Салт төресі – төркіндеу

Салт төресі – төркіндеу

ТӨРКІНДЕУДІҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Елдік мән-маңызы бар оқиғаның белгілі бір датасына арналған жиындарда сол оқиғаның бастауында тұрған, алғашқы іс-шараларын өткізген жандарға жұртшылық қызыға қарайтынын көріп жүрміз. Және бір сүйсінетін жай – қарап қана қоймай, сол идеяны іске асырушылар қатарына қосылатын, алдыңғы буын бастаған істі іліп әкететін жастар саны жылдан жылға көбейіп келе жатқаны. Бұны ел-жұрттың көмескі тартып, тарих қойнауына түсіп бара жатқан салт-дәстүрлеріміздің заманға сай жаңғыртылып қайта оралуын қуана құптауынан да байқауға болады. Сондай салтымыздың бірі – «төркіндеу».

Бұл салтымызды жалпыхалықтық деңгейде жаңғырту ісі Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінен бастау алған болатын. Кейінгі зерттеушілерге куәгері және кейіпкері ретінде айта кетейік, бұл идеяның авторы және осыған дейінгі үш «төркіндеудің» ұйымдастырушысы – мемлекеттік  қызметте де, қоғамдық өмірде де өзіндік ұстанымымен, байсалды ой-пікірімен көп құрметіне бөленіп жүрген Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи. Бірінші рет мұндай сапарға ҚХА мүшесі, білім саласындағы белгілі меценат Бекзат Алтынбеков қолдау көрсетіп, жезқазғандық ақын, жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, қоғам белсендісі, өкінішке қарай былтыр бақилық болған Зулпа Чумакова апамыз төркіндеген еді. Ол кісі жер аударылған шешен отбасында Қостанай облысының Құсмұрын ауылында дүниеге келген. Қазақтың тілі мен ділін құрметтеп, жырлап өткен жан еліне барлық салтымен барып, ауылдастарымен кездесіп, есеп беріп қайтқан болатын. Одан кейін Нәзипа Шанаи 2018 жылы Ассамблея Аналар кеңесінің республикалық көшпелі отырысы аясында белгілі ақын, жазушы Сәуле Досжанованың туған жері – Алматы облысына төркіндеуіне, ал 2019 жылы осы жолдардың авторын туған өлкесі – Қостанай облысына төркіндеуіне мүмкіндік жасады. Сол жиындарда терең тағылымды салтымыздың оралуына риза болған қатысушылар Нәзипа Ыдырысқызының өзінің де төркіндеуіне тілектестік білдіргенін естідік. Сонда үнсіз жымиған Нәзипаның көзін бір мұң кіреукелеп тұрғандай көрінген. Сырын кейін білдім. «Менің аталарым Қызылқұмдағы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, өткен ғасырдың 20-30 жылдары атақоныстан  үдере көшкен. Туған жерден тықсырыла-тықсырыла келіп, Самарқандтан сая тапқан. Бәріміз сонда туып-өстік. Ондағы саясатты білесіз ғой... «Балаларым өз тегін, тілін білмей қала ма?» деген ой мазалаған әкем мені Қазақстанға  оқуға жіберді. Диплом алған соң жолдамамен Қарағандыға келдім. Әулеттің туған жерге көші-қоны солай басталды. Ақырындап өз туыстарымның түгел елге оралуына себепші болдым. Енді мен сонда тудым екем деп Өзбекстанға төркіндей алмаймын ғой», - деген-ді бір сұқбаттасқанымызда. Сөзінің жаны бар еді. Басқаларды төркіндетіп жүріп, өзінің төркіндей алмауы әділетсіздіктей көрінсе де, сол сұқбатта «Уақыт бәріне төреші» дегем-ді. Міне, жақсылықтың  қайтарымы болатынын уақыттың өзі көрсетті.

СЫРЫ ТЕРЕҢ САЛТЫМЫЗ БАР

Әлемді жайлаған індет, карантиндік шектеулер ел тірлігінің барлық саласында іркілістің пайда болуына әсер етті. Төркіндеу де уақытша тоқтады. Иә, уақытша ғана. Ал қазан айының басында ішінде жазушы, ғалым, ақын, журналист, ұстаз, кәсіпкер бар, дарияның суын ішіп өскен және Сыр топырағына келін боп түскен бір топ қыз-келіншек Нәзипа Ыдырысқызын ата-бабасының кіндік қаны тамып, табанының ізі қалған Қызылорда жеріне төркіндетіп қайттық. Жасыратыны жоқ, кейбір салт-дәстүріміздің сырын жастар түгілі орта буын өкілдері де біле бермейді. Әсіресе, тың игеріліп, кеңестік кеңістіктің түкпір-түкпірінен келген сан ұлт өкілдері жергілікті халықты азшылыққа айналдырған өлкелерде бұл салттардан хабардарлық аз екенін көріп өстік. Ол салттардың сақталуына билік тарапынан мүдделілік те бола қоймаған сияқты. «Көп қорқытады, терең батырады» дегеннің не екенін сезініп өскен жұртшылықтың да белсенділіктері бірте-бірте құмға сіңгендей... Кітапқұмар болғандықтан, өз басым тұрмыс құрған қыздың төркіндеуі парыз екенін, төркіндемесе балаларына, қайын жұртына сын болатынын оқып білсем де, балалықтан болар, сонша мән бермегенмін. Жасы 70-тен асқанда аға-апаларым әжемді ұзатылған жері «Қызбел» ауылына төркіндетіп апарғаны, сондағы інілері мен келіндерінің (нағашыларымыздың) жатып жастық, иіліп төсек болып күткені әлі күнге көз алдымда. Оңтүстік өңірге келін болып түскенде төркіндеудің парыз екендігін түйсіндірген бір жай болды. Ене жолындағы үлкен абысынымыздың жаназасын шығарарда имам әдетте айтылатын «Бұл кісінің қарызы бар ма?», «... кешіресіздер ме?» деген сауалдардан кейін «Бұл кісі төркіндеді ме?» деп сұрады. Сонда қайын жұртының адамдары «төркіндеткеніміз» деп әлдебір рәсімдер жасағанын, туыстары да бір мезіреті танытқандарын алғаш көрдім... Содан кейін бұл дәстүріміз жайлы жазылғандарды оқып, осы тақырып айналасында этнограф ғалымдармен сөйлесіп жүріп, іштей бір таңқаларлық қорытынды жасадым. Төркіндеу – көп әдет-ғұрыптың бірі емес, біздің  қазақтың әріден ойлайтын дана халық екенін көрсететін салт екен. Ұзатылған қыздың еліне алғашқы төркіндеуінен бастап, алпыстан асқанда төркіндеуіне дейін орындалуы тиіс шарттары мен қағидалары, ал олардың астарында жазылмаған заңдары бар екен! Өздеріңіз ойлап көріңіздерші. Әдетте, қазақ оң жақта отырған қызын «қонақ» деп қадірлеп, «елдің көркі» деп бағалап, үйдің сәнін келтіретін жан деп жақсы көріп, еркімен өсірген. Ал сол «екі елдің арасына алтын көпір болады» деп өсірген қызын қайын жұрты лайықты бағалай алады ма? Жанының шуағын төккен жар, отбасын ұйытқан әйел болуы үшін жағдай тудыра ма? Сол атаның ұрпағын өсірер ана, әулеттің данагөй әжесі деңгейіне жеткізе ала ма? Қысқасы, мақалда айтылатындай «келін ете ме, келсап ете ме»? Міне, осылайша, әлпештеп өсірген қызының барған жеріндегі тағдыры үшін алаңдап, тұрмыстағы өмірі жақсы-жайлы болуын, бақытын тапқан қыздары барған жерінің берекесін келтіруін және соған қарай қадірленуін тілегеннен осындай салт туындаған сияқты. Яғни, қыздың артында елі бар екенін, қайын жұрт оны төркіндетіп әкелетінін, сонда босаға иелерінің кісілігі мен көргенділігі, абыройы мен беделі сынға түсетінін еске салып қою десе де болады. Сондықтан, әйелді жасы алпыстан асқанда  төркіндету – қазіргі заманның тілімен айтсақ, қайын жұрттың, оған қоса, дүниеге келген ұл-қыздың белгілі бір дәрежеде сынақтан өтуі. Реті келгенде айта кетейік, бұл ойды Мұқтар Әуезовтың 2017 жылы жазылған «Адамдық негізі – әйел» деген мақаласынан да көруге болады. Шағын мақала «...Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деген сөздермен аяқталады. Бір қызығы, бала тәрбиесі туралы сөз сөйлейтіндер, мақала жазатындар осы контекстен «бесігіңді түзе» деген тіркесті жұлып алады да, «балаға дұрыс тәрбие беру – әйелдің міндеті» деп, өз ойларын сол арнаға салып әкете береді. Ал жазушының бұл жердегі айтпақ ойы – «әйелдің халін түзе!» ғой!

ҚЫЗЫН ҚАДІРЛЕЙТІН ӨЛКЕГЕ САПАР

Иә, біздің елімізде қайын жұрты төркіндеу салтының тереңінде жатқан осындай үдеден шыға алуының арқасында кеше босаға аттаған қаншама келін аяулы ана, ақын, ғалым, қайраткер атанды. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи. Ол салтымыз бойынша төрге шыққан жасында ата-бабасының ізі қалған өлкеге төркіндеуге жүрегі алып-ұшып, қуанып және өскен, өнген елдің жөн-жоралғысымен келді. Ол туралы сәл кейін кеңірек айтамыз. Жалпы бұл сапарды – рухани кемелденуге ұмтылу, жаңашылдықтарды жатсынбай қабылдау және іскерлікті арттыру сапары десе де болғандай. Қонақтарды «Достық үйінің» алдында қарсы алған өңір басшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықова Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің көшпелі жиынын өзі жүргізіп отырды. Реті келгенде айта кеткен жөн, еңбек және әлеуметтік қорғау саласының, отбасылық-демографиялық саясаттың, экономикалық өсу және мемлекетаралық қатынастар мәселелерін жетік білетін тұлға Гүлшара Әбдіхалықованың облыс әкімі болып тағайындалуы да заңдылық. Саяси шешімнің ар жағында ұлтымыздың өз қыздарының бойындағы ақыл мен қабілетті, тәрбие мен құзыреттілікті, білім мен еңбекқорлықты, адалдық пен табандылықты бағалауы тұр дегіміз келеді. Бұл ойымызға дәлелдер іссапар барысында алдымыздан шықты да тұрды. Біздің тақырыпқа сай жасақталған аудиторияларда сол күндері аталып өтетін ұстаздар мерекесінде облыс басшысының ілтипатына ие болған білім беру саласының өкілдері, өңірдегі ардагерлерге қамқорлық таныту іс-шараларында алған әсерлері жүректеріне мейірім, болашағына сенім ұялатқан үлкен кісілер де көп болды. Өз басым мұны тағы бір жайдан ұқтым. Бір кездері іссапарларда жақсы сөздерін естіген абыз жастағы ағамыздың әлеуметтік желіде ашу-ызаға толы посттар жариялап жүргеніне таңданып, түсінбей қалып ем. Тап сол күндері жылу маусымына дайындық, шыны зауытының құрылысы, жол сапасы... тағы басқа экономикалық мәселелері көп болса да, рухани дүниеге қамқорлықты естен шығармайтын облыс әкімі туралы жазбасын оқып, қуандым. Ең бастысы, ағамыз өзінің қателесіп келгенін мойындап, Гүлшара Наушақызының қызметіне сәттілік тілепті. Бұл да – халықтық мойындаудың бір көрсеткіші. ҚХА Аналар кеңесінің көшпелі отырысы заманауи форматта өткізілді: облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова арнайы дайындалған фотокөрме арқылы өңірлік кеңесте жүргізілген жұмыстармен таныстырды; облыстық аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің, іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері «Достық үйінде» жиналып, аудандар мен Байқоңыр қаласы аналар кеңестерінің төрайымдары бейнеконференц байланыс арқылы қосылды. Облыс басшысы өз сөзінде өңірдегі Аналар кеңесі ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келе жатқанын, олардың Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың биылғы Жолдауында айрықша мән берген демографиялық жағдай, отбасылық құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесіне байланысты жүктелген міндеттермен үндесетініне тоқталды. Қоғамымыздың дені сау, рухани мықты ұрпақ тәрбиелейтін отбасылардың көп болуына мүдделі екендігін айта келе, Ассамблеяның отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді жастар арасында ілгерілетуді мақсат ететін жобалары сол мүддемен ұштасатынын атап көрсетті. Нәзипа Шанаи көшпелі отырысқа қатысушыларға арналған сөзін Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» қағидасын ұстанатын  ұйым екендігінен бастап, әр ана «Жолдау орындалу үшін мен не істеуім керек?» деген сұраққа жауап іздеу керектігіне назар аудартты. Өзі бұл сұраққа: жауапкершілігі мол, отаншыл, спортпен шұғылданатын, денсаулығы мықты ұрпақ өсіру; қазақ тілін білетін азаматтарды тәрбиелеу; жас ұрпақты мамандық таңдауда ғылымға, IT-технологияларына, ауылшаруашылығы мен энергетикаға, педагогика мен медицинаға бағыттау; өз еңбегімен табыс табуды (масыл болмауды) үйрету; өз ұлтының тарихын, салт-дәстүрін, діни негізін білетін, болашақта «ақсақал» деген биік атқа ие болатын ұл, «ел анасы» деген мәртебеге лайық қыз тәрбиелеу; алауыздыққа бармайтын, достықты ұлықтайтын, үлкенге іні, кішіге пана болатын азаматтарды қалыптастыру деп сипаттады. Бұл пікірді кейінгі сөз сөйлеушілер де іліп әкетіп, тәрбие –  ұлтына, дініне қарамастан, әр отбасының, әр ата-ананың қоғам алдындағы міндеті, жолдаудың тиімді орындалуына қосатын үлесі екені айтылды. Жалаң сөзге жоқ іскер жандар өз бағыттары бойынша ойға түйгендері мен ойлы ұсыныстарын нақпа-нақ жеткізіп жатты. Осылайша, қазақтың байырғы астаналарының бірі, «қазақ» атауы алғаш ресми бекітілген, қазақ театры ашылған, ұлт зиялыларын ұйыстырып, қуғын-сүргін көрген сан халыққа пана болған көне де жаңа қала Қызылордада төркіндеу сапары бірден ұшқыр уақытқа сай қарқынмен бастау алды.

ТӨРКІНДЕУДІҢ БАСТЫ РӘСІМІ

Аналар кеңесінің отырысынан кейін төркіндеудің басты рәсімі – Нәзипаның М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжге өз кітапханасын сыйға тарту рәсіміне келдік. Мерекедегідей безендірілген оқу орнының  алдында жиналған көпшіліктің қуанышты жүздерін көргенде-ақ жүрек лүпілдей бастады. Ал вокалдық-аспапты топтың «Жақсы адамдарым!» деп әндетуін өз атымызға айтылған мадақтай қабылдап, көңіліміз көкке көтерілді. Термешінің Сыр өңірінің мақамымен жырдан шашу шашқаны, «Нұргүл» бишілер ансамблінің қызғалдақтай құлпырған арулары құшағымызды гүлге толтыруы – біріне бірі ұласып, төркіндеудің ерекше мәртебесін бірден танытқандай. Кезінде осы оқу орнына жас маман болып келіп, бүгінде ұжымды басқарып отырған Жақсыгүл Тоғанова колледждің тарихына шолу жасап, болашақтағы жоспарларына тоқталған. Өз сөзінде ғасырға жуық тарихы бар мекемеде бүгінгідей іс-шараның болмағанын мақтана тілге тиек еткен ол төркіндеудің басты кейіпкерін ел алдына шақырды. Нәзипа Шанаи бұл жаста төркіндеген әйел туыстарына өзінің барған жерінде бақытты да бақуатты өмір сүргенін көрсететіндей сән-салтанатымен, бағалы сыйлықтармен келетінін айта келіп, өзінің асыл қазынасы – кітапханасын тарту ететінін және бұл қорды жыл сайын толықтырып отыратынын айтқанда, ұстаздар мен оқушылар қуана қол соқты. Облыстық әкімдіктен, білім ұйымдарынан келген өкілдер де, ұстаздар мен оқытушылар да мұндай тағылымы мол қадамға куә болып қана қоймай, өнеге етіп,  тарату қажет екендігін жарыса айтуын – төркіндеудің ізгі мақсаты жұрт көңілінен шыққаны деп қабылдадық. Төркіндеу салтын жаңғыртқанда біз жас кезінде ұзатылып, уақыт өте: мемлекетте белгілі тұлғаға, қарымды қаламгерге, көрнекті ғалымға, іскер маманға айналған апаларын туып-өскен жеріндегі жас ұрпаққа таныстыруды да мақсат еткенбіз. Бұдан бұрын өткізілген үш төркіндеу бұл мақсаттың игі екендігіне көз жеткізді: Сәуле Досжанованың да, осы жолдар авторының да туған өлкелерімен байланысы тереңдеп, нығая түсті. Сол төркіндеулер барысында тағы бір жақсы ой келді: қарап отырсақ, төркіндеу – қазіргі сөзбен айтқанда, дәстүрлі отбасының әдемі жарнамасы екен. Сән-салтанатымен төркіндеп келген апаларына қарап, талай жас қыз «осылай тұрмыс құрсам, төркіндеп келіп, ата-анамның мерейін өсірсем» деп армандайтыны анық. Кезінде қалап қосылған жарын уақыт өте жайқалтып, ұл-қыздарын ертіп әкелу – жігіттерге де сабақ. «Отағасы болсаң – осындай бол!» деген сөздер оларға да ой салады, отбасының қорғаны, асыраушысы, бас тұлғасы болуға ынталандырады. Әдемі насихат емей немене? Алпыстан асқанда, үрім-бұтағын ертіп төркіндеудің тағы бір мақсаты – жиендер мен нағашыларды таныстырып, табыстыру. Олардың туыстық қарым-қатынас жасауына, әлдеқандай күн туса, бір-біріне қорған болуына себепші болу. Бұл, әрине, алағай да бұлағай бұрынғы замандарда қазақтың елдігін, ауызбіршілігін сақтаудың қуатты құралдарының бірі болған. Қазіргі заман басқа. Бұдан бұрынғы төркіндеуде ұл-қыздарымызды ертіп барып, нағашы жұртымен таныстырып-табыстыруға, олардың заманға сай байланыстар орнатуына дәнекерлік жасау мүмкіндігі болды. Ал бұл жолы елдегі карантиндік шектеулерге байланысты Нәзипаның балаларын ертіп апаруын кейінгі күннің үлесіне қалдырдық. Бірақ оның орнын басқаша толтырдық: мақала басында айтылғандай,  Сыр топырағына келін боп түскен екі жазушы жеңгесі бас болып, ішінде ғалым, журналист, ұстаз, кәсіпкер бар, дарияның суын ішіп өскен бір топ сіңлілері соңынан ерді.

ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСУ

Колледжде өткен негізгі рәсімнен кейін төркіндеу командасының мүшелерін өз бағыттары бойынша жұртшылықпен жүздесулер күтіп тұрды. Сыр жастары облыстық Жастар ресурстық орталығында шығармашылығына ұлттық, отбасылық  құндылықтар, ұрпақтар арасындағы байланыс, ұл мен қыздың тәрбиесі арқау болып жүрген жазушы К.Ә.Әлпейісовамен кездесті. Бұл кезде Ә. Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Әдебиет әлемінің Сәулесі» атты әдемі тақырыппен жергілікті қаламгерлердің белгілі ақын, жазушы С.М. Досжановамен кездесуі өтіп жатты. Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалімдер өз орталарынан шыққан қайраткер қыз Н.В. Жұмаділдаевамен қуана қауышса, Студенттер сарайында журналистер белгілі тележурналист Қ.Ә.Досжанды қарсы алды. Өзі оқыған Қорқыт ата атындағы университет табалдырығын еліміздің бас университетінің қауымдастырылған профессоры дәрежесінде аттаған С.С.Қоңырбаева оқу орнының ұстаздарымен кездесіп,   республикалық Жеке балабақшалар қауымдастығының мүшесі Б.О.Ахатай саладағы тың бастамалар, ата-аналармен байланыс орнатудың тиімді тетіктері туралы балабақша қызметкерлеріне танымдық ақпарат беріп, пікір алмасты. Қызылордалықтар жасаған бағдарлама елге келген қонақтардың саяси,  рухани,  шығармашылық, іскерлік әлеуеттерінің ел адамдарына сананы селт еткізер түрткі болуын барынша ойластырған екен. Кездесулердің тақырып бойынша ұйымдастырылуын, қонақтарды «Қызылорда» телеарнасының «Өмірдің өзі», «Емен-жарқын» атты  ток-шоуларына қатыстыруын, радио-сұқбаттар алуын да әлеуеттерді оңтайлы пайдаланудың үлгісіне жатқыздық. Шыны керек, бұл сапардың екі тарап үшін де пайдалы, өнегелі тұстары көп болды. Мемлекеттік қызметте, ғылым-білім саласында, журналистикада, кәсіпкерлікте мол тәжірибе жинап, соны жас буынға берсек, соның ішінде ұлттық құндылықтарымызды ұмыттырмасақ деп жүрген біз Сыр елінің өз қыздарын қалай құрметтейтініне куә болдық. Өз сырымыз өзімізге белгілі – көбіміздің бастапқыда не нәрсеге болсын күмәнмен, кейде тіпті жақтырмай, осқырына қарайтын әдетіміз бар. Облысқа жаңа басшы тағайындалғанда да сондай көңіл-күй болған еді. Бірақ, бұл ретте де кімнің кім екенін уақыт көрсетті. Сөздер айтылды, қалды – іскерлік нәтижесін көрсетіп жатыр. Халқының әл-ауқаты артып, қаласы өркендеп,  өсіп келеді жатқанын көрдік. Еңселі ескерткіштер мен әсем ғимараттар көз тартады. Көшелері тап-таза, кәдімгі «қыздың жиған жүгіндей». Тәртіпке бағынған елдің құл болмайтынын түсінген өңір адамдары қазіргі карантиндік шектеулерді де қатаң сақтайтынын байқадық. Соның нәтижесінде біз барардан бір күн бұрын  облыс «жасыл аймаққа» кіріпті. Солай болғанымен де біздің іс-шаралар өтуі барысында санитарлық талаптардың орындалуы қатаң бақылауда болды.  Бұл да біздің ел мен елді табыстыру, ұрпақ пен ұрпақты таныстыруға арналған ізгі сапарымыздың түпкі мақсаты – халқымыздың аман болуына тікелей қатысы бар талап.

ТӨРКІНДЕУДІҢ ТӘЛІМІ

Төркіндеу – алысқа ұзатылған әр қыздың арманы. Екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Оған қол жеткізудің кілтін де бабаларымыз: «Бақ қайда барасың? – Ынтымаққа барамын» деп айтып кеткен. Яғни, бақ отбасындағы береке-бірлік арқылы келеді. Төркіндеу сапарындағы жүздесулерде біз осынау әсем салттың тереңінде қазақ халқының үйде «қонағы, өрісі, көркі» болған қыздарының барған жерінде де сол биіктен түспей, өнегелі ұрпақ өсіріп, құрметке бөленсін деген тілек жатқаны туралы толғандық. Төркіндете алу – ердің ерінің ғана қолынан келетінін айтуды да ұмытқан жоқпыз. Тыңдаушыларға мұндай сөздер ұнаған сияқты:  жастардың қысыла күлімсіреген жүздеріне, бізге білдірмеуге тырысып, бір-біріне жалт-жалт көз тастауларға қарап, құнарлы топыраққа дән тастағандай қуандық. Жасы алпысқа келіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырғанда өмір бойы сырттай тілеулесі болған туған еліне, ағайын-туғанына жөн-жоралғысымен арнайы төркіндеп бару – бұрынғы  аналар салған ұлы жол. Осы ұлы жолмен, оны заман ерекшелігіне қарай түрлендіріп, тағы бір жан – біреулерге ана-әже, біреулерге апа-сіңлі Нәзипа Ыдырысқызы да өз міндетін атқарды. Ере барған сіңлілері де, қарсы алған жерлестері де бұл сапардан, өткізілген іс-шаралардан көп нәрсені көңілдеріне тоқығаны анық. Нәзипаның да келін болып, басына жаулық салған күннен бастап осы бір үлкен жолға ынталанып, елге пайдасы тиер ұрпақ өрбітсем, туған жеріме жүзім жарқырап төркіндесем деген арманмен жүргеніне күмән жоқ. Біз сол арманының орындалуына себепші және төркін жұртымен қауышуына куә болдық. Ата-баба жеріне төркіндеп келген қыздарының көңілін табуға тырысқан жұртының да аяғынан тік тұрып қызмет етуін – ұядан ұшқан қызы арқылы ұлттық құндылықтарымызға, салт төресі – төркіндеуге деген құрметі ретінде қабылдап, марқайып қайттық.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі