«Мәдени мұра» бағдарламасымен Ресейдің архивінен сұлтан Кенесары мен Көшектің хаттары табылып, көшірмесі елімізге әкелінген еді. Бүгінде бұл хаттар ҚР Ұлттық Архивінде сақтаулы тұр. Мұндағы зерттеушілеріміз бен тарихшыларымыз шағатай тілінде орыстармен хат алмасқан сұлтан Кенесары мен Көшектің жазбаларын аударып та қойған.
«Өткен жаз күнінде қазылық дуаннан шыққан орыс Сарыжан сұлтанның елін шапты, көп мал, көп қазына, көп адам алды. Тұранның бір қызы, Байтас дегеннің қатыны мен бір баласы бар. Қоңырбай деген бір бала, Маймұрын дегеннің қатыны және бір баласы, баршасы қырық адам қолды болды, айтылған адамның тірісін жіберіңдер. Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Бопай ханымның ұлы Нұрхан сұлтанды жіберіңдер?!» – деп жазылып, Кенесары Қасымұлы мен Көшек төре Қасымұлының мөрі қойылған.
Оның сөзінше, Саржанды мұсылман бауырласпыз деп алдап шақырып, қапыда өлтірген. Ал Ташкент құсбегінің опасыздығы болмаса мұндай жағдай туылмас та еді. Тарих бетінен парақтасақ, Саржан сұлтан Қасымұлы бастаған көтеріліс – 1825-1836 жылдар аралығында Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Өйткені 1822 жылдан бастап Орта жүзде хандық биліктің жойылуына байланысты Ресейдің шекаралық басқару мекемелері ашылып, округ және әскери бекіністер салына бастаған.
«Сұлтан Кенесары баһадүрден Николай Петровичке көптен-көп дұғай сәлем. Бізді сұрасаңыз әлхамдулилла саламатпыз және сөзіміз мынау:
Біз патша қол астындағы еліне шын жарастық пен елдік бердік, бізге шын жарастықпен елдікті патша берсе, біздің жіберген елшіміз Асат Атанбекұлының тілегін беріп, тезірек қайтарғайсыздар. Асат пен Томанның өз сөзіне иланғайсыздар, біз әр сөзімізде тұрамыз. Асат пен Томанға тапсырғанымыз патша бізге жарастық пен елдік берсе, он жылға дейін кеңдік берсін. Қуандық елін және Сүйіндік елін патша жұртымен жау болып жүрген уақытта көшіріп зорлықпен алып отыр, еліміз Қаратуда еді, бізге көшіп келемін десе Құсбек жібермей отыр, енді Құсбекпен ел болсақ елдікпен, жау болсақ жаулықпен патшаның елін орнына қондырып, одан соң патшаның қандай қызметі болса да қыламыз. Қуандық пен Сүйіндіктің билері бізге келіп жатыр бізді көшіріп алыңыз!
Елдік үшін, иланымдылық үшін өз қолым мен мөрімді бастым.
Сұлтан Кенесары Қасымұлы мөрі»
Ахат Расулдың сөзінше, бұл хаттан Кенесары Баһадүрдің сол кездегі аумалы-төкпелі жағдай астында ел-жұртының басын құрап алу мақсатын аңғарамыз, себебі патшалық қазақ даласының құйқалы да шұрайлы өңірлеріне бекініс қамалдарды көптеп салып, өз адамдарын әкеліп қоныстандыруына байланысты және жақындарының жау қолынан қаза тауып, өрісі мен қонысы тарылып, қалың елімен босып жүрген уақытта орыстың басқарушыларына уақытша бағыну мен кеңдік сұрау арқылы Ташкент құсбегі қол астына қаратып алған Орталық қазақ даласын ұстап тұрған Қуандық пен Сүйіндік елін патшалықтың айбарын пайдаланып, өзіне қаратып алу мақсаты айқын көрінеді.
– «Бұл патшаның елі, патша елдік берсе қызмет қыламыз» деуінің астарында өз күшін нығайту мақсаты бар, ал патшалық елшілерін жібермеу арқылы Кенесарыны қолға түсіргісі келді, бірақ оған ол жол бермеді, өте парасатты сұлтанның анталаған жауының ортасында отырып керемет айламен қазақ даласын сақтап, хандық билікті қалпына келтіру жолындағы стратегиясын осы мәліметтер арқылы ашуға болар еді, – дейді ол.
«Біз бәріне жаулық қылдық, қазақтардың сөзімен жау болдық, зорлықпен дуанға түсірді» деп бізге арыз қылды.
Енді «патша зорлық қылған жоқ екен қазақ өзі еркімен дуанға түскен екен», Мұхаммедтің ескі законында «мұсылман мен орыс жау болмақ сүннет, елдеспек парыз» деген сөзі бар. Жаулықтағы өлген адамдарды сіз де, біз де салауат қылайық! Біздің қолымыздағы казак-орыс ұстап жүрген Тован Лабановты жібердік, сіздерде патша қазіретінің жараны болса, Сібірдегі ұстаған біздің кісілерді жібергейсіз, көптен-көп тілейміз. Бізге шын елдік берсеңіз Асатұлы Шорман мен сот Айманұлы Шыбан дегенді бізге бергейсіз және тұтқындағы екі жігітті жіберсеңіз, патша қазіретінің жұртына оқ атып, қылыш суырмасқа ұлық тағын берсеңіз уәде қыламыз, егер де елдік бермесеңіз Бұқараға, Үргенішке кетеміз», – деп жазылған хатта Кенесары Қасымұлы мен Көшек төре Қасымұлының мөрі қойылған.