«Жасыл белдеуде» жаңа сүрлеу пайда болды
«Жасыл белдеуде» жаңа сүрлеу пайда болды
401
оқылды

Бұдан былай елорданың жасыл белдеуінде атпен се­руен­деуге мүмкіндік туды. Онда ат спорты кешенінің құ­рылысы аяқталды. «Туристік маршрут» деп аталатын атпен жүруге арналған соқпақ жол қала тұрғындары мен қо­нақ­тары үшін ең тартымды орындардың біріне айналатын сы­ңайлы. Өйткені ат десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар ел ішінде аз емес.

Енді жұртшылық шаһар ма­ңын­дағы жасыл белдеуді атпен ара­лай алады. Қала әкімдігінің бас­тамасымен салынған соқпақ­тың жалпы ұзындығы 13,2 шақы­рымға жетеді. Қала маңындағы орман ішіндегі бұл жол атпен се­руендеуге тапсырмас орын болары сөзсіз. Ол үшін қалада жылқы ба­ғу­­дың қажеті жоқ, тек арнайы бел­гіленген орынға барып, ат жал­дап алсаңыз жетеді. Онда ке­лу­шілерге атпен серуендеуге ар­нал­ған қорғаныш киімі беріліп, қауіпсіздік ережелері үйретіледі. «Атпен жүруге арналған соқ­пақ­та қала тұрғындары мен қонақ­тарының қауіпсіз демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған. Атап айтсақ, нысан аумағында 5 демалыс аймағы, автотұрақ, мо­дульдік әжетханалар бар. Бейне­бақылау камералары да орнатыл­ған. Соқпақта атпен серуендеу қызметі жыл он екі ай көрсетіледі. Аттарды күтіп-баптау, келушілерге қызмет көрсету бағытында 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда ке­лушілерге табиғат аясында таза ауа­да атпен серуендеумен бірге ат­қа мінуді үйрету қызметі де ұсы­нылады. Жақында әлеуеттік жоба аясында денсаулығында ақауы бар­ларға арнап иппотерапия қыз­меті іске қосылмақ», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қор­шаған ортаны қорғау және таби­ғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Қыдыр Жиенәлі. Әрине, бұл жобаға қажет аттар­ды күтіп-баптау да өзекті екені анық. Дегенмен серуендеуге ар­нал­ған аттар «Тайтөбе» ауыл ша­руашылығы коопертивінің меншігі болғандықтан, жемшөбі де аталған мекеменің мойнында деген сөз. Кооператив төрағасы Мұрат Қа­сымов туристерге қызметтің ерек­ше түрін ұсынуға бел буғандықтан, осынау жобаны қолға алыпты. «Қазір мұнда 15 ат бар. Олар­дың қатарын иппотерапияға ар­налған жылқылармен толық­ты­руды жоспарлап отырмыз. Соны­мен қатар балаларға арнап по­нилерді әкелеміз. Аттардың мінезі әрқилы. Сәйкесінше, келушілердің арасында да бұрыннан атқа мініп жүргендер немесе енді үйренгісі келетіндер де табылып жатады. Олар арнайы нұсқаушының кө­мегімен атқа мінуді үйреніп шы­ғады. Сондай-ақ жаз айларында ар­баға, қыста шанаға жегуге арнал­ған аттар да бар. Бір сөзбен айт­қанда, кез келген талғамдағы тұ­ту­шының көңілінен шығуға ба­ры­мызды саламыз. Атпен серуен­деу­ден бөлек қоғамдық тамақтану орны, қымызхана да ашамыз», – дейді кооператив төрағасы. Жалпы, Нұр-Сұлтан қала­сының жасыл белдеуі Елбасы ­Нұр­сұлтан Назарбаевтың шеші­мімен 1997 жылы қаланы желден қорғау және халықтың өмір сүруіне қо­лайлы климат қалыптастыру мақ­сатында құрылды. жасыл белдеу Оның аумағында 12,1 млн-нан астам ағаш пен бұта өседі. Сол сияқты мұнда қоян, түлкі, қарсақ, кекілік, қырғауыл және басқа да аң-құстар тіршілік етеді. Демек, енді атпен серуендеушілер осынау ор­мандағы жан-жануарларды жол­да кезіктіруі де мүмкін деген сөз.  

Ардақ СҰЛТАН