Қолдау тетігі кәсіпкерді қинамағаны жөн

Қолдау тетігі кәсіпкерді қинамағаны жөн

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын мақұлдап, тағы біразын жұмысқа қабылдап алды. Мысалы, ел тарихында алғаш рет «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды.

Палата Төрағасының байламынша, бұл құжат өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өнеркәсіп саласының инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Ондағы жаңалық­тардың бірі – мемлекеттік қолдау шараларын алушы кәсіпорындар үшін қайтарым міндеттемелерді белгілеу. Яғни, мемлекет инвестициялаған ақшадан нақты нәтиже күтуге құқылы. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнеске орындалмас міндеттемелерді жүктемеу керек екеніне назар аудартты. – Мәселен, мемлекеттен қолдау күткен кәсіпкер өз бизнесін қалай жоспарлайды? Өйткені ол өзінен не талап етілетінін білмейді ғой. Осы заң жобасының үкіметтік нұсқасында да анық көрсетіліп тұр. Кәсіпкер қатаң талаптан құтылу үшін шенеуніктің алдына барып, өтініш жасауына тура келеді. Әрі қарай не болатыны түсінікті. Шенеунікке ешқандай бақылаусыз шешім қабылдауға мүмкіндік берсең болды, бұл бірден сыбайластыққа жол ашады. Сондықтан бұл норманы үкіметтің нұсқасында қал­дыруға болмайды, – деді Мәжіліс Төрағасы. Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдауға жүгін­ген кәсіпкерлерге талапты қатаңдатуға болмайтынын білдірді. Тиісінше, жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін тиісті міндеттемелер жөніндегі норманы нақты, анық және түсінікті етіп толықтыру жүктелді. Жиында көрнекі ақпарат мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер ІІ оқылымда құпталып, Сенатқа жолданды. Бұл заң жобасының мақсаты – орфография нормаларын және мәтіндердің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша ел заңнамасын одан әрі жетілдіру. Осы заң көшелерде мемлекеттік тілде қате жазылған маңдайшаларды, көрнекті сыртқы жарнамаларды түзетуге және ондай жөнсіздіктің алдын алуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жалпы отырыста депутаттар «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және осыған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық, Салық кодекстеріне өзгерістер енгізетін ілеспе заң жобаларын жұмысқа алды. Бұдан бөлек, Үкіметтен түскен басқа да жаңа заң жобалары Мәжілістің комитеттеріне бөліп берілді, олардың қатарында «Кейбір заңнамалық актілерге құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобалары бар.

Елдос СЕНБАЙ