Әдетте субсидия отандық өндірісті қолдаудың тиімді құралы ретінде қолданылады. Алайда демеуқаржы ережелерінің бұлыңғырлығы мен ойын тәртібінің ұдайы өзгеріп отыруы осы игі мақсаттың берекесін қашырып біткен.
Ресми дерекке сүйенсек, мемлекет агроөнеркәсіп кешенін дамытуға деп соңғы бес жылда жеңілдікпен берілетін несие мен субсидияға 2,9 триллион теңге бөліпті. Бірақ осы ақшаның бірталайы діттеген жеріне жетпей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Мәселен, 2018-2020 жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты 144 қылмыстық іс қозғалған, оның 57-сі сыбайлас жемқорлық қылмысқа қатысты. Ал субсидияны жымқыру бойынша 87 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Оның барысында 2,1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілгені анықталды. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты екенін қынжыла жеткізе отырып, «бұған жол беруге болмайды» деп қадап айтқан еді. Бұл мәселені жақында Сенат депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Андрей Лукин Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында тағы көтерді. «Агроөнеркәсіп кешені саласында жалған келісімшарттар жасалып, шындыққа жанаспайтын ақпарат берілетіні жасырын емес. Соның салдарынан қаншама қаржы желге ұшып жатыр. Субсидия беру механизмі ашық емес және ережелері де жетілдіруді қажет етеді. Дәл осы себептен бұл саланы сыбайлас жемқорлық жайлаған. Оған жемқорлық істерінің көптігі дәлел», – деді ол.Береген қолым алаған
Әлбетте, мемлекеттік субсидияны жымқырған суық қолды жылпостар міндетті түрде жазалануы тиіс. Бірақ бізде әдеттегідей «артық қыламын деп тыртық қылды» демекші, құзырлы органдардың кәріне жемқорлар емес, ең бірінші шағын шаруашылығын күйттеп жүрген қарапайым фермерлер ілікті. Прокуратура 100-ден астам шаруаны 5 млрд теңге мемлекеттік демеуқаржыны заңсыз алды деп айыптап, бастарына әңгіртаяқ ойнатып отыр. Сөйтіп, субсидия шаруаның басына сор болып жабысқан. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі өкілетті өкіл Рүстем Жүрсінов мәлім етті. Оның айтуынша, прокуратура республиканың барлық 17 өңіріндегі әкімдіктерге агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінен миллиардтаған сома субсидияны өндіріп алу туралы нұсқау түсірген. Осыған байланысты жергілікті Ауыл шаруашылығы басқармалары субсидияға бөлінген қаржыны жаппай қайтарып алу әрекетіне кіріскен. «Ауыл кәсіпкерлерінен субсидияларды өндіріп алуға мемлекеттік аудиторлардың қорытындысы негіз болды. Сол бойынша 100-ден астам фермердің қазынаға 5 миллиард теңгені қайтаруы міндеттелді. Мен бұл шешімді күмәнді әрі шаруашылық субъектілері мемлекет мүддесіне нұқсан келтірді деген айыптау орынсыз деп санаймын. Себебі демеуқаржы мемлекетке тиесілі «Аграрлық кредиттік корпорацияға» тікелей аударылған. Яғни, бюджет қаржысы мемлекеттік заңды тұлғаның өзінде қалды», – дейді Рүстем Жүрсінов. Бұл жерде бар түсінбеушілік субсидия алу шартының бұлыңғырлығынан туындап отыр. Мәселен, құқық қорғаушының айтуынша, кәсіпкер жылыжай кешенін салатын болса немесе қолданыстағысын кеңейткісі келсе, Qoldau ақпараттық жүйесіндегі №17 жоба паспортын таңдауы шарт. Бірақ бұл тармақта шаруаға қажетті құрал-жабдықты субсидиялау жайы қарастырылмаған, тек «жылыжай құрылысы» және «жылыжайды кеңейту» функциялары көрсетілген. Сондықтан фермерлер Qoldau жүйесінде өтініш қалдырғанда «құрылыс» деген тарауды белгілеген. Ал «Аграрлық кредиттік корпорация» кредиттік комитеттің шешімінде заемның нысаналы мақсаты ретінде «құрал-жабдықты сатып алуды» көрсеткен. Тексерушілердің кәсіпкерлерге тағып отырған жалғыз айыбы – осы. Мұны енді «тырнақ ішінен кір іздеу» демеске лажың жоқ. Бизнес-омбудсмен сол себепті Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына хат жазып, ауыл кәсіпкерлері субсидияны заңсыз алды деген айыптау бойынша жүргізілген тексеріс нәтижелерін қайта қарауды сұраған.Демеуқаржының шарты оңтайландырылса...
«Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ның «жемазық шығындарының құнын арзандату» бағыты бойынша субсидия алған ақтөбелік фермер Данияр Отарбаевтың да басындағы жайт осыған ұқсас. Оның орта кәсіпкерлік нысанына жататын шаруашылығы төрт түлікпен, сондай-ақ дәнді және бұршақ дақылдары және жемшөп өсірумен, сүт және сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Фермерге 2020 жылдың соңында қолындағы 1 432 сиырдың жемазығы үшін мемлекеттен қомақты демеуқаржы берілген. Оның шарты бойынша кәсіпкер бағымындағы мал басын табиғи өлім-жітімді санамағанда, басқадай жолмен төмендетпеуге міндеттелген. Егер мал басының сақталуын қамтамасыз ете алмаса, субсидияны қайтарып беруі тиіс болған. Әйтсе де, жағдай әрқилы болады емес пе, қаржылық қиыншылықтарға байланысты ол малының 339-ын сатуға мәжбүр болыпты.«Ойын тәртібінің» өзгеруінен опық жеді
Ал қостанайлық фермерлер биыл мемлекеттің субсидия беру шартының өзгеруіне байланысты демеуқаржыдан қағылған. Түсінікті болуы үшін мәселені басынан бастайық. 2016-2017 жылдары облыстың Федоров ауданындағы асылтұқымды мал басын өсіруші 3 000-ға тарта шаруа өзара бірігіп, жеті ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрған, сөйтіп мемлекеттен берілетін субсидияға қол жеткізген. Бірақ 2021 жылғы 13 шілде күні асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау талабы өзгеріп, бұдан былай кооперативтер жеке мүлкі бар заңды тұлға түріне жатқызылған. Бұл жерде кооперативтердің балансындағы мал-мүлік жекелеген шаруалардың жекеменшік мал бастары негізінде құралған бірлестік екені ескерілмеген. Аталған Ереженің 5 формасында селекциялық және асылтұқымды мал өсірушілер мемлекеттен субсидия алу үшін кәсіпорынның есептік нөмірін көрсетуі тиіс, ал кооперативтерде ондай нөмір жоқ. Өйткені шаруашылықтар бір бірлестікке біріккенімен, әркім өз малын өзі жеке ұстап, жеке бағады, сондықтан қолданыстағы заң бойынша жеке шаруашылықтардың бәріне ортақ бір нөмір берілмейді. Бұл жағдайды осы құжатты қабылдаған лауазымды тұлғалардың түсінбеуі, білмеуі мүмкін емес. «Сөйтіп, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың құқықтық-нормативтік актісіне өзгерту енгізу арқылы асылтұқымды мал басын өсірушілерді демеуқаржыдан қағып отыр. Қалыптасқан қағида бойынша барлық құқықтың актілеу жобалары ұлттық кәсіпкерлік палатасында және қоғамдық ұйымдарда сараптамадан өтеді. Бірақ мұнда ауылшаруашылық кооперативтеріне қатысты мәселелер үстірт қаралғаны және бұл жобаларды кәсіби тұрғыдан саралай алатын маманның болмағаны көрініп тұр. Өйткені Үкімет тарапынан қабылданып жатқан барлық іс-шаралар ауыл шаруашылығы кешені субъектілерінің жұмысын жақсартуға бағытталуы тиіс еді, ал біздің жағдайда министрлік шығарған шешім керісінше фермерлерге кесірін тигізіп тұр»,– дейді кооператив төрағасы Мырзахмет Өксікбаев. Айта кетейік, асылтұқымды мал өсіруші 3 000 шаруа бүгінге дейін Үкімет берген субсидияны қолдарындағы аналық сиырлар мен төлдерін көбейту үшін жаратып келген. Бұл қаржы негізінен жемшөп сатып алуға жұмсалатын. Өйткені кооператив шаруашылықтарының көпшілігінде өздеріне тиесілі жеке шабындықтары мен жайылымдары жоқ, әрі малдың қоңдылығын кемітпей ұстап тұру үшін диірмендерден жем сатып алу, түрлі дәрумен беру қажет. Мұның бәрі қыруар ақша, мемлекеттік субсидия осы керектердің бір бөлігін ғана жабатын, ал қалған ақшаны шаруа адамы өз қалтасынан шығаратын. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің фермерлері осы демеуқаржының өзінен айырылып отыр. Фермерлердің енді шаруашылықтарын шайқалтпай ұстап тұруы үшін малдарының бір бөлігін саудаға шығарып, сойып сатудан басқа амалдары қалмаған. Сөйтіп, құзырлы органның ойланбай жасаған қадамынан асылтұқымды мал басының бірталайы пышаққа ілінетін түрі бар.Дәулет АСАУ