-при жеңіп алды – видео
223
оқылды
Фархат Шәріповтың «18 килогерц»  фильмі Варшавада өткен кинофестивальдің Гран-приін жеңіп алды. «Фильм барлық марапатқа лайық. Өте күшті және сенімді. Қазылар алқасы бір минут ішінде  бірге көрген 16 фильмнің қайсысы жақсы екеніне күмәнданбады. Қазылар алқасының әр мүшесі әрқайсысына ұнайтын үш фильмнің тізімін жасады. Біз өз тізімімізді оқығаннан кейін қай фильмге сыйлық беру керегі туралы дауласпайтынымызды түсіндік, өйткені барлығы 1-ші орында «18 килогерц» тұрды», – деп атап өтті  халықаралық қазылар алқасының мүшесі, Литваның Мәдениет министрі Лиана Руоките-Йонссон. Картинада 90-жылдардың аяғындағы жасөспірімдердің өмірі туралы баяндалады. «18 килогерц – бұл ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған. Жыл сайын өсіп келе жатқанда, жастардың проблемаларын, жасөспірім кезіңізде шешілмейтін болып көрінетін мәселелерді түсіну қиынға соғады. Бұл фильммен мен мұның бәрін еске салғым келді», – деді Шәріпов. Марапаттау рәсімі кезінде тікелей эфирге қосылған отандық режиссер Фархат Шәріпов қуанышын жасырмай, жүлдеге қол жеткізгеніне сенбей отырғанын айтты. – Фестиваль ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Осы қиын кезеңде киноға көңіл бөлгендеріңізге рахметімді айтамын. Сондай-ақ фильмге түскен дебютант-актерлерге, туындымыздың продюсеріне және картинаның түсіру тобына алғысымды айтамын, – деді ол. Картинаның түсірілімі Алматыда өтті. Фильмдегі басты рөлдерді үлкен кинода алғаш рет дебют жасаған жас актерлер сомдады. Олар: Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со. Фильмнің композиторы – Илья Одегов.
Әлемдегі ең беделді кино байқаулардың бірі – Варшавадағы Халықаралық кинофестиваль 1985 жылы негізі қаланған болатын. Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының федерациясы шешімімен 2009 жылы бұл фестивальге «А» санаты берілген болатын. Биыл, коронавирус індеті салдарынан дүние жүзінде орын алған қиын жағдайға қарамастан Варшава кинофестивалі қазанның 9-ы мен 18-і аралығында әдеттегі дәстүрлі форматта өтті.
  https://www.youtube.com/watch?v=y8BRqaI6Nvo&feature=emb_logo&ab_channel=CenteraProduction