Биыл – Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. Жыр алыбы Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Ол жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім – Сүйінбай...» деп өзі жырға қосқан Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алып өскен.
Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев ұлы жырау жайында: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның себебі Жамбыл арманының адамзаттық арман-аңсарымен ұласып жатқанында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз. Қазақ халқы барда, оның тілі мен діні аман тұрғанда, адалдық пен адамдықтың, әділеттілік пен ізгіліктің жаршысы – Жамбыл да мәңгі жасай бермек» деген еді. Жамбыл ақын қазақ халқын, оның поэзиясын барша әлемге жария етті. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығы тойланғанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келіпті. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берген. Одан бөлек, Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. Жамбылтанушы Рафқат Әбдіғұлов «Жамбыл шығармашылығының белгісіз беттері» деп аталатын мақаласына Есмағамбет Ысмайыловпен сөйлескенін, оның ақын шығармашылығы туралы құнды деректер жазып қалдырғанын арқау еткені туралы ғалым Қанипаш Мәдібаева өз еңбегінде мысалға келтіреді. Онда ғалым: «1940 жылы әңгімелескенімізде оның білетін тарихи шежіре, ертегі әңгімелерінің аса мол екені көрінді. Ақын қазақтың үш жүзге бөлінуі жайлы, әз Жәнібек, Асан Қайғы, Жиреншелердің әңгімелерін айтатын. Онан кейін Үйсін Төле бидің өміріне де тоқталып, Абылайдың қырғызға жасаған жорығының қаталдығын, оны Алатаудан асырмай, жорығын тоқтатып, ақылға салған Төле мен Бұқар жырау екенін, қырғыз Әтеке жырық пен Төленің арасындағы бітімді, татулықты жыр етіп сөйлейді. Айтыстардан Тезек – Сүйінбай, Қатаған – Сүйінбай, Бақтыбай –Сүйінбай, Құлмамбет – Майкөт, Құлмамбет – Жамбыл, Шашубай – Жамбыл, Сүйінбай – Жамбыл, Шөженің қырғыз Бәйтік батырға барғаны, Шөже – Орынбай, Біржан – Сара, Сүйінбай – Майлықожа т.б. қазақтың бұрын-соңды жеке ақындардың өлең, жыр-толғауларынан да Жамбылдың жатқа білетіндері көп болатын» деп жазады.Әдебиеттанушы ғалым Қанипаш Мәдібаева Жамбыл сынды жыр жүйріктері қазақ даласының бар аймағында сілкініп, ежелгі, ертегідей ерлік дәстүрлерді жырлағанын айтады. «Жамбылдың дәстүрлі эпикалық үрдісті жаңғырту өнегесі туралы айтылып келеді. Әлі де айтыла бермек. Зерттеушілер Жамбылдың «Өтеген батыр» жырының екінші, жарияланбаған нұсқасы туралы айтады. «Бұл нұсқасының ерекшелігі – басқа нұсқаларға қарағанда реалистік сипатының молдығында. Өтеген ерлігін суреттеуде эпикалық ұлғайта баяндаудан, (поэмаға поэзияға болуы мүмкін – Қ.М.). Тән асқақтықтан гөрі нақты суреттеу басым. Мұнда сондай-ақ, ғажайып батырдан гөрі қарапайым пендеден ерлігі мен қажыр-қайраты, кісілігі анағұрлым жоғары тұрған жанды, реалды образ жасаудың жақсы үлгісі бар. Жыр қара сөз кіріспемен басталып, оқтын-оқтын қара сөз үлгісіндегі қысқа баяндаулармен қайырылып отырады. Бұл өте көне әдебиетте кездесетін көркемдік әдіс болса да, жырдың реалдық сипатына нұқсан келтірмейді» (Р.Ә.). Жырдағы орыс отаршылдығына қарсылық сарын, Жамбыл туындыларындағы «зарзамандық» желілер туралы зерттеуші кейінгі кезеңдегі жамбылтанудың өзекті мәселелері бағытында ой қозғаған. Жамбылдың эпикалық дастандарындағы түпмақсат сарындар, түбегейлі көркемдік ұстанымдар XIX ғасырдағы ел батырлары туралы тарихи жыр-дастандардың жанрлық, даралық сипаттарын түзу актісіндегі жарқын поэтикалық негіздер есебінде танылған. Х.Досмұхамедұлы пікірінің Жамбыл шығармашылығымен «тоғысатын» тұсы, авторлықтың, шығарушының өзі хатқа түсіруі мәніндегі мәселесі емес, Жамбыл ауызша шығарды, ауызша түзеді. Жырау жанындағы хатшылар хатқа түсірді. Біз үшін маңыздысы – мәтінді шығарушының өз редакциясынан өткізу фактісі. Бұл тұрғыда ұлы жыршы Жамбыл ұзақ жылдар үзбей, үдете жырлаудың үздік бір өнегесін дамытты. Байытты. Байырғы нәзира дәстүрінде болған авторлық құққа ортақтасу тәртібін өз туындысына қолданудың дерегін, өкінішке қарай, әзірге бізге мұрасы дер кезінде жазылып алынып, хатқа түскен Жамбыл немесе Жамбылмен тұстас халық ақындары шығармашылығының фактісінде ғана болжаумен шектелеміз» деп жазады. Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ұлы Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған екен. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы сыйлап, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған деседі. Ғалым Қанипаш Мәдібаева жыр алыбы туралы: «Ақ-қызылдың қырғынын көрген, адамы арыған ашаршылық опатын көрген, Алашының ұлдарын айдап-қуғанды көрген, ел жақсысының жағасы жыртылғанын көргенде кешегі арғы замандардан бұзылмай сақталған кісілік, ізгілік, мұсылмандық ұстанымдармен тұлғаланған, Өтеген, Саурық, Сұраншының ерлік дәстүрін елдік, отаншылдық, ұлтжандылық мұраттарға ұластыра дәріптеген Жамбыл ақынның, туралығымен даңқы жайылған өнерпаздың «дымбілмес» бола қалмағандығы даусыз. Уақыт көшінде кеткен сол бір тұстардағы ақын жанын не дегенде де оның ұрпаққа қалдырған сөз мұрасындағы ұлы мазмұннан ұғына түсетініміз анық» дейді. Жыр алыбы Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның бір ғана «Туған елім» атты толғауы орыс тіліне аударылып, «Правда» газетіне жарияланған соң, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылады. Ол ел өміріндегі жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлаған. Оның қарт көкірегінен шағын жыр-толғаулар ғана емес, «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырған. ХХ ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері ерекше болғаны анық. Оның есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Жыр алыбының үздік шығармалары 40-тан астам тілге аударылды. Жамбыл Жабаев есімі 175 жыл бойы елмен бірге жаңғырып, айтылып келеді.Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты.
Дайындаған Айым БЕКТҰР