Жемқорлық түбі – жұт
Жемқорлық түбі – жұт
414
оқылды

Талдықорғандағы Журналистер үйінің мәжіліс залында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы  облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев пен облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткі­зіп, сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды назарға ұсы­нып, сыбай­ластыққа қарсы тұрудың жолдарын талқылады.

Жандос Сағындықұлы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі мін­деті сыбайластыққа салынған заңбұзушы­лар мен қылмыскерлерді ұстап, жазалау ғана емес екенін айта келе, басты бағыттың бірі осынау  қоғамдық келеңсіз  дерттің алдын алу, болдырмау мақсатында жұмыс жүргізу болып саналатынын айтты. Осы бағытта қолға алынған шаралар бойынша Алматы облысы республика бойынша бірінші орында келеді.  Жыл басынан бері 1 400 онлайн шара ұйымдастырылса, 200-ден астам бейнебаян көрсетіліп, баннер, плакаттар ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру, қабылданып жатқан шаралармен таныстыру мақсатында мемлекеттік қызмет­кер­лермен 200-ден астам кездесу өткен.
– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте сыбайлас жемқорлықты қарас­тыратын  15 бап бар. Біз оны бұқаралық ақпа­рат құралдары мен әлеуметтік желі ар­қылы жарияладық. Әкімшілік құқық­бұзу­шылыққа тартқан кезде «Біз білмей қалдық» деп жататындар көп. Ал біз заң бұзылғаннан кейін міндетті түрде тиісті шара қолдануымыз керек. Қозғалған іс бойынша соттың шешімі шығып, адам бас бостан­дығынан айырылған болса, жазасын аяғына дейін өтейді. Оларға жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату жүрмейді. Кейін өмір бақи мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет етуге тыйым салынады, – деді Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы  облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Барлық тәрбие отбасынан басталатынын сөз еткен Әміре Әрін:
– Менің ата-анам: «Ешкімнің ала жібін аттама. Бір түйір біреуге қиянат жаса­саң, ертең я өзіңнің, я ұрпағыңның алдынан шығады. Ұрлық түбі – қорлық» деп тәрбие­леген. Сол сияқты жемқорлықтың соңы жұтқа әкеледі. Сондықтан онымен  күресті өзімізден бастауымыз керек. Ол үшін ұлттық сана, Отанға деген сүйіспеншілік дұрыс жол­ға қойылуы тиіс. Ең алдымен балаларды адал­дыққа баулыған жөн, – деді.
Тағылымға толы кездесуде  сұрақтар қойылып, оларға жауап берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар одан әрі жетілдіріліп, жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулер де жалғаса беретіндігі айтылды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы