АЭС: энергия үшін нені құрбан етеміз?
АЭС: энергия үшін нені құрбан етеміз?
380
оқылды

Қазақстан  алдағы он жылдың ішінде  энергия тапшылығына ұрынуы мүмкін.  Мұны са­рапшылар да,  мемлекет басшылығындағы лауазымды тұлғалар да айтып жүр. Со­дан да болар, соңғы бірер аптада Қазақстанда атом электр стансасын салу  мә­се­лесі қайта көтерілді.  Шамасы, билік ақыры сондай шешімге келген сыңайлы.

Негізі, көптен бері тал­қы­ла­нып жүрген мәселені қыркүйектің 1-і күні Президент Қ.Тоқаев өз Жол­дауында тағы атап өткен еді. Со­нымен бірге ол Ресейде өткен VІ Шығыс экономикалық фору­мы­ның пленарлық отырысында өз ұстанымын нақтылай түсті. Сол-ақ екен, ескі пікірталас қай­та бұрқ ете түскен жайы бар. Қо­ғам­да АЭС салуға қарсылық та­ны­­тушылар да, салына қалса, қай жер­ді таңдаған жөн дегенге қа­тыс­ты пікір білдірушілер де көп. Со­нымен қатар қай елдің тех­но­ло­гиясына жүгінген жөн дегенді тал­қылау да көп. Қысқасы, қа­зақ­стандықтар АЭС құрылысына бей­жай қарамайтыны байқалады.

Сұрауы бар суды құрбан етеміз бе?

Ашығын айтқанда, Қазақ­стан­да АЭС салу жайлы соңғы ше­шім қабылданған жоқ. Бірақ АЭС жобасынан бас тартуды да көз­­­­демейміз. Демек, ерте ме, кеш пе, атом энергиясын пайдалануға мәж­бүр боларымыз анық. Олай болса, бәрібір «болашақ АЭС қай жер­де салынуы керек?» дейтін мә­селе алдымыздан шығары сөз­сіз. Бұқараның алаңдайтыны да АЭС орналасатын аймақ пен қай ел­дің технологиясы екені. Әйт­пе­се, түбегейлі қарсы шығудан пай­да келмесін жұрт біледі. Әрі әзір­ге энергия тапшылығынан бас­қа жолмен құтылу да мүмкін бол­майтынын түсініп отыр. Ен­де­ше АЭС қай өңірде салынуы мүм­кін дейтін мәселенің өзекті бо­лары сөзсіз. Өйткені бұқара әлі де экологиялық жағдайдың на­шар­лануынан қауіптенеді. Ал АЭС салына қалған жағдайда қай жер­де орналасады дегенге кел­сек, әзірге екі нұсқа көбірек ай­ты­­лып жүр. Олардың бірі – Бал­қаш көлінің жағалауындағы Үл­кен ауылы, екіншісі – Курчатов қа­ласы. Екеуі де судың жағасында ор­наласқан елді мекендер. Ал АЭС үшін мол су қажет екені бел­гілі жайт. Сондықтан қай жер­де салынса да, су жағалайтын түрі­­міз бар. Өкініштісі, соңғы жылдары Балқаш көлінің тартылып бара жатқаны да жиі айтылып жүр. Курчатов қаласының қасынан ағатын Ертіс өзенінің де жағдайы мәз емес. Балқашқа қажет судың 80 пайызын жеткізетін Іле сияқты Ертістің де басы Қытай жерінде жатыр. Демек, АЭС аталған екі елді мекеннің қайсысына салынса да, суды мол пайдаланады деген сөз. Алайда әзірге қандай реактор қойылатыны, қай елдің техно­логиясы қолданылатыны белгісіз болғандықтан, АЭС үшін күніне қанша тонна су пайдаланылатынын есептеп шығару қиын. Бірақ Өз­бекстанның «Узатом» агенттігінің бас директоры Журабек Мирза­махмудов АЭС үшін қолданылатын су қазіргі жылу электр стансалары пайдаланатын судан көп болмай­тынын айтады. Тіпті, АЭС-те пай­даланылған су қоршаған ортаға залал келтірмейтін көрінеді. Мә­селен, Мажарстандағы PWR не­месе су қысымын пайдаланатын 440 мегаваттық реактор суды Ду­най өзенінен алып, пайдаланған соң өзенге қайта құяды екен. Ал Дунайдың суынан балық аулап, адамдар шомылып та жүр. Демек, технологиясы жақсы реактор­лар­дан тым көп қауіп жоқ деген сөз. Алайда Қазақстанда су тапшылығы қазірдің өзінде сезіліп келе жат­қанын ескерсек, АЭС салатын орынды таңдауда мұқият болу қажет. Тіпті, үшінші нұсқа ретінде Каспий теңізінің жағалауын таң­дағанның өзінде бірқатар мәселе туындайды. Өйткені Каспийдің де суы азая бастағаны белгілі болды. Бір сөзбен айтқанда, «энергия үшін қанша су құрбан етеміз?» дейтін сауалға жауап табу керек болып тұр.

Бұқара қауіпсіздікке алаңдайды

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ядро­физика кафедрасының доценті Нұрлан Амангелді АЭС салу мәсе­лесіндегі тағы бір өзекті тұс қауіп­сіздік пен мамандар әзірлеу екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, бі­рінші кезекте реактор таңдау өзек­­ті болмақ. Өйткені энергия тап­шылығы жағдайында АЭС-сіз күн көру қиын. Бірақ қандай елдің технологиясын алсақ та, бәрібір мол қаржы кетеді әрі реакторды ұсын­ған компанияның бірқатар та­лабы болады. Сол талаптар мұ­қият зерделенуі тиіс деген пікір білдірді. «Негізі, елімізде қазірдің өзінде 4 реактор жұмыс істеп тұр. Қап­шағайда үшеу, Алматыда біреу бар. Каспий жағасындағы бұрын суды тұщыту үшін қолданылған реактор жұмысын тоқтатқан. Бірақ оны да күтіп ұстау үшін арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Ал мен айтқан 4 реактор электр энергиясын өнді­руге емес, тәжірибе жасауға арнал­ған. Қазір онда мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Демек, өзім атап өткен кейбір мәселені шешуге мүмкіндігіміз бар. Қазақстандық мамандар реакторда жұмыс істей алады. Сонымен бірге реактор салынып біткенше 7-10 жыл кете­тінін ескере отырып, жаңа ма­мандар даярлап алуға уақытымыз болады. Бірақ технологияны таңдауда мықтап ойланған дұрыс. Кемі 3+ буынына кіретін реактор пайдаланған тиімді. Одан төмен­гілер ескірді», – дейді Нұрлан Амангелді. Ал «Байтақ-Болашақ» экоальянсының төрағасы Аза­матхан Әміртай болса елдегі салғырт-салақтық АЭС үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін атап өтті. «Бұл жерде екі мәселені атап өтер едім. Алдымен қауіпсіздік мәселесі өзекті. АЭС-тер салып алған соң, ол жарылып кетпей ме? Әскери қоймадағы оқ-дәріге ие бола алмайтын елде АЭС салу қауіпті деп ойлаймын. Егер АЭС жарылса, мұның зардабы сұмдық болады. Бейбіт заманда әскери қоймаларымызды қорғай алмай отырмыз. Екі жылдың ішінде екі жарылыс болды. Екіншіден, АЭС деген жасыл энергетика емес, жаңартылатын энергия көзі болып саналмайды. Біз күн, жел, су энер­гиясын көбірек қолдануды құп­таймыз. АЭС қауіпті», – дейді Азаматхан Әміртай. АЗС Ал Нұрлан Амангелді болса қауіпсіздікті нашарлататын фак­тордың ең басында жемқорлық тұрғанын атап өтті. «Жемқор­лық­тың кірмеген саласы жоқ. Егер АЭС құрылысы кезінде сыбайлас­тық болып, ақша жымқырылса елімізге зор қауіп төнеді. Яғни, технологиясы сақталмай жүргі­зілген құрылыс, орынсыз жерден үнемдеу, мердігерлерге қаржыны дер кезінде бермеу тәрізді әре­кеттер құрылыстың сапасыз бо­луына алып келеді. Тіпті, ескі буын реакторын ұсынатындар да, оны қабылдайтындар да табылуы мүмкін», – дейді ол. Демек, сарап­шылардың көбі қауіпсіздікке алаңдайды деген сөз. Оның үстіне, Үкіметке деген сенімнің төмен­дегені сонша, АЭС салу тәрізді маңызды жобаға да үрке қарап отырған жайымыз бар.

Әлемде неше апат болып еді?

Негізі, әлемде АЭС-тер мен түрлі реакторларда Чернобыль мен Фукусимадан бөлек ондаған апат тіркелген. Әдетте, зардабы жағы­нан антирейтингтің басында Чер­нобыль АЭС-інде 1986 жылы болған жарылыс тұр. Одан кейін зардабы жағынан 2011 жылы Фукусима-1 АЭС апаты тұр. Ал 1979 жылы АҚШ-тағы Three Mile Island АЭС-індегі апат үшінші орынға шығады. Сол апаттан ауаға радиоактивті инертті газ тараған. Апат салдарынан төңіректегі 200 мыңнан астам адам көшірілген еді. Мұны антирейтингте екінші орын­ға қоюға болады. Бұдан бөлек, 1952 жылы Канаданың CANDU тәжі­рибелік реакторында, 1961 жылы АҚШ-тың АЭС SL-1 тәжірибелік реакторында, 1969 жылы Фран­цияның Сен-Лоран-дез-О АЭС-інде, 1999 жылы Жапонияның Токаймуре АЭС-іне отын даярлай­тын нысанында, 2004 жылы Жапо­нияның «Михама» АЭС-інде апат болған. Әрине, реактор­лар­дағы түрлі апат бұлармен шектелмейді. Бірақ әдетте ірілері ретінде осы нысандардағы апат саналады. Бір атап өтер жайт, Фукусимадағы апат­тан басқа оқиғалардың барлы­ғында дерлік адам факторы бірінші орынға шыққан. Яғни, оператор­дың қателігі, орынсыз тәжірибе дейсіз бе, әйтеуір адамның арала­суының кесірінен реакторлар мен оларға қызмет көрсететін түрлі нысанда апат тіркеліпті. Демек, АЭС-ке қажет технология жетіл­генімен, адамның салғырттығын жою мүмкін болмай тұр деген сөз. Одан бөлек, су тасқыны, жер сіл­кінісі тәрізді табиғи апаттардан қорғау мүмкіндігі де ескерілуі тиіс. Әйтпесе, АЭС қай жерге салынса да төңіректі жайпап кетеді. Фуку­сима-1 АЭС-індегі апатқа жер сілкінісі мен цунами себеп болған.

11 түрдің қайсысын таңдаймыз?

МАГАТЭ-нің классифика­ция­сы бойынша энергетикалық ядро­лық реакторлардың 11 түрі бар. Дегенмен әлемде ең көп тараға­ны – қысымы жоғары су пайдала­на­тын реакторлар. Олар жаһандағы барлық ядролық реактордың 62 пайызын құрайды. Ал BWR немесе «қайнайтын» реактор деп аталатын тағы бір түрі барлық реакторлардың 20 пайызын құрайды. Қалғаны өзге 9 түрдегі реактор. Сонымен бірге олар 1, 2 және 3 буын реакторлары, 3+ реакторлары деп те бөлінетіні бар. Яғни, таңдау мүмкіндігіміз зор деген сөз. Таңдағанда да жан-жақты, ешкімнің айтқанына еріп кетпейтін өз мамандарымыз таң­дауы керек. Әйтпесе, АЭС саламын дейтін елге реактор ұсынатын мемлекеттер аз емес. АҚШ, Ұлы­британия, Франция, Жапония, Корея, Қытай мен Ресей дейсіз бе, әйтеуір тауарын ұсынатындар табылады. Бірақ Қазақстанның таңдау құқы шектеулі тәрізді. Өйт­кені көптеген сарапшылар Ресей АЭС салуда тізеге басып, жобаны өзі алуды көздейтінін алға тартады. Тіпті, Өзбекстандағыдай түрлі талаптар да қоюы мүмкін. Егер АЭС-ті Ресей салатын болса, ма­мандар тек Ресейде оқиды, қосал­қы бөлшектер де теріскейден келуі қажет, техникалық-сервистік қыз­мет те ресейлік болуы тиіс дегендей көптеген талап қоюы мүмкін. Сон­дықтан Қазақстан үшін энер­гетикалық жоба саналғанымен, Ресей үшін саяси құрал болмақ. Өзге өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге төтеп бере алмайтынын білетін Мәскеу көршілері мен әл­сіздеу елдерге бейбіт атом жағынан көмектесудің кейпін танытып, өзінің ықпал ету аясынан шығар­мауды көздейді. Мәселенің қиын тұсы да – осы.

P.S. Айтпақшы, ядролық реак­торлар арқылы энергия өндірудің түрлі тәсілі де жан-жақты қарасты­рылып жатыр. Мәселен, биыл шілдеде қытай ғалымдары торий мен тұзға негізделген реактор жа­сауға кіріскенін мәлімдеді. Тәжіри­белік реактор 2021 жылдың аяғына дейін жасалып қоюы керек. Ал өнеркәсіп үшін оны қолдану 2030 жыл­дан басталмақ деседі. Салқын­дату үшін су қажет болмайтын осынау реактор экологиялық тұрғы­да мейлінше қауіпсіз саналатын болса керек. Осындай реактордың 1946 жылы жобасы жасалғанымен, нақты жүзеге асыру мүмкіндігі енді ғана қолжетімді болғанға ұқсайды. Бұл – ғылым мен технологияның дамуының нәтижесі. Қазақстан да осындай ғылыми жаңалықтарға көңіл бөлгені жөн-ау.

Ардақ СҰЛТАН