Маңғыстау облысының квазимемсектордағы жемқор жүздеген миллион қаржыны заңсыз олжалаған. Бірақ оны Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушілері біліп қойып, темір торға қамады.
Ведомствоның пайымдауынша, бюджет қаражатын жымқыру – тек шенеуніктер арасында ғана емес, сонымен бірге квазимемлекеттік секторда, яғни мемлекет қаржыландыратын жеке кәсіпкерлер арасында да кең таралған экономикалық қылмыс. Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті қызметкерлері бюджет қаржысын заңсыз иемдену және ысырап ету фактісін әшкереледі. «Негізі, «Ақтау тұрғын үй» ЖШС-ның 100%, жалғыз құрылтайшысы – Маңғыстау облысының Қаржы басқармасы. 2018-2020 жылдары осы «Ақтау тұрғын үйі» мен «Комфорт Строй Актау» ЖШС арасында Ақтау қаласындағы 23 тұрғын үйді күрделі жөндеуден кейін қабылдау және тұрғын үй-пайдалану қызметіне, сондай-ақ тұрғындардан ай сайынғы қайтарымды төлемдері мен тұрғын үй көмегін есепке алуды жүргізуге және қабылдауға қатысты шарт жасалды. «Комфорт Строй Актау» ЖШС директоры Ю.Коренева заңсыз баю үшін ЖШС-ның есеп айырысу шоттарынан 228 миллионнан астам теңге ақшаны шешіп алған», – деп хабарлады агенттік. Тиісінше, осы мол қолма-қол қаражатты иеленіп кеткен. Ақтау қалалық сотының үкімімен Ю.Коренева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.Ерік ЕРДЕНОВ