Талдықорғандағы Журналистер үйінің мәжіліс залында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев пен облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды назарға ұсынып, сыбайластыққа қарсы тұрудың жолдарын талқылады.
Жандос Сағындықұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі міндеті сыбайластыққа салынған заңбұзушылар мен қылмыскерлерді ұстап, жазалау ғана емес екенін айта келе, басты бағыттың бірі осынау қоғамдық келеңсіз дерттің алдын алу, болдырмау мақсатында жұмыс жүргізу болып саналатынын айтты. Осы бағытта қолға алынған шаралар бойынша Алматы облысы республика бойынша бірінші орында келеді. Жыл басынан бері 1 400 онлайн шара ұйымдастырылса, 200-ден астам бейнебаян көрсетіліп, баннер, плакаттар ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру, қабылданып жатқан шаралармен таныстыру мақсатында мемлекеттік қызметкерлермен 200-ден астам кездесу өткен.– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте сыбайлас жемқорлықты қарастыратын 15 бап бар. Біз оны бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы жарияладық. Әкімшілік құқықбұзушылыққа тартқан кезде «Біз білмей қалдық» деп жататындар көп. Ал біз заң бұзылғаннан кейін міндетті түрде тиісті шара қолдануымыз керек. Қозғалған іс бойынша соттың шешімі шығып, адам бас бостандығынан айырылған болса, жазасын аяғына дейін өтейді. Оларға жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату жүрмейді. Кейін өмір бақи мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет етуге тыйым салынады, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.Барлық тәрбие отбасынан басталатынын сөз еткен Әміре Әрін:
– Менің ата-анам: «Ешкімнің ала жібін аттама. Бір түйір біреуге қиянат жасасаң, ертең я өзіңнің, я ұрпағыңның алдынан шығады. Ұрлық түбі – қорлық» деп тәрбиелеген. Сол сияқты жемқорлықтың соңы жұтқа әкеледі. Сондықтан онымен күресті өзімізден бастауымыз керек. Ол үшін ұлттық сана, Отанға деген сүйіспеншілік дұрыс жолға қойылуы тиіс. Ең алдымен балаларды адалдыққа баулыған жөн, – деді.Тағылымға толы кездесуде сұрақтар қойылып, оларға жауап берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар одан әрі жетілдіріліп, жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулер де жалғаса беретіндігі айтылды.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы