Қызылордада кәсіпкерлік дамып келеді
Қызылордада кәсіпкерлік дамып келеді
266
оқылды

Былтыр жыл басында басталған пандемия біраз кәсіпкерге тұсау салып, жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп соққан. Әсіресе, халыққа қызмет көрсету субьектілері үлкен кедергіге тап болып, орасан шығынға батты. Әлемдік індеттің аздап беті қайтқанымен, қауіп әлі де сейілген емес. Осы қиындыққа қарамастан, қызылордалық кәсіпкерлер кәсіпкерлік салаларын өзге арнаға бұрып, өндірістік мақсаттағы шаруаларды қолға ала бастады.

Бұрынғы тойханалар мен көңіл көтеру орындарының көбінде бүгінде өнім өндіріліп, шикізат дап-дайын тауарға айналып жатыр. Мәселен, карантин салдарынан жұмысын тоқтатқан 128 тойхананың 17-сі қызметін өндіріске бағыттады. Бір сөзбен айтқанда, Сыр кәсіпкерлері заман талабына бейімделіп, карантин режимінің қыспа­ғынан құтылудың амалын тауып жатыр. Осының арқасында шағын және орта кәсіпкерлік саласы қайта түлеп, табыссыз қалғандар қайнаған тірлікпен қайта табысып жатыр. Сөзімізді статистикалық мәліметтермен растайтын болсақ, Қызыл­орда облысында 2021 жылы тіркелген ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6,6%-ға ұлғайып, 56  714 бірлік болған. «Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны 8,4%-ға ұлғайып, 50 551 бірлікке жеткен. Тіркелгендердің ішіндегі белсенді кәсіпкерлердің үлесі 89,1%», – дейді Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары. Кәсіпкерлік нысандардың саны артқан сайын жұмыс орындары ашылып, шикі­затқа деген тәуелділік те азаятыны сөзсіз. Осы жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтыл­ғандар 8,5%-ға ұлғайып, 97 936 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылған көрінеді. Ал сол өндіріс орындарынан өндірілген өнімнен 62,8 млрд теңге пайда түскен. Кәсіпкерлік саласының өсу қарқынына мемлекеттік қолдау шараларының айтар­лық­тай тиімді әсер еткені рас. Ұлттық банк­тің ресми мәліметтері бойынша, жыл басынан бері бизнеске банктер арқылы 29 млрд теңгеден астам кредит берілген. Оның ішінде, тек кәсіпкерлік саласындағы бағ­дар­ламалар аясында 1 732 жобаға 18,4 млрд теңге бағытталыпты. Атап айтқанда, «Биз­нестің жол картасы» бағдарламасы бойынша несие портфелі 15,6 млрд. теңгеге 1 130 жоба субсидияланып, 788 жоба ішінара кепілдендірілген. Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 3 млрд 894 млн 155 теңге бөлінген. Мемлекеттік қолдаудың ең талап етіл­ген құралдарының бірі – микрокредит беру. Жыл басынан бері облыс бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында микрокредиттер шамамен 2,8 млрд теңге көлемінде 600-ден аса жобаға берілді. Оның ішінде, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,7 млрд теңгеге 431 жобасы несиелендірілсе, «Қызыл­орда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 1,1 млрд теңгеге 163 жоба қаржыландырылған. Жалпы, 2021 жылы микрокредиттер беру үшін облысқа 6 млрд теңге қаржы бөлінген. «Мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы 2 592 жобаға 1,6 млрд теңгеден астам грант қаражаттары табысталды. Облыс әкімінің бастамасымен облыс тұрғындарын бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қам­тамасыз ету үшін қабылданған «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» да тиімді іске асырылып жатыр. Бүгінде жоспар біршама өңір кәсіп­керлерінің, оның ішінде жас кәсіпкерлердің облыс тұрғындары үшін экологиялық таза және сапалы өнімдерін шығаруына жақсы бастама болды. Жоспар бойынша 2020 жылы жалпы құны 7,1 млрд теңге болатын 89 жобасы іске асырылып, нәтижесінде 1 047 жұмыс орны құрылды. Іске асырылған жобалардың 60 пайызы өңірдің дәстүрлі дамып келе жатқан саласы болып табылатын ауыл шаруашылығы саласына тиесілі», – дейді Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов. Басқарма басшысы айтқан жоспар қайта өзектендіріліп, жобалар тізімі 400-ге жеткізіліпті. Осы жылы жалпы құны 6,9 млрд теңгеден астам қаржыға тізімдегі 96 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Тарқатып айтсақ, лаваш өндірісі, балмұздақ өндірісі, ет комбинаты жобалары іске асырылып, құрғақ құрылыс қоспасы цехы, жұмыртқа шығару бағы­тындағы құс фабрикасы және экспортты қамту үшін киім тігу цехы кеңейту жоспарланған. Жалпы, жыл басынан бері жалпы құны 1,8 млрд теңгеге 64 жоба іске асырылып, 396 жұмыс орны ашылған. Бүгінге дейін осы жоспар аясында шамамен 40 компания дайын өнімді шығаруды бастады. Атап айтқанда, облыс орталығында қой, сиыр және жылқы етінен бұқтырылған консервілер, сондай-ақ күріш, қарақұмық және арпа ботқасы өндірісі басталды. Мәселен, «Ару-Ана» шаруа қожалығы бүгінде жалпы құны 4,2 млн теңгеге 2 953 банка бұқтырылған консерві өндірген. Бұдан өзге, Қызылорда қаласында шұжық өнімдерінің 16 түрін өндіру бойынша жоба іске асырылып, жалпы сомасы 1,2 млн теңге болатын шамамен мың тонна өнім шығарылды. Цехта10 адам тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ облыста жергілікті қияр мен қызанақты, джемді және ет өнімдерінің 18 түрін, салаттардың 20 түрін, жартылай фабрикаттардың 10 түрін өндіру және сату  жұмыстары басталыпты. Мамандар аймақ­та шығарылатын барлық өнім экологиялық таза дегенді айтады.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы