Бүгінде Түркістан облысы Арыс және Жетісай қалаларында ардагерлерге арнап «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылған. Жақын арада түркістандық ардагерлерде осындай заманауи орталықтың рақатын көретін болады. Сондай-ақ облыстағы 176 мыңға жуық зейнеткердің ішіндегі 26 сұрапыл соғыс ардагері мен 2667 ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендерге және 6 336 тыл еңбеккерлеріне ерекше назар бөлініп, түрлі бағытта қамқорлық көрсетіліп келеді екен. Бұл туралы облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қатысуымен Түркістанда өткен Халықаралық қарттар күні шарасында белгілі болды.
Түркістан облысының қариялары 1 қазан – Халықаралық қарттар күнін ерекше атап өтті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев FARAB кітапханасында қариялармен кездесіп, оларға құрмет көрсетті. Құрметті ел ағалары мен қазыналы қарттарды бірегей кітапханамен таныстырған облыс басшысы Түркістанды күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде қайта түлеткен Елбасының еңбегін ерекше атады. Финляндия кітапханалары үлгісінде салынған FARAB кітапханасы заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған. Көпфункциялы білім беру кешенін аралатқан Өмірзақ Естайұлы көне жазбалар тақтайшасы мен 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы мен сирек кітаптар мен манускриптер залымен таныстырды.«Біз – атаның ақ батасымен, әжелеріміздің мейірімімен өсіп-өнген халықпыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз, ақыл-кеңестеріңіз – біз үшін өнеге. Қасиетті Түркістанды дамытуда сіздердің де қосар үлестеріңіз мол. Сіздер біздің қазынамыз әрі бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар. Отбасыларыңыз бен жақын туыстарыңызға зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін, саналы ұрпақ пен жаны жомарт жандардың ықылас-ниетіне бөленіп, әрқашан арамызда болыңыздар», – деді Өмірзақ Шөкеев.Жас ұрпаққа өзінің өнегелі еңбек жолымен үлгі болып жүрген ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, облысқа еңбегі сіңген бірқатар еңбек ардагері мен зиялы қауым өкілі облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің алғысхаттарымен марапатталды. Республикалық орталық кеңестің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» және «Аялы әже» номинациялары табысталды. Сондай-ақ салтанатты шараға қатысқан 60-қа жуық қария этноауылда ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесін тамашалады. Қариялардың құрметіне ақ дастарқан жайылып, өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Сонымен бірге киелі Түркістан шаһарын аралап, өңірде бой көтерген жаңа нысандармен танысты.
Тельман БЕЙСЕН