Қазақстан ерте ме, кеш пе атом электр стансасын салу шешімін қабылдайтынға ұқсайды. Әрине, оның қашан, қай жерде, қандай технологияны пайдаланып, қай елдің көмегімен салынатыны әзірге түбегейлі шешілген жоқ. Бірақ соңғы бірер айда бұл тақырыптың жиі көтерілуі ел билігінің ақыры тәуекелге бел бууға даяр екенін аңғартады. Тек көпшіліктің көкейіндегі түрлі сауалға жауап беру, нақты мерзімі мен орнын таңдау, тіпті шешімді қандай тәсілмен қабылдау қажет екені ғана пысықталып жатқандай көрінеді.
Әрине, Қазақстан билігі елімізде 2030 жылға қарай энергия тапшылығы туындайтынын біліп отыр. Есеп-қисап жасаған мамандар сондай болжам айтады. Демек, жаһандық даму көшінен қалып қоймау үшін энергия жетіспеушілігін болдырмаған дұрыс. Елдегі ЖЭО-лар үшін дәстүрлі отын саналатын көмірді пайдалана беруге де болмайтыны байқалады. Дамыған елдер көмірқышқыл газын көп бөлетін мемлекеттерді түбі қыспаққа алатын сыңай танытып келеді. Оның үстіне, жаһандық жылынуға «үлес қосу» абырой емес екенін білеміз. Мұнайды жағудың да зияны бар. Тіпті, оны жаққаннан гөрі газбен бірге сатқан жақсы. Баламалы энергия көздері саналатын күн, жел, су қуатын пайдалану тапшылықтың орнын толтыра алмайды. Технологиясы да арзан емес. Демек, амал жоқ, АЭС салуға мәжбүр болатын тәріздіміз. Тек ендігі мәселе қандай технологияны қолдану керек дегенге тіреліп тұрған сыңайлы.Toshiba-мен келісім жасалды дескені қайда?
Бейсенбі күні Қазақстан – Ресей өңіраралық форумында Қазақстанда АЭС салуға Мәскеу тарапының айрықша құлшынып отырғаны байқалды. Көрші елдің президенті В.Путин бұл мәселеге орай барынша көсілді. Оның да қисынын түсінуге болады. Ресеймен бірнеше халықаралық ұйымда одақтаспыз, Мәскеу әлемдегі бірқатар мемлекетте АЭС салған. Қазір де бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Түркиядағы АЭС-ті ресейлік мамандар, сол елдің технологиясы негізінде салып жатса, Өзбекстанда салынатын АЭС те Ресей технологиясына сүйенетін сыңайлы. Ал АЭС құрылысы арзан болмайды. Оның үстіне, технологияны ұсынған мемлекеттердің өз шарттары да болады. Өзара келісімге байланысты ондаған жыл бойы басқару, табысынан үлес алып отыру, қажет болғанда технологиялық қолдау көрсету тәрізді түрлі шарт болуы ықтимал. Бұл дегеніңіз – кемі алдағы жарты ғасырда технологияны ұсынған елге ішінара кіріптар болу деген сөз. Бәлкім, содан да шығар, АЭС үшін қажет технологияны қай мемлекеттен алуға болатыны жайлы мәселе қоғам белсенділерін ойландырып жүр. Ал технологияны АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Корея, Қытай мен Ресей тәрізді ондаған мемлекет ұсына алады. Өкініштісі, әзірге Ресейдің ғана ұсынысы естіліп қалады. Өзге елдермен келіссөздер жасалып жатыр ма, жоқ па, бізге беймәлім. Дегенмен Қазақстан мамандары Жапонияның Toshiba компаниясымен келіссөздер жасағаны жайлы ақпарат тараған 2015 жылы. Ал Toshiba компаниясы АҚШ-тың Westinghouse атом корпорациясына иелік етеді. Тіпті, 2015 жылдың көктемінде Toshiba компаниясы директорлары кеңесінің төрағасы Масаси Муромати Қазақстан тарапымен келіссөздер жүргізілгенін айтқан. Сөйтіп, қуаты 1Гвт болатын реакторды Қазақстанға 3,7 млрд долларға салып беру қарастырылғаны айтылған. Ол реактор америкалық AP-1000 реакторы болуы мүмкін екені де сөз болған. Бірақ кейін бұл келіссөздің нәтижесінен хабар-ошарсыз қалдық. Дегенмен реактор таңдау құқы сақталған шығар деп топшылаймыз.Реактордың түрі көп
МАГАТЭ-нің классификациясы бойынша энергетикалық ядролық реакторлардың біршама түрі бар. Дегенмен әлемде ең көп тарағаны –LWR немесе жеңіл сулы реакторлар деп аталатын түрлері. Олардан бөлек, ABWR-жетілдірілген қайнайтын ядролық реактор, AGR – жетілдірілген газбен суытылатын реактор, BWR – қайнайтын реактор, FBR – жылдам нейтрондарды көбейту реакторы, GCR – газбен суыту реакторы, HWLWR – ауыр сулы баяулатқышы және жылу тасымалдау суы бар қайнайтын реактор, LWCGR – графит баяулатқышы бар жеңіл сулы реактор, PHWR – ауыр сулы баяулатқышы және қысымды жылу тасымалдаушысы бар реактор, PWR – қысымды сулы реактор, SGHWR – бу генерациялы ауыр сулы реактор дейтін түрлері бар. Яғни, реакторлардың түрі аз емес. Бірақ ядролық энергетикада жеңіл сулы реакторлар негізгі түр болып есептеледі. Оларды әзірлеу өткен ғасырдың 50-жылдары басталды. Бүгінде әлем бойынша 443 реактор жұмыс істеп тұрса, олардың 359-ы жеңіл сулы (LWR), қысымды сулы реакторлар (PWR) және қайнайтын реакторлар (BWR) екен. Бұл дегеніңіз – жалпы реакторлардың 80 пайызы. Дегенмен LWR реакторлар мұндай құрылғылардың 62 пайызына жетеді деген де дерек бар. МАГАТЭ ядролық энергияның басым бөлігін осы реакторлар өндіретінін айтады.Сонымен бірге әлемдік атом энергетикасы дами бастағалы соңғы 50 жыл ішінде коммерциялық реакторлардың бірнеше буыны ауысқан. Бірақ қазіргі реакторлардың өзі ІІ буын саналады. ІІІ және ІІІ+ буынды реакторлар 2030 жылға қарай көптеп салынатынын айтады мамандар. Әзірге санаулы елде ІІІ буын реакторлары бар. Атап айтқанда, ABWR типіне жататын ІІІ буын реакторлары қазір Жапонияда пайдаланылып жатыр. Ал IV буын реакторларының жобасы 20-30 жылдан кейін пайдалануға дайын болады. АЭС жобасын әзірлегенде мұның бәрі ескерілетіні сөзсіз.Дегенмен Қазақстан мамандары жапонияның Toshiba компаниясымен келіссөздер жасағаны жайлы ақпарат тараған. 2015 жылы. Ал Toshiba компаниясы болса АҚШ-тың Westinghouse атом корпорациясына иелік етеді. Тіпті, 2015 жылдың көқтемінде Toshiba компаниясы директорлары кеңесінің төрағасы Масаси Муромати Қазақстан тарапымен келіссөздер жүргізілгенін айтқан.
ВВЭР деген қандай реактор?
Жалпы, АЭС жобасы туралы талқыланғанда Ресей ұсынатын технологияның ерекшеліктерін де атап өткен жөн. Бірден қорқып-үркуге де болмас. Әдетте Ресей ВВЭР типіндегі реакторлар ұсынып жүр. ВВЭР-лер батыстық PWR немесе қысымды сулы реакторлар санатына кіреді. Мәселен, Түркияның Аққұйы АЭС-іне ВВЭР-1200 реакторы орнатылып жатыр. Ал Чернобылда РБМК-1000 реакторы жарылған еді. Ол – мүлдем бөлек сипаттағы қондырғы. Ал АҚШ-тағы Three Mile Island АЭС-інде апат кезінде істен шыққан реактор PWR тобына кіреді. Фукусима-1 АЭС-інде болған реактор BWR. Демек, реакторлардан төнетін қауіп олардың түрлері мен санаттарына, жұмыс ерекшеліктеріне қатысты емес деген сөз. Көбіне адам қателігі техниканы істен шығаратыны бар. Алайда Қазақстанға қандай мемлекет реактор ұсынса да, бірінші кезекте оның техникалық буынына назар аударған жөн сияқты. Айталық, ABWR тәрізді ІІІ буын реакторын орнатуға ұмтылған дұрыс. Әдетте мамандар оларды апаттарға төтеп беру мүмкіндігі жоғары реакторлар қатарына қосады. Ал IV буын реакторларының қауіпсіздігі одан да жақсы болмақ. Бірақ олар әлі дайын емес. Айтпақшы, ядролық энергия саласындағы зерттеулерді үдетіп жатқан Қытай елі биыл жылдың аяғына дейін уранды емес, торийді пайдаланатын реакторды сынап көрмек. Сынаққа арналған шағын реактордың қуаты 100 мегаватт болады деседі. Ғалымдар мұндай реактор 1940 жылдары АҚШ-та сыналып, 1969 жылға дейін жұмыс істегенін айтады. Уранның орнына торий пайдаланылса, оның радиациясы әлдеқайда төмен, қауіпсіздігі жоғары болады. Су емес, тұз қолданылады. Сондықтан су көздеріне қауіп төндіре қоймайды. Әрине, бұл реактор әзірге тәжірибе ретінде іске қосылатындықтан, өнеркәсіптік масштабқа жуық арада шыға қоймауы мүмкін. Сондықтан реактор таңдауда бұл нұсқаны қосалқы бағыт ретінде ғана қалдырған жөн шығар.«Шағын реакторлар керек»
Ядрофизикадан PhD Нұрлан Амангелді Қазақстан үшін ең алдымен біз атап өткендей, реактордың буыны маңызды екенін айтады. «Ресей ұсынатын ВВЭР реакторларын көбіне судың бойына салады. Меніңше, small reactor- ға, яғни кішкентай реакторларға ұмтылған дұрыс. Төрт энергоблок емес, бір энергоблогы бар сондай реакторлар тиімдірек деп ойлаймын. Реактор салған кезде технологияны ұсынған мемлекеттің түрлі қысым жасауына жол бермеуге тырысқан жөн. Сондықтан тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан қандай реактор таңдап, кімдерге салдыратынын жан-жақты талдап, дұрыс шешкен жөн», – дейді Нұрлан Амангелді. Оның ойынша, шағын реакторлар еліміздің түрлі өңірінде болуы керек. Өйткені кейбір энергетиктер айтып жүргендей, қуат өндіру бөлек те, оны тасымалдау басқа. Қазақстанның солтүстігінде электр қуатына тапшылық жоқ. Екібастұздағы стансалар экспортқа шығаруға жарайтын қуат өндіріп жатыр. Бірақ оны түстікке жеткізу кезінде жолда көп энергия шығын болады. Мұны да ескеру керек. Сондықтан АЭС салуға шешім қабылдана қалса, электр желілерінің жай-күйінен бастап, энергия тапшылығы туындауы мүмкін аймақтар, өнеркәсіптің даму мүмкіндігі тәрізді көптеген фактор ескерілуі керек. Ең бастысы, қандай шешім болса да, бұқараның тілегі ескерілгені жөн-ау.Амангелді ҚҰРМЕТ