Атырау облысында шөппен бірге өртеніп кеткен 3 балаға қатысты тың ақпарат шықты
Атырау облысында шөппен бірге өртеніп кеткен 3 балаға қатысты тың ақпарат шықты
Virojt Changyencham / Getty Images
415
оқылды
Атырау облысында айдың-күннің аманында үш бала тірідей өртеніп кетті. Тілсіз жау қысқы мал азығын сақтайтын қоражайдан шыққан. Төтенше жағдай мамандары жалынмен 3 сағат алысыпты. Сол күні ойынға шығып, кешіккен балаларды, ата-аналары қорадағы күлдің арасынан шығады деп еш ойламаған, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
"Қайғылы жағдай Ортақшыл ауылында болған. Көршілердің айтуынша,  күшікті қуалап ойнап жүрген үш бала шөптің ортасына кірген. Ал қараңғы болған соң сіріңке жаққан көрінеді. Балақайларды түн ортасында өртенген шөп арасынан әрең тапты. Қазір оқиға орын алған шөп қора түгелімен қоршаулы", - дейді тілші Базаргүл Нәдірқызы.
Қайғылы оқиғадан ауыл халқы ес жия алар емес. Кеше кешкісін тұрғындар  аяқтан тік тұрып, қуыс-қуысты, жыра мен тоғай арасын түгел тінтіген. Бірақ 7 және 9 жастағы балаларды таппапты. Олардың денесі өртенген шөптің арасынан шыққанда жұрт  есеңгіреп қалды.
"Ойнап жүріп балалар күшіктен айырылып қалған, күшік шөптің арасына кіріп кеткен. Соның артынан жорғалап үшеуі  кіріп, екінші, үшінші оқитын балалар ғой, балаларда ес жоқ қой, қараңғы болған соң сіріңке жаққан. Сіріңке жаққанда анау лап ете түскен де, балалар шыға алмай қалған. Денесі табылды, бірақ 22 руллон жанғасын  танымайсың, қап-қара болып күйіп кеткен ғой енді, - дейді Атырау облысының тұрғыны Әділбек Ізғалиев.
Ал балалардың бірінің нағашы әжесі олардың қолында сіріңке болған жоқ,- дейді. Сондай-ақ туыстары балақайлардың  денесі табылса да,   уақытылы хабар бермей, сабылтып қойған полицейлерге өкпелі.
"Жиналмаған руллон ғой, балалар үшеуі бірге түсіп кеткен сол жерге.  Бірақ «біреу темекі лақтырып кеткен»,- дейді үйінің иесі. Қалай жанды дегенде. Көрдіңіз бе? Енді оның неден болғанын білмей отырмыз.  Сағат 5-ке дейін үйде болды. Қасындағы екі бала келіп, апай жіберіңізші деді. Жоқ жібермеймін дедім. Сол күні ентелеп тұрып алып кетті. Апай, тек бір сағат  ойнаймыз да қайтып келеміз деген", - дейді балалардың бірінің нағашы әжесі Алтын Әбенова. "Айналып келдік, Жайықтың бәрін аралап. Осы жерге барайықшы, сұрайықшы дедік, лентамен бәрін орап тастады. Қылмыс болған жерді сөйтеді ғой. Тінтіп қоймай сұрағанда айтты. Оған дейін жарым құсап іздеп жүрміз. ", - дейді марқұмдардың туысы Ардақ Есбусинов.
Қоражайда күлден басқа түк қалмаған. Темір қоршауға дейін қап-қара. Мамандар тергеу жұмыстарын бастаған. «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабымен іс қозғалды.  
"Қас қарайғандықтан, уақытында хабарлау қиындық тудырды әрине. Себебі ол жерге арнайы мамандар, сарапшылар,  сондай-ақ тергеу тобының мамандары жұмылдырылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда ҚК 292-бабымен сотқа дейінгі  тергеп-тексеру  амалдары жүргізілуде", - дейді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Есдәулет.
Мамандар өрттің себебі сараптама нәтижелерінен соң ғана белгілі болады дейді. Ал бауыр еті баласынан қапыда айырылып қалған 3 отбасы қайғыдан қан жұтып отыр.