Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан бері айдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде елді мекенде не өзгеріп, апат салдарын жою бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Бұқараның базынасына билік құлақ түріп, қаза тапқандардың жақындары мен жаралыларға өз деңгейінде көмек көрсетілді ме?
Қайта қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны қандай?
Облыс әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, төтенше жағдай кезінде зақым келген нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін 5 жұмысшы тобы құрылып, олардың құрамына Құрылыс басқармасының, аудан әкімдігінің, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институтының және жобалау ұйымдары мен төтенше жағдай қызметкерлері енген екен. Олардың күшімен Байзақ ауданындағы Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарындағы барлық үй зерделеніп, 159 тұрғын үй, 12 коммерциялық, 4 әлеуметтік нысанның зардап шеккені анықталған. Оның ішінде 35 үй мен 12 коммерциялық, 1 әлеуметтік нысанға және 1 ауылішілік жолға айтарлықтай зардап келгендіктен, мемлекет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша шешім қабылданған. Жарылысқа жақын аумақта орналасқан Қайнар ауылындағы 19 тұрғын үйдің 6-ауының шатыры бүгінде толығымен жабылып отыр. Қазір тек ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, қалған үйлердің де шатыры жуық арада жабылып бітеді екен. – Жұмысшы тобының қорытындысына сәйкес 19 үйдің 3-еуінің қабырғасы сүріліп қайта тұрғызылса, 1 үй мүлдем жарамсыз деп табылғандықтан іргетасынан бастап қайтадан салынып жатыр. Құрылысқа жауапты 5 мердігер компания күн-түн демей жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде осы аптаның аяғына дейін 3 үйдің тұрғындары баспаналарына оралады. Жалпы, құрылысты толығымен аяқтауға 2 ай уақыт берілді. Сондықтан біз алдағы 20-25 күннің ішінде барлық баспаналарды қолданысқа береміз деп күш салып жатырмыз. Жарылыс кезінде аудан бойынша 34 тұрғын үйге зақым келсе, 72 үйдің есік-терезесі қалпына келтірілді. Жеңіл зардап шеккен 3 әлеуметтік нысан мен 124 жеке тұрғын үй демеушілер есебінен жөнделіп жатыр. Елеулі дәрежеде зардап шеккен тұрғын үйлер бойынша да жұмыстар қолға алынған. Жалпы, бұл іс-шараларға 12 мердігердің 187 жұмысшысы және 22 техникасы жұмылдырылған, – дейді Қайрат Әбілханұлы.Байзақтағы бұқара не дейді?
Байзақ ауданындағы елді мекендерді аралау барысында тұрғындар билік тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке ризалықтарын жеткізді. – Мұндайды ешкімнің басына салмасын, әрине. Бір сәт тыным таппай, қызу жұмыстың бел ортасында жүрген құрылысшыларға алғысым шексіз. Барлығы өз үйлерін жөндеп жатқандай ештеңеден аянып жатқан жоқ. Тек біздің ғана емес, ауылдастарымның барлығының үйінде құрылыс осылай қызу жүріп жатыр. Осында қызым тұрады. Оның да баспанасының құрылысы таяу арада аяқталмақ. Облыс пен ауданның басшылары күнара ауылға ат басын бұрып, хал-жағдайымызды біліп тұрады. Барлығына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Дәнегүл Сүйіндікова. Қайнарлық Қымбаткүл Алибаеваның үйіне орасан зақым келгендіктен, ол жарамсыз деп танылған. Соған байланысты тұрғын үйді түгелдей сүріп тастап, іргетасынан бастап қайта тұрғызылып жатыр. – Бұл жарылыстан баспанамыз қирап, толықтай жарымсыз болып қалды. Әрине, жазмыштан озмыш жоқ. Облыс басшылығы тарапынан барынша көмек көрсетіліп, жәрдем беріліп жатыр. Апат болғаннан бері 1 айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде құрылыс жұмыстары бір бәсеңдеген жоқ. Әзірге есік алдына тігілген арнайы шатырда уақытша күнелтудеміз. Күн суытып, қар жауғанша өз баспанамызға қайта оралармыз деген үмітіміз бар, – дейді тұрғын.Қаза тапқандардың несиесі толықтай кешірілді
Жалпы, Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін бір ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы күні кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте де баян етті. – Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан 17 адам қаза тауып, бір сарбаз әлі күнге табылмай жатыр. Десе де, оны іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Қаза тапқандардың жақындарына ең әуелі жерлеу үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан қаржы берілді. Бүгінде 15 отбасына төленіп, 2-еуінің стажы мен төлемі белгіленген межеге жетпеді. Төленген соманың құны – 13 мың мен 152 мың теңгенің аралығында. Екіншіден, асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін сома әлеуметтік төлемақы есебінен 76 мың мен 262 мың теңге аралығында белгіленді. Төлемдер қазан айынан бастап төлене бастайды. Үшіншіден, әскерилерге қатысты заңға сәйкес, соңғы бес жылдағы жалақысы әлеуметтік төлем ретінде берілетін болды. Бұл сома – 7 миллион мен 23 миллион теңге аралығында. Бұдан бөлек, республикалық қазынадан 10 миллион, жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге қайтыс болған азаматтардың жақындарына көмек ретінде тапсырылды. Тағы бір айта кетерлігі, 17 азаматтың отбасының жағдайы толықтай зерделеніп, екінші деңгейлі банктердегі 47 несиесі кешірілді. Сондай-ақ марқұмдардың жұмыссыз туыстарын қызметпен қамтып, қазір қалған алты азаматты жұмысқа тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр, – деді облыс әкімі.Жарақат алғандар да мемлекеттік қолдаудан шет қалмады
Брифингте әкім жарылыс кезінде жарақат алғандар да мемлекеттік қолдаудан шет қалмағанын хабардар етті. – Төтенше жағдай кезінде барлығы 87 адам жарақат алды. Оларға 291 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Үйлері қираған тұрғындарды біз қалауларына қарай уақытша шатырға орналастырып, күн суытқан тұста жылы киімдермен қамтыдық. Жарылыс аумағында болған үйлердің барлығының балалары мектепке барып жүр, – деді Б.Сапарбаев. Брифинг барысында журналистер тарапынан қойылған жарылыстың себебі мен жауаптылар қашан анықталады деген сауалға облыс әкімі қазір арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын, соның қорытындысында барлық жағдайдың анық-қанығы айтылатынын жеткізді.P.S.
Жалпы, Байзақ ауданындағы құрылыс жұмыстарына демеушілер тарапынан 150 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген. Қосымша мемлекеттік резервтен тағы 1 миллирд 200 миллион теңге бөлінген. Міне, осы қаржыға елді мекенде қираған нысандардың денінің құрылысы қазан айында аяқталады деп жоспарланған. Ең бастысы, бұқара күн суытпай баспаналарына кіріп алса игі.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы