«Ұлттық қор – балаларға»: болашақ қазірден басталады

Жыл аяқталып келеді. Жаңа жылдың жақсы жаңалықтарының бірі – қаңтар-наурыз айларында 18 жасқа толмаған балаларға тағы да Ұлттық қордан ақша аударылатыны.

Биыл ақпан айында қоржынымызға 100 АҚШ доллары түскенде, ішіміз жылып қалғаны рас. Биылдан басталған бұл ізгі шараның игілігін көріп үлгергендер де бар. Осылайша, Ұлттық қор әуелгіде болашақ ұрпақ үшін ашылған болса, сол жолдағы қызмет енді жалғасын тапты.

Ертеңнің несібесі – бүгіннің бәсіресі

Ұлттық қордың құрылғанына ширек ғасырға жуықтады. Мұнайдан түсетін табысты келешекте ел игілігіне жарату үшін 2000 жылы ашылған жинаққа мұнай бағасы көтерілген жылдары өте жақсы қаржы түсті. Бүгінде онда 56 миллиард АҚШ доллары бар. Былтыр дәл осы уақытта, яки 2023 жылдың 16 қарашасы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосып, арнайы заңға қол қойған болатын. Содан бері осынау қаражатты инвести­ция­лау барысында түскен табыс­тың 50%-ы еліміздің 18 жасқа толмаған барлық бала­сының есепшотына теңдей бөлініп есеп­теле бастады. Осылайша, жобаның алғашқы жылы-ақ қазақстандықтар 3,4 миллион АҚШ доллары көлеміндегі ақшаны кәделеріне жаратып та үлгерді. Талап бойынша бұл қаражатты тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға жұмсауға болады. Жыл басынан бергі 10 айдың ішінде оны 33 546 отандасымыз алып, 15 555 адам жалпы сомасы 1 560 343,58 АҚШ долларын білім алуға, 17 991 адам 1 804 604,05 АҚШ долларын баспана жағдайын жақсартуға жұмсапты.

Жалпы, биыл елімізде 304 815 жасөс­пірім 18 жасқа толды не толады. Олардың барлығы 100 АҚШ долларын шешіп алса, 30 миллион АҚШ доллары ел экономикасына, яки білім мен құрылыс нарығына құйылмақ. Келесі жылдан бастап бұл сома екі еселене түспесе, кемімек емес. Олай дейтінім, 18-ге 2025 жылы толатын жасөспірімдер биылғы 100 АҚШ долларына қоса тағы да сондай көлемде, мүмкін одан да артық сомада нысаналы жинақ алады. Елімізде 7 миллионға жуық бала бар десек, бірінші ретте олардың шотына 700 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы есептелді. Келер жылы да солай болмақ. 18 жасқа толмай ақшаны ешкім ала алмайды. Қаражат доллар түрінде түсіп, бұрынғысынша қаржы құралдарына инвестициялана береді. Осылайша, бұл қаражат шотта жатып-ақ қосымша инвестициялық кіріс есебінен ұлғая береді. Өйткені бос жатқан қаржы жұмыс істеуі керек.

Тағы бір артықшылығы – балалардың шотына аударылған ақшадан салық ұсталмайды. Бұл да болса жинақтың сақталуына және көбеюіне көп көмек. Сол сияқты қаржы құралдарын диверси­фикациялау да «болашақ ұрпақтың несібесі» үшін өте тиімді болып тұр. Мұндай процесс сырт көзге байқалмаса да, бағдарламаның операторы болып отыр­ған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) күнделікті жүргізіп отыр­ған қаржылық стратегиясының ажы­рамас бір бөлшегі.

Әрине, кейбіреулер үшін инфляция қысқан қазіргі уақытта жылына бір рет түсетін 100 доллар мардымсыз көрінуі мүм­кін. Өйткені 50 мың теңге «қай жыр­тығыңды жамайды?» деушілер де табылар. Бірақ осы қаржының өзін көп көмек көріп отырғандар да баршылық. Әрі бұл басы ғана, уақыт өте келе Ұлттық қордың ақшасы да, инвестициялық кіріс те өсе бермек. Ендеше «Ертеңгі күннің несібе­сі – бүгінгі күннің бәсіресі» демекші, оң бастаманы ертеңгі игілігінен айырмағанымыз абзал. Ал ең бастысы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының «Елдің келешегіне болсын» деген ниеттен туын­дағанын дұрыс түсініп, сабырды салт еткен халық екенімізді ұмытпағанымыз жөн. 

Оператор ретінде неге БЖЗҚ таңдалды?

Ұлттық қорды басқару Ұлттық банк­тің құзырындағы шаруа болғанымен, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының үйлестірушісі – Қаржы министрлігі. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры нысаналы талаптарды, нысаналы активтерді, нысаналы жинақтау шоттарындағы (НЖШ) нысаналы жинақтарды есепке алу, нысаналы жинақтар төлемін жүзеге асыру жөніндегі оператор болып айқындалды. Одан кейінгі эстафетаны уәкілетті операторлар – «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Қазпошта» АҚ жалғастырмақ. Олар бағдарламаның тікелей талабы – білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсаттарын жүзеге асыруға атсалысады. 

Бұл тұста БЖЗҚ-ға жүктелетін міндет – Ұлттық қор мен болашақ ұрпақ арасында дәнекер болу. Мұндай сенімнің артылуы да тегін емес. Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қоры әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды іске асыруда үлкен тәжірибеге ие. Оның дербестендірілген есеп пен қашықтан қызмет көрсетуге арналған бірегей ақпараттық-технология­лық жүйелері, халыққа қолжетімді қызметтер көрсететін дамыған өңірлік желісі бар. Осы реттен қарастырсақ, аталмыш қаржы институты зейнетақы жүйесінен де кең құзыретке ие боларлық даму сатысын бастан кешіп жатыр. Жоба жаңа басталып жатқандықтан, ол әзірге тек нысаналы талаптар төңірегінде қызмет атқарып тұр. 7 мил­лиондай балаға ­аударылған нысаналы талап Ұлттық қорда қалып, инвестициялық мақсатта жұмыс істей береді. БЖЗҚ тек 18 жасқа толған ел азаматтарының нысаналы жинақтау шоттарымен айналысады. Жыл сайын қорға аударылған ақшаны 10 жыл бойы сақтап, төлем алуға өтініш берілмеген жағдайда ерікті зейнетақы жарнасы есебінде сол баланың жеке зейнетақы шотына аударады. Нысаналы жинақтарды алушы өзіне тиесілі соманың барлығын не бір бөлігін пайдалануға құқылы. Бұл ретте қалдық сома нысаналы жинақтау шотында қала береді. Ал тұрғын үйге, білім беру ақысына пайдалану үшін уәкілетті оператор ретінде тіркелген банктерге өтініш беру керек. Қаражатты тұрғын үй үшін пайдалануға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етіледі. Осы қаражатқа сатып алынған тұрғын үйді қайта сату бойынша шектеулер көзделмейді.

Атап кететін бір жайт – Қазақстаннан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кетіп, Қазақстан азаматтығынан шыққан балалар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қаржысын пайдалану құқығынан айырылады. Ал бала қайтыс болған жағ­дайда оның қаражаты Қазақстан Рес­публикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылатын болады. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша толық мәліметті БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтынан немесе ұялы қосымшасынан алуға болады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ