Сырқат жәрдемақысы сын көтермейді

Сырқат жәрдемақысы сын көтермейді

Еңбек министрлігі «еңбек­ке уақытша жарамсыздық парағына» төленетін жәр­дем­ақыны арттыруды ұсынды. Әйтпесе, оның пайдасынан зияны көп. Біріншіден, мөл­шері тым аз: «больничный» алған азамат жалақысынан қағылады, орнына ең төменгі жалақымен мөл­шер­лес, мар­дым­сыз жәрдемақы ғана ала­ды. Екіншіден, бұл жағ­дайда қашықтан жұмысын жал­ғас­тыру құқығынан айырылады. Нәтиже­сінде, әлгі парақ әзір­ге тек жемқорларға ғана пай­далы болып тұр.

Жарамсыздық парағы кімге жарамды?

«Жұмыскер әлдебір дертке шал­дығып, не жарақат алып, өзіне жүк­телген міндетті уақытша орын­­дай алмай қалатын жағдай жиі кездеседі. Мұндайда ол ауру­ханада не өзі тір­келген емханада еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашқызады. Содан еңбек қабілетін қалпына келтіргенше болмаса мүгедектігі анықталғанша оған осы парақ негізінде әлеу­мет­тік жәр­демақы төленеді. Үкіметтің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1103 қаулысына сәйкес, 1 айға төленетін бұл жәрде­мақының мөлшері 15 АЕК-тен аспауға тиіс. 2021 жылы 1 АЕК 2 917 теңгеге тең. Яғни, сырқат­танған жұмыскерге айына 43 755 тең­гедей ғана жәр­де­мақы төленеді», – дейді бухгалтер-эксперт Марина Кузминых. Сонымен бірге оның айтуын­ша, осы азғантай соманың өзінен барлық алым-салық – зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы, әлеу­меттік салық, медсақтандыру жар­на­сы ұсталады. Сөйтіп, қыз­мет­кер­дің қолына тиын-тебен ғана тиеді. Онкологиялық ауруға, түбер­кулезге душар болған жұмыскер 8-10 айдай ауыруы ықтимал, оған жа­лақысы төленбейді, азын-аулақ жәр­демақыны місе тұтуына тура келеді. Еңбекке уақытша жарамсыз­дық парағы тек қолы арам, ниеті қарау жан­дарға, шешім қабыл­дауда қа­те­лікке жол беріп, жаза басқан­дарға ғана тиімді көрінеді: Еңбек кодексіне сәйкес, уақытша еңбек­ке жарамсыз деп танылған жұмыс­керге тиісті па­ра­ғын жап­қанша, тәртіптік жаза қол­­дануға, лауазы­мы­нан қууға ты­йым са­лын­ған. Сондықтан әл­денені бүл­дірген шенеуніктер то­сыннан «больнич­ныйға» кетіп қа­лып жа­тады. Шық­қанша жағдай өзгереді, проб­ле­ма ұмытылады деп үміт­тенсе керек.

Ескірген талап жаңа заманға қайшы

Ал өзге адамдарға бұл парақты рәсімдеу тек шығын ғана әкеледі. Сол себепті көптеген адам оны алмауға тырысады, ауруды жұмыс істеп жүріп өткереді. Бұл, әсіресе пандемия заманында қауіпті. Қаншама адам жалақысынан айы­рылып қалмау үшін коронавирусқа шалдыққанын немесе сырқатпен байланыста болғанын жасырды. HR-менеджер Руслан Мамин та­ғы бір проблемаға назар аудар­тады. «Сырқаттың уақытша жарам­сыздық парағында оның ауырған күндері жазылады. Жұмыс беруші осы кезеңді табельде «жұмыс емес күндері» деп көрсетеді, тиісінше ол мерзімге жалақы есептелмейді. Оның орнына жәрдемақы төленеді. Алайда мұндай тәсіл ескірді, пан­демия және постпандемия зама­нына, жаңа өмір шынайылығына жарамайды. Мәселен, COVID-19 сыр­қаты ауруханадан шыққан соң 14 күн карантинде болады. Бұл жағ­дайда әлгі парақ жабылмайды. Бі­лікті қызметкер кеңседе отырмай-ақ үйінен жұмысын жалғастыра ала­ды. Жалақысы да толық төленер еді. Бірақ оған рұқсат етілмейді», – дейді сарапшы. Уақытша жарамсыздық парағы жабылмаған жұмыскер қашықтан қызмет функцияларын жүзеге асы­ра алмайтынын еңбек ведомство­сы растады. Меморганның түсінді­руін­ше, Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы «Еңбек­ке уа­қытша жарамсыздыққа са­раптама жүргізу, еңбекке уақытша жарам­сыздық парағын және анық­тамасын беру қағидаларын бекіту туралы» бұй­ры­ғына сәйкес, бұл парақ адам­дардың еңбекке уақыт­ша жарам­сыз­дығын куәландыра­ды, жұмыс­тан уақытша босатуға және еңбекке уақытша жарам­сыз­дығы бойынша жәрдем­ақы алуға құқығын растай­ды. «Осыған байланысты егер жұ­мыскер уақытша жарамсыздық парағын ұсынса, онда жұмыс бе­руші оны қандай да бір жұмысқа, соның ішінде қашықтан жұмыс істеуге жібере алмайды. Оған құ­қығы жоқ. Өйткені сырқат барлық жұмыстан уақытша босатылады және еңбекке уақытша жарам­сыздығы бойынша жәрдемақы алады. Ал егер жұмыскердің жұмы­сын жалғастыруға қабілетті екенін дәрігер растаса және жұмысқа кі­ріссе, онда жәрдемақы төлеу тоқ­татылады, жұмыс беруші жалақы төлеуі қажет», – деп түсіндірді министрлік. Яғни, жұмысына қайта кірісуі не қашықтан жұмыс істеуі үшін жа­рамсыздық парағын жапқаны жөн.

Жәрдемақы жалақының бестен бірін де өтемейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі миллиондаған қазақстандық игілігін көре алатын идея ойлап тапты. Оны жүзеге асыру үшін уақытша жарамсыздық парағының «құнын» көтеру қажет. «Еңбек заңнамасына сай, ең­бекке уақытша қабілетсіздік бо­йынша әлеуметтік жәрдемақыға қатысты шектеу қолданылады: оны жұмыс беруші 15 АЕК-тен (биыл 43 755 теңгеден) аспайтын мөлшерде ғана төлей алады. Жұмыскер ұзақ науқастанса, жәрдемақының осы мөлшері емделуге, операцияларға, медициналық ем-дом шараларына, дәрі-дәрмек алуға, көлік шығыс­тарына жетпейді. Мұның сыртында науқас қалпына келу үшін оңалту іс-шараларына, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер алуға, көлік шы­ғыстарына көп шығынданады. Аталған жәрдемақы бұл жағдайда жұмыскердің жоғалтқан табысын өтемейді», – деп түсініктеме берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов. Қазақстанда осы жалақы 2020 жылғы орташа табыстың шама­мен 19,8%-ына ғана тең болған (15 АЕК=41 670 теңге/орташа жалақы 209 818 теңге*100 = 19,8%). Қа­зақ­­стан қосылған Халықаралық ең­бек ұйымының «Әлеуметтік қам­сыз­дан­дырудың ең төменгі нор­ма­лары ту­ралы» конвенциясында өтеу көр­сет­кіші 45%-дан кем болмауға тиіс де­лінген. Яғни, Қазақстан өз мой­ны­на алған міндеттемесін бұзып отыр. Еңбек ведомствосының мәлі­метінше, 2016 жылдан бергі төрт жыл­да орташа айлық жалақының жыл сайынғы өсімі 10%-ды ғана құ­рады және таяу перспективада осы қарқын сақталады. Демек, осы­ны ескерсек, «табысты өтеу пайы­зы» бәрібір теріс серпінге ие болады. Осы орайда өтеу көрсеткішін конвенция талап ететін деңгейге дейін жеткізу үшін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша тө­ленетін жәрдемақыны қазіргі 15 АЕК-тен 35 АЕК-ке (биыл 102 095 тең­геге) дейін көтеру ұсынылып отыр. Бұл бастама Еңбекмині әзір­леген Әлеуметтік кодекс жобасы­на енді. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ дерегінше, бұл өз­герістер 416 287 заңды тұлғаны, ком­пания мен ұйымды және жал­дамалы жұмыскер мәртебесінде еңбек ететін 6,7 миллион азаматты қамтиды. «Еңбекке уақытша қабілет­сіздік бойынша жәрдемақы мөл­ше­рін 15 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін арттыру халыққа денсаулығын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ төленетін жәрдемақының өсуі нәтижесінде азаматтарда сапалы ем алу, ауыр ау­руларды ерте анық­тау және оның со­зылмалы сипатқа ауысуының ал­­дын алу мүмкіндігі пайда болады», – деп дәйектеді бірінші вице-министр.

«Атамекен» ұжымы да үрке қарай ма?

Азаматтардың жалақыдан айы­рылмау үшін ауру күйде жұмысын жалғастыруы еңбек өнімділігінің құлдырауына соқтырыпты. Өйткені созылмалы және кәсіби аурулары бар жұмыскерлер көбейген. Ең­бекминінің дерегінше, жыл сайын денсаулығына жете көңіл бөлуге уақыты жетпеуі кесірінен орта есеп­пен 300-400 адам кәсіби ауруға ұшы­райды. Мысалы, 2019 жылы – 485, 2020 жылы 399 адам кәсіби ауруға шалдығып, тіркеуге тұрды. Еңбек министрлігі бір мысал келтірді: Kazenergy мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығында 2019 жылы 18 жұмыскер ауруына байланысты демалыста болған. Оларға 869 604 теңге әлеуметтік жәрдемақы тө­ленген (15 АЕК-ке шамалас). Пан­демиялы 2020 жылы тек 8 жұмыскер ғана «больничный» алған. Оларға жалпы сомасы 268 505 теңге жәр­дем­ақы берілді. Ал биылғы 2021 жылдың 6 айында небәрі 5 жұмыс­кер жарамсыздық парағын рәсім­деді: оларға 191 927 теңге жәрдемақы аударылды. «Атамекен» ҰКП-да 2019 жылы – 57, 2020 жылы – 45, 2021 жылдың 6 айында 7-ақ адам еңбекке уақыт­ша қабілетсіздігін растаған. Яғни, жарамсыздық парағын алушылар жыл өткен сайын азайып жатыр. Ұлттық палатадағы сырқаттанған осы жандарға 2019 жылы – жалпы сомасы 3 602 017 теңге, 2020 жы­лы – 2 120 737 теңге, 2021 жылдың 6 айын­да 413 399 теңге (15 АЕК-ке ша­ма­лас) беріліпті. Жәрдемақы 35 АЕК-ке дейін көтерілгенде қыз­меткер­леріне «Атамекен» бұдан әлдеқайда қомақты сома төлей алатын еді. Өз кезегінде сарапшылар 35 АЕК-ті де қомсынып, уақытша жа­рамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін шектеуді мүл­дем алып тастауды ұсынған екен. Яғни, мұндай жәрдемақы кө­лемі жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісімде немесе ұжым­дық шартта белгіленуі керек. Бірақ министрлік бұл баламаны құптамай отыр. Біріншіден, ол жемқорлыққа жол ашуы мүмкін: жәрдемақы мөлшерін бірнеше жалақыға тең көлемде белгілеп, жарамсыздық жөніндегі жалған парақтар рәсімдеуі мүмкін. Екін­шіден, қазіргідей жәрдемақыны төлеу кепілдігі жойылады. Жұмыс берушілер оны төлеуден жалтара бастауы мүмкін.

Айхан ШӘРІП