30 жылда еңсе тіктеген ел спорты
30 жылда еңсе тіктеген ел спорты
345
оқылды

Қазақстан тәуелсіз мемлекет болған 30 жыл ішінде ел спортшылары едәуір жетістікке жеткені анық. Олимпиада ойындары мен әлемдік додаларда көк Туымыз сан мәрте желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Егемендік алғалы ғаламның ғаламат бәсекелерінде өз еншісінен қағылып көрген жоқ. Ел дамуының ерекше нышанының бірі – спорт саласындағы жетістік. Ендеше Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған ел спортының бағындырған белесін тілге тиек етсек. Кей кемшіліктердің барына қарамастан, спорт саласының жетістігі жайлы ауыз толтырып баяндауға болады.

Жетістік шыңы – Олимпиада

Спорттағы ең биік меженің бірі Олимпиада ойындары екені дау­сыз. Дүбірлі дода төрт жылда бір өтеді. Әлемнің әр түкпірінен кел­ген мыңдаған спортшы осы биікті бағындыру үшін барын салады. Олим­пиада ойындарына тәуелсіз ел спортшылары 7 мәрте қатыс­ты. Соңғы Токиодағы сәтсіздікті айт­пағанда, ешқашан алтынсыз қайтпады. 1992 жылы Барселонадағы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар ТМД-ның біріккен құрамасы сапында өнер көрсеткенін ескеріп, біз ол жайлы әңгіме қозғамаймыз. Спорт­шыларымыз жазғы Олим­пиа­даға 1996 жылдан бері қатысты. Сол уақыттан осы күнге дейін жал­пы 72 медаль жеңіп алды. Оның 19-ы – алтын, 20-сы – күміс, 33-і – қола. Ал қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып, қазірге де­йін жеті жүлде жеңіп алдық. 1 ал­тын, 3 күміс, 3 қола медаль қор­жын­да. Бұл тұста Қазақстан құ­рамасы Азия ойындарына да 1994 жылдан бері қатысып келе жат­қанын айтайық. Додадағы же­тістік мол. Жалпы, 557 медальға қол жеткіздік. Оның ішінде 155 ал­тын, 158 күміс, 244 қола бар. Ал қыс­қы Азия ойындарында 69 ал­тын, 51 күміс, 44 қола жүлде иемдендік. Енді Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған спортшы­лар­дың есімін жекелей атай кетсек. Қазақстанның Әнұранын қысқы Олимп шыңында тұңғыш рет Владимир Смирнов шырқатты. Атақты шаңғышы сол кезде бір өзі бір алтын, екі күміс медаль алды. 1996 жылы Қазақстан спортшы­лары алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Әлемдегі ең ірі спорттық жарысқа алғаш рет қатысып жат­қанына қарамастан, Қазақстан 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте 24-орынға табан тіреді. Келесі қысқы Олимпиада 1998 жылы Жапонияның Нагано қала­сында өтті. Осыдан 20 жыл бұрын­ғы жарыста Қазақстан командасы екі қола медаль алды. Оларды конь­киші Людмила Прокашева мен шаңғышы Владимир Смирнов алды. 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиадада тәуелсіз Қазақстан атынан тұңғыш рет қос қазақ жігіті Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов алтын алғанын ұмытпадық. Қазақстан құрама командасы 199 елдің ішінде 22-орынға жайғасты. Өкініштісі сол, 2002 және 2006 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында ел спорт­шылары жүлде алмады. Ал 2004 жылы Афинада өткен жазғы ойындарда Бақтияр Артаев алтын медаль алды және ең шебер боксшыға берілетін Баркер кубогін иеленді. 2008 жылы Пекинде өткен жазғы Олимпиада қазақстандық спортшылар 2 алтын, 3 күміс пен 4 қола медальді қоржынға салды. Жалпы есепте 205 мемлекет ішінде 29-орынға тұрақтады. 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойында­рында биатлоншы Елена Хруста­лева Олимпиада күмісін алды. 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олим­пиада ойындарында Қазақ­стан құрамасы айды аспанға шығарғаны анық. 7 алтын, 1 күміс, 5 қола иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алған. Боксшы Се­рік Сәпиев алтын медалмен қоса техникасы жоғары боксшы ретінде Баркер кубогіне ие болды. Велошабандоз Александр Вино­куров пен жеңіл атлет Ольга Рыпа­кованың алтын жүлдесі күмән тудырған жоқ. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы Олим­­пиадада мәнерлеп сырға­наудан Денис Тен қола жүлдегер атанды. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында кезекті жазғы Олимпиада өтті. Бұл сында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола алған. Алғаш рет суға жүзуден Дмитрий Баландин алтын алды. 2018 жылы Оңтүстік Корея елінде өткен қысқы Олимпиадада фристайлшы Юлия Галышева қола медальға қол жеткізді. Сонымен, біз тек қысқа шолып өттік. Әйт­пе­се, жүлде алған барлық спорт­шы­ның еңбегі мадақтауға лайық. Енді кәсіби спорттың халіне келсек.

Кәсіби спорт өресі мен футзалдың дамуы

Ел боксшылары кәсіпқой аре­нада да жақсы өнер көрсетіп жүр. Атланта Олимпиадасының чем­пионы Василий Жиров кәсіпқой боксқа ауысқан соң нәтижелі өнер көрсетіп, IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Кейін Бейбіт Шүменов WBA тұжыры­мында әлем чемпиондығына қол жеткізді. Кәсіпқой бокста ең тола­ғай табысқа жеткен қазақстандық боксшы Геннадий Головкин екені сөзсіз. Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері кәсіпқой боксқа ауысқан соң WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары және The Ring журналының нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, жер жүзін мойын­датты. Чемпиондық атағын алты жыл бойы қорғап тұрды. Бокс саласындағы тағы бір же­тістік ретінде даңқты Astana Arlans бокс клубын айтқан жөн. Бүкіл­әлемдік бокс сериясының (WSB) сегіз маусымына қатысып, барлы­ғында жүлделі орыннан көрінді. «Астана арландары» бұл турнирде үш мәрте алтын, екі кезек күміс, үш рет қола медаль алды.

Қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген тағы бір спорт түрі – футзал. Үлкен футболдың қара шаңырағынан өткен ғасыр­дың 30-жылдары отау болып бө­лініп шыққан фут­зал ойыны елде қарқынды дамып келеді.

Әлемдегі бірінші спорт сана­латын футболда да ауыз толтыра айтар жетістік бар. Отандық клуб­тар әлемдік аренада тәуір өнер көрсетті. 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Еуропа ли­гасының топтық кезеңіне жол­да­ма алып, таңғалдырған. Араға екі жыл салып елордалық «Астана» бұдан да биік белесті бағындырды. 2015 жылы Еуропадағы ең ірі тур­нир Чемпиондар лигасының топ­тық кезеңінде өнер көрсетті. 2017 жылы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген тағы бір спорт түрі – футзал. Үлкен футболдың қара шаңырағынан өткен ғасыр­дың 30-жылдары отау болып бө­лініп шыққан футзал ойыны елде қарқынды дамып келеді. 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында, яғни Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет қа­тысқан қарт құрлық біріншілігінде қолаға қол созған еді. Араға аз уа­қыт салып, төрт жылда бір болатын әлем чемпионатында да жақсы өнер көрсетті. Ал 2018 жылы қыста өткен кезекті Еуропа чемпиона­тында қазақстандық футзалшылар жақсы нәтиже көрсетіп, төртінші орын алды. Бұл тұста кеше ғана мәресіне жеткен футзалдан әлем чемпионатындағы нәтижемізді қоса кеткен жөн. Жартылай фи­налға дейін сүрінбей жетіп, әлем үздіктерінің бірі Португалия құра­масынан, қола жүлде үшін таласта Бразилия құрамасына есе жібердік. Әйткенмен, мықтылардың өзі же­ңіс­ті әрең алды. Тартысты ойын көр­сеттік. 3 ойыншымыз жалпы до­да­ның үздік ойыншылары қата­рына енді. Осылай әлем бойынша футзалдан алғашқы төрттікке кірдік. Футзал дегенде ұлттық құрама­дан бөлек, «Қайрат» футзал клубын да ерекше айтсақ. Алматылық ко­манда Еуропада азулы ұжымдар­дың бірі саналады. Футзалдан UEFA кубогін екі мәрте жеңіп алды. Бұдан басқа, халықаралық аре­наларда сәтті өнер көрсетіп жүрген «Барыс» хоккей клубын, «Астана» кәсіпқой велокоман­дасын айтуға болады. Елордалық «Барыс» хоккейден Еуразия ке­ңістігінің ең жоғары дивизионы са­налатын Құрлықтық хоккей ли­га­сында 2008 жылдан бері бақ сы­нап жүр. Ал «Астана» велокоман­дасы да әлемдегі үздік командалар­дың бірі саналады.

Қолайлы жағдай жасау – ілгерілеуге себеп

Спорт саласы тұрақты дамуы үшін бұқараның спортпен айналы­суына жағдай жасалуы қажет. Мә­дениет және спорт министрлігінің дерегіне сенсек, тәуелсіздік жыл­дарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 7,8 мыңнан астам спорт алаңы мен 2 мыңнан астам спорт зал салынған екен. Бұл игі істер әлі де жалғасып жатыр. Қазір республикада 42 мыңға жуық спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. Оның 23 мыңнан астамы ауылдар­да. Елімізде 7-ші қысқы Азия ойындары мен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада сияқты ірі спорттық жарыстар өткізілуіне байланысты әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараты салынды. Қатарында «Сарыарқа» республикалық вело­трегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадионда­рының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халық­ара­лық кешені бар. Алғаш рет Ал­ма­тыда Олимпиада ауылдарына ұқсас 5 000 орындық атлетикалық қала­шық салынды. 2018 жылғы 11 шіл­деде Елбасының қатысуымен Ақ­мола облысының Щучье қала­сын­да жаңа «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы ашылды. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы пайдалануға берілген Жекпе-жек сарайына аты аңызға айналған қазақстандық балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпі­ровтің аты берілді. Бұқаралық спортты дамыту арқылы дені сау өскелең ұрпақты тәрбиелей аламыз. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің болашағы балалар мен жастарды спортқа бел­сенді түрде тарту басталды. Қазір мектеп оқушыларының ша­мамен 2 миллионға жуығы спорт­пен шұғылданады. Балалар мен жасөспірімдер спорты инфра­құ­ры­лымын 477 балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектебі, маман­дандырылған балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 17 мектеп-интернат тұрғызылды. Қосымша білім беру мекемелері қатарына 602 балалар мен жасөс­пірімдер клубы, 119 дене даярлы­ғының клубтары жұмыс істеп ке­леді. Оқушылар арасында жыл са­йын еліміздің әртүрлі аймағынан 100 мыңнан астам оқушы қаты­сатын «Былғары доп», «Шұбар доп», «Жұлдызша», «Алтын шай­ба» және «Жас Барыс» спартакиа­далары өткізіліп келеді. Ал жоғары оқу орындарында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциясы ашылды, онда 177 мың 263 студент спортпен айналысады. Бұл тұста Ұлттық студенттер лигасы белсенді дамып, жолға қойылды. Қазір елімізде 101 спорт феде­рациясы бар. Айтпақшы, ұлттық спорт түрлері де елеусіз қалмады. Оған ұлттық спорттың 25 түрі да­мығаны дәлел. Қазақ күресінен өтетін «Әлем барысы» жер жүзіне әйгілі. «Қазақ күресі», «Саятшы­лық», «Асық ату» және «Тоғызқұ­малақ» сияқты ұлттық спорт түр­лері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезен­тативтік тізіміне енгізілді. Мүгедек азаматтардың да спорт саласында жетістікке жетуіне жағдай жасал­ды. Республикада мүмкіндігі шек­теу­лі тұлғаларға арналған 13 спорт клубы және 3 мектеп жұмыс істей­ді. Жыл сайын 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі спортшының қатысуымен әртүрлі санаттағы тұлғалар үшін 40-тан астам ха­лықаралық және республикалық чемпионат пен турнир өткізіледі. Қорыта айтқанда, Қазақстан тарихында қол жеткізген спорт са­ласының жетістіктері аз емес, жетерлік. Ең бастыларын тіздік. Әйткенмен, қанағат етуге болмас. Спорт патриоттық сезімді оятып, өмір сүру сапасын жақсартатын күш екені даусыз.

Мадияр ТӨЛЕУ