Шахматшы қыздар олжалы оралды
Шахматшы қыздар олжалы оралды
441
оқылды

Испанияда шахматтан әйел­дер арасындағы ФИДЕ (FIDE World Women’s Team Championship) командалық әлем чемпионаты аяқталды. Үздік әйелдер құрамасының арасында қазақстандық шахматшылар да сынға түсіп, жүл­де­герлер қатарынан көрінді.

«Алтын» үшін өткен шешуші матчта әлемнің екі үздік командасы – Ресей мен Үндістан өзара мықтыны анықтады. Жалпы, жарыс барысында Үндістан спортшылары ширек финалда қазақстандық төрттікті, ал жартылай финалда Грузияны жеңген болатын. Алайда финалда кезеңде үнді қыздары әлемнің қазіргі чемпиондары – Ресей шахматшыларынан жеңілді. Олар маңызды ойында өздерінің теңдесі жоқ екенін тағы бір рет дәлелдеп, үндістандық қарсылас­тарын айқын басымдықпен жеңді. Әлем чемпионатында Динара Сәду­ақасова, Жансая Әбдімәлік, Меруерт Камалиденова және Гүлмира Дәулетовалар Қазақстан құрамасы­ның сапында өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстан­дық шахматшылар екі жүлдеге ие болды. Динара Сәдуақасова мен Меруерт Камалиденова үздік үштік­тен көрінсе, Жансая Әбдімәлік төр­тінші орынды иеленді. Жарыстан соң әйелдер арасын­дағы ФИДЕ (FIDE World Women’s Team Championship) командалық әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова аталған турнирден алған әсерімен бөлісті. – Командалық әлем чемпи­онаты­ның қола жүлдесі мен үшін тосынсый бол­ды. Өйткені коман­далық жарыстарда көбіне жалпы нәтижеге баса назар аударасың. Жеке тақтада болса да Қазақстан жүлдегер­лер қатарынан көрінгеніне қуаныш­тымын, – деді қазақстандық гроссмейстер. Испаниядағы шахмат жарысында отандастарымызға жанкүйер болған Қуанышхан Өмірхан біздің қыздар­дың табандылығына тәнті болғанын айтты. – Командалық додаға әлемнің ең үздік шахматшылары келді. Атап айтқанда, бұл шахмат жарысында Аме­рика, Әзербайжан, Армения, Германия, Грузия, Үндістан, Испания, Қазақстан, Польша, ФШР (Ресей), Украина және Франция құрама­ларының үздік шахматшылары бақ сынады. Чемпионатта қазақстан­дық шахматшылар үздік көрсеткіш көр­сету үшін барын салды. Коман­далық дода болғаннан кейін тұтас бір организм сияқты ойнады. Қыздар әр ойында бір жұдырық болып жұмылып, көздеген мақсатына жетті. Негізі, соңғы жылдары Қазақстандағы шахмат ойыны жақсы қарқынмен дамып келеді. Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік секілді қыздарымыз әлемдік додаларда жақсы өнер көр­сетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүргені қуантады, – дейді спорт сарапшысы. Бір қуантарлығы, ақыл-ойдың ойыны саналатын шахмат спорты жыл өткен сайын елімізде үлкен таны­малдылыққа ие болып, спортшыларымыз да байрақты бәсекеде толайым табыстарға қол жеткізіп жүр. Бүгінде Қазақстан ұшқыр ойлы шахматшылар бағындырған биік белестерімен әлем елдеріне бұл спорт түрінен үздіктердің қатарында екенін сан рет дәлелдеді. Осы орайда шаршы тақта алдындағы ойынның көрігін қызды­рып, көкжиегін кеңейтіп жүр­ген шахматшыларымызға алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз.

Абылайхан ЖҰМАШ