Шаруалардың жанайқайын кім тыңдайды?
Шаруалардың жанайқайын кім тыңдайды?
170
оқылды

Қазір еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласында келесі бес­жылдыққа агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ұлттық жобаны әзірлеу шарасы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы халыққа арнаған Жолдауында қолда­ныстағы мемлекеттік бағдарлама келесі жылы аяқталатынын,  Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агро­өнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырған болатын. Содан бері министрлік тарапынан жобаны әзір­леуге арнайы жұмыс тобы құрылып, ел­дегі ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесу өткізіп, ұсыныс тың­далуда.

Әр облыстың жер жағдайы мен климаты сәйкес келмейді

Осынау жобаға ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған Түркістан облы­сының шаруалары да өз ұсыныстарын біл­діріп, негізгі проблемаларды жеткізгісі келеді. Қазақстан фермерлер қауымдас­тығының Түркістан облысы филалының директоры Жүсіп Шәріпұлы өңірдің ауыл шаруашылығын бес саусақтай білетін жан. Әрдайым шаруаларда кездесетін қиындық­тар мен проблемалар төңірегінде мәселе көтеріп, оң шешілуіне ықпал етіп жүр. Түркістан облысындағы 15 ауданда ауа райына, климат жағдайына қарай  мақта, бидай, көкөніс, жемістің бірнеше түрі егіледі. Одан бөлек, мал шаруашылығы да дамыған өңір.  «20 305 мүше бар. Биыл 40 мыңға жеткіземіз деп отырмыз. Респуб­ликада ең мүшесі көп біздің облыс. Өңірдегі 173 ауыл округінің барлығында филиал ашыл­ған. Яғни, бар ауыл қамтылған. Мақ­сатымыз – 173 ауыл округіндегі фермердің басын қосып, әлеуметтік, қаржылық жа­ғынан мүмкіндік жасап беру. Биыл агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың бесжылдық бағдарламасы аяқталады. Министрлік тара­пынан Zoom платформасы аясында өткен тыңдалымға қатыстық. Әлі де айтар ұсы­нысы­мыз көп», – дейді Жүсіп Шәріпұлы. Қа­былданатын концепцияда жер телімі, оны қалай пайдалану керек, егін, мал шар­уа­шылығы да жан-жақты талқыланып жат­қанын сөз еткен фермер, алайда бүгінде осы­нау салада проблеманың шаш етектен екенін  ашына жеткізді. «Қордаланған проб­леманы бір жүйеге  түсіру үшін нақты бағыт-бағдар керек. Бәрінің түйіні – ауыл шаруа­шылығының өндірістік кооперативін да­мыту. Қазір  фермердің барлығы майдаланып кеткен. Бірігу туралы заң 2015 жылы шық­ты. 2015 жылдан 2017 жылға дейін бұл нау­қан жақсы жүрді де, кейін сол күйінде қалып кетті. Осы мәселені жиі қозғаймын. 2019 жылы министр 14 облыстың төрағасын қа­был­дады. Сонда сөйлеген 18 адамның проб­лемасы кооперацияға біріккенде ғана ше­шілетінін жеткіздік. Кооперация жолға қо­йылса, мәселе болып жүрген техника да, қаржы да, минералды тыңайтқыш та өз-өзінен реттеле бермек. Фермерлердің сонда көзі ашылады. Ауыл да кооперацияға байланысты дамиды. Осынау ұлттық жобаға кооперацияның енетінін естіп қуанып отырмын. Бірақ оның механизмін жан-жақты қарап түзбесе, шаруалардың біріге қоюы қиын. Олар біріксек, иеленіп отырған жерінен айырылып қаламыз деп қорқады. Жоқ олай емес, сол жерімен бірге кіреді. Иелігіндегі жерді ешкім ала алмайды. Кеңес заманында ұйымдастыру шаруашылық кітабы деген болатын. Онда егіс танаптары, ауыспалы егіс, оны қалай тыңайту керек, микроэлементтер барлығы жердің карта­сында тұратын.  Бізде солтүстік өңірлер сия­қ­ты 10-50 мың гектар деген жоқ. Міне, осыны Ауылшаруашылық министрлігі, де­путаттар, Үкімет және жергілікті билік  дұ­рыстап халыққа қарапайым тілмен түсіндіре алса, ешқандай қорқыныш болмайды. Ко­оператив болмаса, «баяғы жартас бір жартас» күйінде ешқандай өзгеріссіз қала­ды», – дейді фермерлер қауымдастығының төра­ғасы. Жүсіп Шәріпұлы ұлттық жобаға әзірлік барысында министрліктің әр облысты жеке-жеке тыңдаймыз деп уәде еткенімен, енді 4 облысты біріктіріп тыңдап жатқанына көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі әр облыстың менталитеті, жер жағдайын, климатын салыстыруға келмейді.

Табыстың жартысынан көбі жағармайға жұмсалады

Шаруалар үшін тағы бір проблема – дизель отыны. Бір кездері құны болмашы тиын тұ­ра­тын жағармайдың бағасы қазір жанар­майдан әлдеқайда шарықтап кеткен. Тіпті, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек те  жәрдемдесе алмапты. Бір қызығы, был­тыр фермерлер қауымдастығы ауыл-ай­мақты аралап, шаруалармен кездескенде мемлекеттен жәрдем ретінде беріліп жатқан дизель отыны 165 теңгеден келіп жатса, на­рықтағы, яғни жанар-жағармай құю беке­тіндегі баға 150-155 теңгеден босатылған. Созақ аудандық фермерлер қауымдас­тығының төрағасы Нұрлан Керімов  тасымал­дың барлық түрі дизель отынына тәуелді екенін, өкінішке қарай табыстың тең жартысы соған жұмсалатынын айтады. «Азық-түлік бағасы  осыған тікелей бай­ланысты. Жұмысшыларға берілетін жалақы шығынға қарай есептеледі. Үкімет тара­пынан осы мәселенің шешілмей келе жат­қанына ренжиміз», – дейді ол.

Шаруалар мал басын көбейтуге жер таппай отыр

Фермерлер бас қосқан жиында Кентау қала­сы фермерлер қауымдастығының төрағасы Өтепберген Атажанов мал шаруа­шылы­ғының түйткілді мәселелеріне тоқталды. Негізі, ауылдық жердің күнкөрісі төрт түлік мал екенін айтқан ол бүгінде бұл саланың ілініп-ақ тұрғанын жасырмады. «Бұрын шаруалардың көбі алатын азық-түлігі мен керек заттарын малмен есептесе беретін. Салдарынан қазір мал басын азайтып алды. Енді шаруасын кеңейтіп, малын көбейтейін десе жайылымы, жемшөп дайындайтын суармалы жері жоқ. Қора салуға да жер тап­пай отырғандар көп. Мал азығын дайындар жері болмағандықтан, жемшөпті сатып алып, мал баға алмайды. Тиімсіз. Бордақы малдан ептеп пайда түсе­тін шығар, бірақ малдың қай түрі болсын, оның төлін көбейту үшін азық сатып алып бағу мүмкін емес. Өзіме қарасты 16 ауыл окру­гінің мал шаруашылығымен айналыса­тын фермер­лердің бүгінгі жанайқайы – осы. Осы мә­селемен бірнеше рет облыстық  Ауыл ­шаруашылығы басқармасына да бардым. Ауылда шаруа балалары қазір 300 уақ малды үйінің ауласында ұстап отыр. Одан ары көбейте алмайды. 300-дің өзіне ауласы тарлық етеді. Кейбір жылдары егін суаратын су да, жауын да болмай қиналдық. Таудың суын су сақтау орнынан жинап пайда­ландық» деп ағынан жарылды фермер. Ал созақтық Нұрлан Есенбекұлы кезінде өңірдегі қаракөл қой мен түйе шаруа­шылығының ең ірі ауданы болған аймақта қазір қуаңшылық болып тұрғанына алаң­дайды. Қуаңшылық салдарынан шөп тапшылығы болып, биыл қыста көп адам малын қырып алғанын, үлгергені сойып алғанын айтады. Шөптің бір дестесі – 1 300 теңге, жемнің келісі 120 теңгеден болған. Сондықтан болар мал шаруашылығы дүр­кіреген аудан шаруалары қазір мал бағумен айналысқысы келсе де, тәуекелге баруға қор­қады. «Былтырғы қуаңшылықта жырт­қан жеріміз шаң болып жатты. Сосын тех­никалар да жоқ, барының өзі ескі, жер жыртуға жарамайды. Жердің жартысын ғана жыртқызып үлгердім. Ауылда техника тапшылығынан маусым кезінде шөбін дер кезінде орғызып ала алмайтындар бар. Мемлекеттік бағдарламаның түрі көп. Бірақ ол ауылдағы шаруаларға жетпейді. 10 пайызбен несие береміз дегенге құжат өткізіп едік. Жер деді, кепілге зат деді, осындай талапты әупірімдеп орындап, күтіп жүргенде, соңында ақша жоқ деп бермей қойды. Жалпы, мәселе көп. Жаздыгүні малшылар Бетпақдалаға жайылымға көше­тін. Қазір ондағы құдықтар жабылып қалғандықтан, ол жаққа бармайтын болды. Ау­данда мал шаруашылығынан гөрі өн­діріске басымдық беріліп кетті. Шаруа­шылықтан күй кетті», – дейді Н.Есенбекұлы. Осы тұста  біраз жыл бұрын мемлекеттің құдық қазғандарға субсидия бергені еске түседі. Естеріңізде болса, жайылымдық жерлерге құдық қаздырып, суландырғанға мемлекет құдық құнының 80 пайызын төлейтін. Кейін оны қысқартып, суб­сидияны алып тастады.

«Қолдау» қолдаған жоқ

Фермерлер еліміздегі карантин кезінде бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті биліктің наубайханалар мен азық-түлік дүкендеріне пайызсыз несие сияқты көмек көрсеткеніне қынжылады. Ондай көмекті алыпсатарларға емес, азық-түлік бағасын ұстайтын шаруаларға беру керек екенін айтады. Өнімнің өзіндік құнын түсірмей пайда жоқ. Жеңілдетілген несиенің өзін қолы жеткендер ғана иеленеді. Одан бөлек, шаруаларға Qoldau.kz электронды жүйесі қатты қолбайлау болып тұр. Электронды жүйе арқылы алынған әрбір зат үшін 31 мың теңге төлеу керек.  Одан бөлек, тиімсіз тұстары көп. Иә, аграрлық мемлекет бола тұра етті, сүтті, тауық өнімдерін, жемісті сырттан алғанымыз ұят. Шаруалар айтқандай, ауыл шаруашылығын өркендетпей, өрісіміздің кеңеймесі анық. Ұлттық жобаны жазып жатқандар елдегі осынау проблемаларды ескерсе дейміз...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы