Футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңінің екінші турында алматылық «Қайрат» «Базель» командасымен кездесті.
Швейцарияның 20 дүркін чемпионы «Базель» – еурокубок ойындарының тұрақты қатысушысы. Ал алматылық команда еурододаның топтық кезеңінде алғаш екінші кездесуін өткізіп отыр. Алаң иелері әп дегеннен ойын тізгінін өз қолдарына алып, қос қапталдан қауіпті шабуылдарын ұйымдастырумен болды. Нәтижесінде, бірінші таймның өзінде олар қазақстандық команда қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Ойынның 15-минутында Артур Кабрал есеп ашса, одан кейін Михаэль Ланг 21, 39-минуттарда дубль авторы атанды. Ал екінші таймның басында «Базель» сапынан Дан Ндой есепті еселей түсті. «Қайрат» сапынан Хосе Канте 65-минутта гол соқса, Рикарду Алвеш 69-минутта пенальтиді сәтті орындады. Тартысты өткен кездесуде «Қайрат» қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді. Аталған топта әзербайжандық «Карабах» командасы сырт алаңда Кипрдің «Омноиясынан» 4:1 есебімен басым түсті. Еске сала кетейік, алғашқы турда «Қайрат» өз алаңында Кипрдің «Омония» клубымен 0:0 есебімен тең түскен болатын. Енді «Қайрат» турнирдің аталған сатысындағы үшінші кездесуін 21 қазанда сырт алаңда Әзербайжанның «Карабах» командасына қарсы өткізеді.Әбілмансұр ЖАСАН