Қырғыздар Абай үйін ашты

Қырғыздар Абай үйін ашты

Әлемдегі алтыншы «Абай мә­дени-іскерлік үйі» Қырғыз Республикасында ашылды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, «Отандастар қорының» президенті Нұртай Әбі­қаев, Қырғыз Республикасындағы қазақтар қауымдастығының төра­ғасы Гүлшат Асылбаева қатысты.

Қазақстан шетелде Abai Uii қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің желісін құрып жатыр. Бұл ретте «Абай үйлеріне» шетелде қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дәріптеу және ілгерілету, халықаралық мәдени озық тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау, ерекше дарынды тұлғалар­ды анықтау, оларды қолдау және еліміз бен шет елдерде шығармашылық, мәдени және спорттық әлеуетін ілгерілету үшін жағдай жасау жүктелген. Сондай-ақ шетелдегі отандастардың ұлттық-мәдени және зияткерлік әлеуетін дамытуға, оның ішінде қазақ тілін оқып-үйренуіне қолдау көрсету, этникалық қазақтарға Қазақстан туралы қызықтыратын барлық мәселелер бойынша, оның ішінде ерікті қоныс аудару мәселелері бойынша ақпараттық, құқықтық және өзге де кон­сультациялық көмек көрсету де міндетіне кіреді. Қазақстан шетелдегі қазақтар мен отандастарды елге инвестиция салуға үндеп жатыр. Бұдан бөлек, отандастарымыз тұратын мемлекеттегі жергілікті ғылыми және оқу орындарында қазақ тілі мен мәдениетін оқыту курстарын ұйымдас­тыру, қазақ тілі мен әдебиеті оқытушы­лары мен ғылыми қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсету де бар. Шет елдердегі қазақ мәдени орталық­тары базасында 2020 жылы 5 Abai Uii онлайн форматта ашылып, жұмыс істеп жатыр, бұлар – Омбы (Ресей Федерациясы), Стамбұл (Түркия), Ташкент (Өзбекстан), Берлин (Германия) және Киев (Украина) қалаларында. Abai Uii саяси немесе коммерциялық жоба емес және Қазақстан мен отандастарымыз тұратын елдер арасындағы байланыстарды дамыту және нығайту мақсатында әрекет етеді.

Елдос СЕНБАЙ