Көкшетауда теміржол көпірінен құлап өлмек болған әйел құтқарылды
Көкшетауда теміржол көпірінен құлап өлмек болған әйел құтқарылды
408
оқылды
Көкшетауда теміржол үстіндегі көпірдің үстінен секіріп, өзін-өзі өлтірмек болған әйел құтқарылды. Әйел кернеу қуаты өте жоғары сым желілердің үстіне құламақ болған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Суицид жасамақ болған әйел полицияға өзі хабарласқан болып шықты. «Бүгін сағат 12.36-да 102 арнайы желісіне Көкшетау қаласының жедел басқару орталығына 34 жастағы қала тұрғыны хабарласты. Орталық инспекторы әйелдің даусынан оның қатты абыржығанын анықтады. Ол отбасындағы күрделі жағдайдың салдарынан әбден ашынып, теміржолдардың үстіндегі көпірге өзін-өзі өлтіру үшін бара жатқанын хабарлады. Ақпарат дереу полицияның барлық патрульді экипаждарына жіберілді», - дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Уақыт ұтуға тырысқан жедел басқару орталығының инспекторлары телефон әңгімесін барынша ұзақ созып, оқиғаның себебін білуге тырысқан. Ал арада екі минут ішінде дәл сол жерге жеткен автопатруль экипажы қызметкерлері - полиция капитаны Олег Герасимов пен полиция лейтенанты Қанат Магубаев көпір үстінде қоршаудан жоғары кернеулі сымдардың үстіне секіретін ыңғайлы жер таңдап, құлағалы тұрған әйелді көрген. «Полиция қызметкерлері дереу әйелді ажалдан құтқару үшін тұра ұмтылған. Ал дәл сол уақытта көпірдің қарама-қарсы жағынан келе жатқан ер адам мен қыз да полиция қызметкерлеріне көмектесіп, әйелді құлаудан арашалап қалыпты», - деп толықтырды Гүлнәр Пинчук. Қазіргі уақытта полицейлер суицидтен адамды құтқарып қалуға көмектескен адамдарға алғыс білдіру үшін кім екенін анықтау үстінде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы