Берік Уәли: «Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазына»
Берік Уәли: «Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазына»
950
оқылды

Биыл – Тәуелсіздікке 30 жыл. Осы уақыт аралығында ұлттық спорт өнері де біршама дамыды. Соның бірі – құсбегілік өнер. Жақында Ұлттық спорт қа­уым­дастығы құрамын­дағы рес­пуб­ликалық Құсбегілік феде­ра­ция­сына белгілі жур­налист, Қа­зақ­стан Президентінің бас­пасөз хат­шысы Берік Уәли тағайын­далған болатын. Екі жылдан бері пандемия салда­рынан қарығы ашылмай келе жатқан ұлттық өнердің бүгіні мен болашағы жайлы Берік Уәлимен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.

– Берік мырза, әңгімемізге кіріспес бұрын шамалы лирикалық шегініс жа­сасақ. Жақында ғана сіздің Құсбегілік федерациясына президент болып сайлан­ғаныңызды білеміз. Бұл ұсынысты қабыл­дауыңызға қандай да бір негіз бар шығар? – Құсбегілік – қазақтың үлкен мәде­ниетінің бір бөлігі, ата-баба дәстүрінің жарқын көрінісі. Қазақ халқы тұрмыс-салтының ажырамас бір бөлігі. Тіпті, философиялық тұрғыдан айтсақ, аспан­дағы құсты қолына қондырып, қолғанат қылып жұмсау кез келген халықтың қолынан келе бермейтін бекзат өнер. Қазақстан Ұлттық спорт қауымдасты­ғының президенті Бекболат Тілеухан ағамыздың тарапынан осындай қоғамдық қызметке ұсыныс айтылғанда жылы қабылдап, бірден келісімімді бердім. Өйткені Алаш қайраткерлері сияқты ең алдымен қазақтың дәстүрін, мәдениетін, салтын дәріптеуге, соған шама-шар­қымыз жеткенінше үлес қосуға тырысу міндетіміз деп білемін. Оған қоса, құсбегілік біздің әулетке де жат емес. Бала күнім ғана емес, қазірдің өзінде көзі қарақты ел ақсақалдарының аузынан «атасына тартқан» деген сөзді естігенде кеудемді мақтаныш кернейді. Атам Құрманғали саятшы адам болған деседі. Артына нөкер ертіп, қолына құс қон­дырып салтанатты ғұмыр кешкен. Мұндай тірлік кешкен адамның тұрмысы бақуатты болғаны өздігінен түсінікті. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділ «Ұзын Құрманғали бетті, беделді азамат еді. Мына Беріктің түр-тұлғасы сол атасына аумай тартқан» дегенді үнемі айтып отыратын. Атамның қасқыр алатын үйдей қара бүркіті туралы хикая бала кезімнен құ­лағыма сіңген. Сол үйдей қара бүркіт дос­тықтың куәсі екенін кейін білдім. Та­биғаттың тілін біліп, аспанның сері­сі – қыранды қолына қондырған біздің халық адалдық пен ант түсінігіне де ерекше жауапкершілікпен және құр­метпен қарағаны байқалады. Атамыз Құрманғали ақсақалдың өзімен жолдас болған бүркітімен арасындағы қимас хикаялар көп. Үй алдында тұғырда отырған томағалы бүркітке әлдебір қонақтың қасқыр алатын төбеті таңға жуық абайсызда шапса керек. Бүркіт оны бүріп өлтірген. Арпалыс кезінде ит топшысын шайнап жіберіпті. Енді аң алуға жарамайтын серігімен атам Құр­манғали қимай қоштасыпты. Тарбаға­тайдың бір биік шыңына апарып, бір бағланды сойып алдына қойып, аяқбау, томағасын алып, еркіндікке жібереді. Саятшылықтың талай қызығын көр­сеткен сол қыранымен қоштасуы ата­мыздың бүкіл қызығымен қоштасуындай болып, жанына батқанын атамыздың жанына ерген немере інісі Шайхсіләм ақсақал жырдай қылып айтып, сағынып отырушы еді. Жаңа жоғарыда бүркітшілік біз­дің әулетке де жат емес деуімнің бір себе­бі – осы. Аталған ұсынысқа қуана келісуім де Құрманғали атамнан қалған түз тағысына деген қызығу­шы­лығым, құрметімнің бір белгісі іспетті. – Жаңа бір сөзіңізде «құсбегілік өнерін қазақтай ұстанатын халық кемде-кем» дегенге саятын пікір айттыңыз. Құс ұстайтын басқа елдер де бар ғой? – Орынды сұрақ қойып отырсыз. Ол сөзді қазақты басқалардан артық қой­ғаннан айтып отырғаным жоқ. Расында, солай. Әрине, көптеген халықтарда құс ұстау дәстүрі бар. Бірақ қазақ сияқты өнер деңгейіне көтеріп, құстың түр-түрін ұстап, қаршыға, сұңқар, қыран баптап, оны әлеуметтік байланыстың, дәстүрдің, тіпті дипломатияның айырылмас бөл­шегіне айналдырған ел жоққа тән. Дәстүрлі қазақ қоғамында хандар мен сұлтандардың, билер мен байлардың «құсхана» аталатын қыран құстарды баптайтын арнайы шаруашылығы бол­ған. Кейбір хандарда, тіпті 80-ге дейін құс болғанын тарихтан өзіңіз де оқыған боларсыз. Қазақтың бекзат азаматта­рының құсқа құштарлығы жылқыға деген сүйіспеншілігінен кем болмаған. Құстың сыны да аттың сыны сияқты фольклорымызда елеулі орын алады. Ақан серінің «Қараторғай», «Көкжендет» әндері өзінің сырласындай болып кеткен қырандарына арналғанын біреу білсе, біреу білмес. Аты шыққан құсын үйірлі жылқыға бермейтін заман болды. Сон­дықтан басқа халықтарда құс ұстау болғанымен, біздің жұртымыздай ұлттық дәстүрдің айырылмас бөлігіне айналып, әлеуметтік қатынастарға әсер етіп, өнер деңгейіне көтерілмеген. Сондықтан мен құсбегілік қазақтың ғана өнері деп айта аламын. Сөз орайында бір тарихи әңгіме есіме түсіп отыр. Марқұм Таласбек ағамыздың «Талтүс» романынан оқып едім. 45 жас қана өмір сүріп, қазақ күй өнерін өл­шеусіз биікке шығарып кеткен Тәттімбет Қазанғапұлын жақсы білесіз ғой. Көзі тірісінде-ақ «Жақсы Тәттімбет» аталған. Сол Тәттекеңнің ауылына тір­лік қамыты әбден жауыр еткен Тоқтамыс атты бір кедей жігіт қонаққа келіпті. Өзі жаз бойы кіре тартып жан бағады екен. Қазақы дәстүрмен қонағасына қойын сойып, қолын қусырып, қанша күтсе де қонақ­тың қабағы ашылмапты. Сонда Тәттім­бет: «Әй, Тоқтамыс, азамат деген атың бар емес пе. Көтер еңсеңді. Сен, өзің бол­ған жігітсің» депті. «Иә, сәт! Тәтте­кеңнен құт тамса, жаман бол­маспын» ырымдаған кедейге ертесі бір жақсы атты көлденең тартып, аттың артына құшақ толар қасқыр ішікті өңгертіпті. Ол аз болғандай алты қанат ақ ордадай құс­ханасына ертіп барып, бір жас қаршығаны өзі томағалап қолына қондырып, «осы құс саған құт болады» деп шығарып салыпты. «Сөйтіп, ит­шілеп кіреден таба алмаған сөлкебайды, жұдырықтай құс аспаннан алып берді» дейді. Келесі жылы жазда Тәттекең бәленше деген баймен баяғы Тоқтамыстың үйіне қонаққа барыпты. Алдына келген табақ-табақ құстың етін жеп, құс жастыққа көміліп жатқан байдың қабағы бір ашылмапты. Бірде желдеп далаға шық­қанында «Ей, қу кедей, құс жастық сенің не теңің. Құсыңды көрсет» дейтін көрі­неді. Сонда Тоқтамыс «Көрсете алмай­мын, көзіңіз тиеді байеке» депті. Күзге қарай әлгі бай бір айғыр үйір жылқы беріп, қоярда-қоймай құсты қалап алып кетіпті. Бұл хабарды естіген Тәттекең енді осы жылқыны шашау шығармаңдар, үш жылғы соғым мен сауын менен бол­сын» депті. Сол құс құмар байдан келген бір үйір жылқы 5 жылда 300 жүз қысырақ болып, 10 жылда кедей Тоқтамыс мыңды айдаған бай болыпты. Көрдіңіз бе? Аталарымыз қандай ірі мінезді, шалқар көңілді, аспан пейілді болған. Құстың құдіреті, қазақ әлеуме­тіндегі орны осыдан анық көрінбей ме? – Құсбегілік – халқымыздың атакәсібі. Қазір азаматтар дәстүр сабақтастығы мен саятшылықты ұштастырып, көне дәстүр­ден қол үзбес үшін ұстанып келеді. Жалпы, ел көлемінде қанша құсбегі бар? – Қазір кең жайлауда мамырлап, көл­ден-көлге қонып, жаз қызығын жайлауда көретін баяғы заман емес. Заманның ықпалымен халқымыздың да өмір салты өзгерді. Енді бұл өнерді сақтап қалудың жалғыз жолы – спорттық жол. Демек, қазір елімізде құсбегілікпен айналысатын азаматтарымыз ата-баба дәстүрін жалғап қана отырған жоқ, сонымен қатар құсбе­гілікті спорт ретінде дамытуға үлкен үлес қосуда. Жалпы алғанда, елімізде жүзден аса құсбегіні айтуға болады. Олар құсбегі ғана емес, өздерін осы өнерде спортшы ретінде танытып жүрген азаматтар. Ал жалпы қолына құс қондырып, бірақ жарыстарға қатыспайтын, өзі үшін ауыл-ауылда, елді мекендерде салт-дәстүрін сақтап отырған азаматтар бұдан да көп екеніне сенімдімін.

Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазынамыз. Оны мектептерге бөлу дегенді өз басым қабылдай ал­маймын. Алтайдан Атырауға дейінгі ежелгі құсбегілердің қолданған кәсіби атаулары да, құсбегілікке байланысты кәсіби құралдар да бірдей. Бұл – біртекті өнер.

Әлемде құсбегілік спорты бойынша біздің елімізде ғана бірегей жағдай қа­лыптасқан. Мемлекеттік деңгейде қолдау бар. Олимпиадалық спорт секілді жа­рыста топ жарған жеңімпаз спортшы­ларымыз атақ-дәрежеге ие болады. Ұлттық спорт қауымдастығы ұйытқы болуымен елшілік жарыстар ғана емес, халықаралық іс-шаралар да өтіп келеді. 2013 жылы әлемнің құсбегілерін Ақмо­лада жиып, бүркітшілердің халықара­лық фестивалін өткізумен басталған үрдіс жалғасын тауып жатыр. 2018 жылы Ал­матыда өткен ашық Азия чемпиона­тына 9 мемлекеттің 80-нен астам құс­бегілері қатысқан еді. Кеше ғана ауыл-аймақ арасындағы өнеріміз әлемдік дәрежеге танылып жа­тыр. Бұл жетістіктердің барлығы бір күн­де болған жоқ. Бұл ретте осы ша­руа­ның тізгінін ұстап, елімізде дәстүрлі ойындарымыздың насихаты мен кең таралуына үлес қосып келе жатқан Қа­зақстан Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбал­дыұлы, президенті Бекболат Тілеу­хан ағаларымыздың еңбегін атап өту ке­рек. Федерация жетекшісі ретінде басталған істі әрі қарай жалғастыра беретін боламыз. – Саятшылық деген үлкен өнер екенін өзіңіз айтып отырсыз. Өткен жылы Ұлттық спорт қауымдастығы ұлттық спорт түрле­рін мектеп бағдарламасына енгізу бойынша бастама көтеріп, оны Мемлекет басшысы қолдап, заң қабылдаған болатын. Қазір қанша өңірде саятшылық мектептері бар? – Өзіңізге мәлім, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту – ең маңызды басымдық екенін үнемі айтып келеді. Бұқаралық спорт дегенде біз қазақтың көп шоғырланған ауылдық жерлерді, ауылдық елді мекендерді де қамтитынын түсінеміз. Сондықтан былтыр заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, ұлттық спорт түрлерін қолдау мен дамыту мақсатында олар мектеп бағдарламасына енді. Қазір алғашқы кезеңде бағдарламаға «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» және «Қазақ күресі» бірінші лекпен енгізілуде. Бұдан кейін ұлттық спорттың басқа да түрлері кезең-кезеңімен факультативті түрде, балама пән ретінде енгізіледі деп жос­парланған. Құсбегілік еліміздің барлық өңірінде толықтай мектеп бағдарла­масына кіреді деп айта қою қиын. Де­генмен Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен тізімде бұл спорт түрі бар. Тиісінше, құсбегілер көп шоғырланған, бүркітшілік кең дамыған облыстарда, жекелеген бір аудандарда, жекелеген мектептерде құсбегілікті таңдаулы пән ретінде бағдарламаға қосуға мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Қазір барлық облыста дерлік ұлттық спорт мектептерінің жанында саятшы­лық бөлімдері ашылған. Болашақта Қы­зылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында ашамыз деген жоспар бар. Осы шаруаны сеніп тапсырып, сеніммен қолға алған соң, бұл істің де алға жылжуына барынша үлес қосамыз. Бұйыртса, 8 қазанда Ұлттық кітапханада Қазақстан Ұлттық спорт қауымдас­тығының ұйымдастыруымен «Ұлттық спорт түрі – құсбегілікті Қазақ­стан Рес­публикасында және халықаралық дең­гейде дамыту мәселелері туралы алқа мәжілісі» өтеді. Сол алқалы жиында көп мәселелер талқыланып, алдағы даму жос­парымыз бен бағытымыз айқында­лады деп ойлаймын. – Пандемия салдарынан екі жылдан бері жоспарланған біраз сайыс кейінге қалып жатыр. Биыл да құсбегіліктен әлем чемпионаты өтетіні жайлы Ұлттық спорт қауымдастығының күнтізбелік жоспарына енген болатын. Алайда жағ­дай күрделі. Жалпы, осы саланы дамыту бойынша атқарылып жатқан және ал­дағы уақытта атқарылатын жұ­мыстар жайлы айтсаңыз. – Иә, пандемия өміріміздің көптеген саласына өз әсерін тигізді. Оның ішінде спорттық шаралар бойынша да көптеген шектеу болды, жарыстар кейінге қалды. Тіпті, Токиодағы Олимпиаданың өзі бір жылға шегеріліп өткенін көзіміз көрді. Еуропа, Азия, әлем чемпионаттарының уақыттары өзгерді. Қауымдастықтың құсбегілікке байланысты жоспарлаған шараларының біразы кейінге қалды, біразының уақыты өзгерді. Дегенмен қазір эпидемиологиялық жағдай жақ­сарып келеді. Осыған сәйкес, ішкі және халықаралық деңгейдегі жарыстары­мызды жүйелі әрі уақытылы өткізуге тырысамыз. – Мынау қазақтың дәстүрлі ән мектебі секілді, құсбегіліктің де елімізде қа­лыптасқан бірнеше мектебі бар. Сонау Жалайыр Шорадан бері орныққан Жетісу мектебі, Тарбағатай-Сауыр-Сайхан, Ар­қаның дала қырандары, Оралдың орауызы дегендей. Қазір елімізде алдыңғы қатарда дамып келе жатқан қай өңір? – Бізде жалпы барлық өнер түрлерін осылай бөліп қарастыру етек алып кет­кен. Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазынамыз. Оны мектептерге бөлу дегенді өз басым қабылдай алмаймын. Алтайдан Атырауға дейінгі ежелгі құсбегілердің қолданған кәсіби атаулары да, құсбегілікке байланысты кәсіби құралдар да бірдей. Бұл – біртекті өнер. Мына өңір мықты деп ат қойып, айдар таға қою қиын. Мысалы, соңғы жылдары елімізде ғана емес, халықаралық жарыс­тарда топ жарып жүрген атыраулық Арман Қошқаровты айтсаң, мына шы­ғыстағы Тәттімбет Кәпұлы бастаған дәс­түрлі саятшыларымызды қалай атамай кетесің. Болмаса Жетісудағы Жалайыр Шора салған сара жолды жалғастырып, ұрпақ сабақтастығын үзбей отырған бүркітшілерімізді осал дей алмаймыз ғой. Әйтпесе, жылда халықаралық деңгейде саятшылық чемпионатын өткізіп келе жатқан Көкшедегі Мәсіп Батырхан­ұлы­ның ұрпақтарын немесе осы Ақмолада, Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде бүр­кітін шаңқылдатып отырған Күнтуған Тоқтыбайұлының ұрпақтарын текке қарап жүр деп айта алмасымыз анық. Дегенмен бүркіт ұстап, саятшылық құруға жердің, ауа райының мүмкіндік бермейтін өңірлері бар. Мысалы, Шым­кентте, Түркістан облысында қыста қар болмай қалатын кездер болады. Ол жаққа сендер құсбегілікпен айналыспадыңдар, бүркіт баптамадыңдар деп қалай ай­тасың? Ал осы саятшылыққа таптырмас табиғаты, аса қолайлы ауа райы болса да бүркіт ұстап, аң қақпайтын өңірлеріміз де баршылық. Мысалы, СҚО, Қостанай, Ақтөбе облыстары нағыз алты ай қыста алтайы қызыл түлкіні бұлаңдататын өңір, алайда құсбегілік кенжелеп келеді. Сол үшін де жоғарыда айтқанымдай, осы өңірлерде құсбегілік мектептерін ашуды көздеп отырмыз. – «Ұша берсем қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр шора алады» деген түз тағысын қолға қондырып, «Тінейдің сары құсы», «Қанайдың Қаракері», «Тулақтың шолағы», «Мәтімұсаның 13 құйрығы», «Жа­байдың қара шегірі» деп аты аңызға айналғанын білеміз. Сол аңызға айналған қырандардың бүгінгі жайы қалай? Қа­зақстан өңірінде құсбегілікке баулуға жарайтын қанша бүркіт бар? – Бұл істе Тарбағатай-Үржар, Атырау-Үстірт, Арқа-Жетісу жақсы нәтиже көр­сетіп келеді. Әсіресе, шығыста балапан алу немесе түз құсын ырғаққа отырғызу арқылы баулу біршама ілгерілеген. Ертедегі аталарымыздан қалған, ба­лапан алатын не тормен дала құсын ұс­тайтын әр өңірдің өзіне белгілі мекендері бар. Сондықтан мына жердің бүркіті алғыр, мына жердің құсы құр далбақтап ұшады деу артық. Арқаның дала қыран­дары шығыс пен Жетісудың тауларында тартынып қалуы мүмкін. Немесе Аты­раудың адырлы жеріне үйренген бүркіт Арқаның жалпақ жазығынан сескенуі мүмкін дегендей. Шығыстың орманынан, Жетісудың жоталарынан қасқыр қаққан қырандар Сарыарқада қарсақ ала алмай сандалуы әбден мүмкін. Әр жердің өз ерекшелігі бар. Сол ерекшелігінің арқа­сында жаңағы айтқан құсбегілер жақсы нәтиже көрсетіп, халықаралық жарыс­тарда жүлдегер болып жүр. – Құсбегілердің мәселелеріне тоқ­талсаңыз. Мысалы, бір жерге сайысқа бару үшін бүркітті тасымалдау мәселесі қиын. Пойызда не ұшақта алып жүруге рұқсат жоқ. Осы мәселенің шешімін табу­ға бола ма? – Федерацияның басшылық қыз­метін, жауапкершілігін алып отырғаннан кейін құсбегілерге қатысты сұрақтармен, олардың маңызды мәселесімен таныс­пын. Оның ішінде өзің айтып отырған бүркіттерді сайысқа апарудағы тасымал мәселесі бар. Осыған дейін бұл мәселе бір рет қауымдастықпен көтеріліп, жоғары деңгейде шешімін тапқан еді. Соңғы жылдары осы сұраққа қайта оралуға тура келіп тұр. Бұл бойынша жұмыстарды бастап та кеттік. Бұйыртса, осыған жауап беретін теміржол, әуе­компанияларымен бірлесіп оң шешімін табамыз деп сенеміз. Қазір тиісті орган­дарға хат жолданды. Сонымен бірге бұл саланың негізгі мәселелерінің бірі – зерттеу ісінің кен­желігі. Құсбегіліктің тарихы, кәсіби атау­лары, саятшылық құру, салбурын салу­дың әдептері мен мезгілдері, құстың түр­лері және оны алу, үйрету, баптау мә­селелері, бұл ерекше өнердің қыр-сыр­лары туралы толыққанды зерттеу еңбегі қажет-ақ. Бекболат Тілеухан аға­мыздың қауым­дастық президенті ретінде алдымызға қойып отырған ме­жесі – осы шаруаның ғылыми негіз­деріне ден қою. Ақсақалдар азайған сайын біз қаншама қазынадан айырылып жатқанымызды айтудың өзі қиын. Бүгінде балдақ пен тұғырдың айыр­машылығын білмейтін құсбегілер өсіп келеді. Біз бұл мәс­е­лелермен кешенді түр­де айналысуымыз керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әлихан ИСМАН