Жер мәселесімен жүгінетіндер көбейген...
Өңірде шым-шытырықпен бетпе-бет келгендердің айтуынша, жердің айналасындағы жемқорлықтың түйінделген торын тарқату оңай емес. Дегенмен тиісті құқық қорғау органдары мен облыстық кәсіпкерлер палатасының араласуымен ірі көлемде жасалған заңсыз тірліктерді анықтау шаралары жалғасып жатыр. Нәтижесінде, облыста аумағы 200 мың гектарға жуық 160-қа тарта жайылымдық жер учаскелерінің заңсыз ұсынылғаны анықталған. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті өткен жиыны барысында мәлім болды. «Жер мәселесімен әділдік іздеп шырылдап жүргендер аз емес. Кәсіпкерлерден бұл мәселеде арыз-шағымдар жиі түсетіндіктен толғақты тақырып палата қабырғасында бірнеше мәрте көтерілген. Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше айдан бері жүргізіліп келді. Нәтижесінде, осы жылдың мамыр айында құрамына прокуратура, облыстық кәсіпкерлер палатасы, Жерді қорғау және қолданылуын бақылау жөніндегі облыстық басқарма өкілдері кірген жұмыс тобы құрылды», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Валентина Геращенко. Жұмыс тобы шеңберінде жерді қолдану келісімшарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінген жағдайда басқармамен келісімге қол жеткізілген. Мұнда жер учаскесін игеру дәрежесі назарға алынбақ. Жалпы, мамырда құрылған жұмыс тобының күні бүгінге дейін үш мәрте жиыны өткізілген. Онда мәселе туындаған барлық жер учаскелері бойынша жердің игерілуін анықтау жөнінде жұмыс тобының бірлескен жұмысы жүргізілген. Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, жерді жергілікті әкімдіктердің кезінде аукционсыз беруінен жайылым жерлердің айналасында күрделі мәселе туындаған. Ал кейін облыс прокуратурасы тексеріс жүргізу барысында кәсіпкерлерге берілген жерлердің көпшілігінің заңсыздығын анықтап, Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасына келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы ұсыныс жолдаған. «Бізге кәсіпкерлерден түскен шағымдар бойынша басқармаға хат жаздық. Онда көптеген кәсіпкерлердің ұсынылған жерлерді игере бастағанын айттық. Сөйтіп, ішінара пайдаланыла бастаған жерлер мемлекетке кері қайтарылмай, кәсіпкерлердің өздерінде қалатын болды. Мұны прокуратура органдары да қуаттады. Жер учаскесінің қолданылуы анықталған жағдайда растау құжаттары ұсынылып, сотқа талап арыздар берілмеді», – дейді кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Алтынай Тілектесова.200 мың гектарға жуық жайылым жер заңсыз берілген
Дегенмен тексеріс шараларын жүгізген прокуратура органдары облыс аумағында 200 мың гектарға жуық 160 жер учаскесінің заңсыз ұсынылғанын анықтады. Тықырдың таянғанын сезген жер иелері де дереу іске кіріскен сыңайлы. Құжаттандыруды аяқтау барысында құқық қорғау органымен аталған 160 учаскенің 116-сы тиісті мақсатты арналуы бойынша қолданыла бастағаны анықтаған. «Қазір тиісті арналуы бойынша қолданылмаған заңсыз ұсынылған жер учаскелері 35 мың гектардан астам 44 жер учаскесін құрайды. Оларға бірқатар шара қолданылды. Мемлекет меншігіне жалпы аумағы 22,3 мың гектар алқапты құрайтын 35 жер учаскесі кері қайтарылды. Үш учаскеге талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды. Ал қалған бесеуі соттың қарауында болса, бір жер учаскесі бойынша сотқа дейінгі жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді Ақмола облысының Жердің пайдаланылуын және қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы әрі мемлекеттік инспекторы Рүстем Қалиев. Жиын қорытындысында жер заңнамасы бұзылып, заңсыз ұсынылған жер учаскелерін құжаттандыру жөніндегі жұмыс тобының әрекетін одан әрі жалғастыру туралы шешім қабылданды. Ал сотқа талап арыз беру кезінде заңсыз берілген жердің толық немесе ішінара игерілуін ескеру қажеттігі аталды. Сондай-ақ кеңес мүшелері аудандар мен қалалардың әкімдіктерге жер учаскелерін жер заңнамасымен қарастырылған жағдайлардан басқа жағдайда аукцион және конкурс саудасынсыз беруді доғаруды ұсынды.P.S.
Тиісті шаралар жүргізіліп жатқанымен, әлі де болса жер дауының айналасында құрық бойламайтын қулықпен заңсыз әрекеттердің пердесі сыпырылмағаны анық. Ал оны айқындау әрі дұрыс шешімін табу күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып қала бермек...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы