Құқық қорғаушылар жемқор ма?
Құқық қорғаушылар жемқор ма?

Шымкентте тіркелген қылмыстың басым бөлігін пара­қорлық пен жымқыру дерегі құрап отыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талғар Серікбаев 8 айды қорытындылаған жиында атап өтті.  Тіркелген 63 қылмыстың 45-і сыбайлас жемқорлық сипатында. Ал оның 17-сі  жымқыру дерегі болса, 30-ы парақорлық. 

Сонымен қатар осы қылмыс­қа баратындарды салалар бойынша зерделегенде ең көп қылмыс құқық қорғау блогында екені анық­талған. Одан кейінгісі – құрылыс саласы. Білімде  – 8, денсаулық сақтауда – 7, салық және жер қатынастары салаларында 3 қылмыстан тіркелген. Негізінен, мемлекеттік сатып алу, субсидиялар беру, тариф белгілеу, мәдени іс-шаралар өткізу, спортшылардың жарыс­тарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысуы, мүгедек адам­дарды оңалту құралдарымен қам­тамасыз ету барысында жем­қорлық жағдайы болып жатады екен. Сондай-ақ әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы кодекске жаңа­дан енген заңсыз мате­риалдық сыйақы алу жағдайы және бұрын сыбайлас жемқор­лық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау бойынша да бірқатар лауазымды тұлға әкім­шілік жауапкершілікке тартыл­ған. «Сыбай­лас­тыққа жол берген 29 тұлға әшкере­ленді. Оның 2-еуі – облыстық, 1-еуі – аудандық деңгейдегі басшы, 16-сы сотталды. Күдіктілердің 40 пайыздан астамы мемлекеттік органдардың басшылары», – дейді Т.Серікбаев.  Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары­ның бірі болып белгіленгенін атап өткен департамент бас­шысының орынбасары тіркелген қылмыстық істер бойынша қа­былданған шаралар нәтижесінде мемлекет кірісіне 1 млрд 607 млн теңге өтелгенінен хабардар етті. Пандемия кезеңінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анық­тауға және жоюға байланысты кешенді алдын алу жұмы­сы­на баса назар аударылып, мем­ле­кеттік органдар және қоғам белсенділерімен бірлесе отырып, 8 айда 1 500-ге жуық про­филак­тикалық іс-шара өткізген.  Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күреске бүкіл қоғамды тарту мақсатында оған мемлекеттік қызметшілер мен жастарды, кә­сіп­керлерді, дін және этномәдени бірлестік өкілдерін,  белгілі адвокаттар және заңгер­лермен жұмыс жүргізіліп жатқа­нын да тілге тиек етті.  «Департамент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­­дамасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ашықтық пен қол­жетімділікті қамтамасыз ету үшін азаматтармен тығыз байланыста жұмыс атқару маңызды. Сыбайлас жемқорлық құқық­бұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін тұлғалар үшін заңнамалық түрде біржолғы ақшалай сыйақы белгіленген. Мәселен, сыбайлас жемқорлық құқықбұзу­шылық­тарының жолын кесуге ықпал еткен 11 тұлға көтерме сыйақыға ие болды. Олар 2 млн тенге мөл­шерінде сыйақы алды», – деп атап өтті Т.Серікбаев. Сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ұсы­нысы­мен 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тар­тыл­ған. «Ұжымдардағы жемқор­лықты жою бойынша шараларды қабылда­ма­ғаны үшін мемлекеттік мекеме­лердің бірінші басшыларының жауапкершілігі туралы мәселені көтеретін боламыз», – деді ол. Департамент басшысының орынбасары кәсіпкерлікті қол­дау мен қорғау маңызды ба­ғыттардың бірі  екенін еске салды. Кәсіп­кер­лік­ті кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Protecting Business and Investments, яғни бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы іске асырылған. Жыл басынан бері 15-тен аса кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қалпына келтіріліпті. Байқап отырғандарыңыздай, сыбайластыққа баратындардың басым бөлігі құқық қорғау органдарында белгілі болған. Сонда құқығымызды қорғайтын сала өкілдерінің өзі осындай былыққа батып отырса, өзгеден не сұрай­мыз?! «Ет сасыса, тұз себерсің, ал тұз сасыса, не себерсіңнің» кері ғой...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы