Түркістанда Pixar студиясының «Жан» фильмі қазақ тілінде көрсетілді  
Түркістанда Pixar студиясының «Жан» фильмі қазақ тілінде көрсетілді  
464
оқылды

9 қазанда Түркістан қаласында «Khanshaiym Plaza» СОО-дағы Kinopark 4 кинотеатрында қазақ тіліне дубляждалған «Жан» («Душа») фильмінің қаланың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін қайырымдылық көрсетілімі өтті. Көрсетілім алдында аниматорлардың қатысуымен, кішкентай көрермендерге арналған тәттілер, ойындар мен конкурстар өткізілген ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған. Көрсетілімнің ұйымдастырушылары – «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Nur Otan» партиясы.

   width= Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша «Өзіңнен баста» жобасы «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары, осы жобаға дем беруші Бауыржан Байбектің белсенді қатысуымен және қолдауымен жүзеге асырылады. 2011 жылдан бастап Қазақстан кинотеатрларында Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures және т.б. жетекші әлемдік киностудиялардың қазақ тіліне дубляждалған 37 фильмі көрсетілді. Фильмдердің басым бөлігі – Disney, Pixar, Sony Pictures студияларының балаларға арналған анимациялық туындылары. Қараша айында прокатқа қазақ тіліне дубляждалған «Энканто» фильмі шығады. «Жан» фильмінің дубляжының демеушісі BI Group компаниясы болды. Іс-шараға «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің Құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков және т.б. қатысты. «Биыл «Болашақ» қорына 10 жыл және «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толды. Бизнестің және демеушілік қолдаудың арқасында біз 10 жыл бойы Қазақстан азаматтары үшін кинотеатрларда қазақ тіліндегі киноға тең қолжетімділік жасап келеміз. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының белсенді қатысушысы ретінде Қор бірқатар ұсыныстар, оның ішінде шетелдік балалар контентін және отбасымен көруге арналған фильмдерді дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету бөлігінде ұсыныстар берді. Біз жылына шамамен 15 фильм туралы айтып отырмыз. Анимациялық фильмдер мен отбасымен көруге арналған фильмдердің дубляжын қамтамасыз етудегі мемлекеттік қолдау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы іс-шараларының бір бөлігі болды. Жақын арада отбасымен көруге арналған шетелдік мультфильмдер мен фильмдер міндетті түрде қазақ тіліне дубляждалады деген үміттеміз», – деп атап өтті «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков.    width= Биыл қаңтар айында көрерменге ұсынылған «Жан» фильмі ізденістегі адам жанының қызықты саяхаты туралы баяндайды. Авторлар адам жанын кейіптеген, олардың ойы бойынша адамның жаны кейін адамдарға шабыт беру үшін Жандарды даярлау орталығында жаттығады.

Басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаның көптен бері қатысушысы, дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Бұған дейін Дәуреннің дауысымен «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі сурикат Тимон және Дисней студиясының басқа танымал кейіпкерлері сөйлеген болатын. Сонымен қатар дубляжға Данияр Сбанқұлов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ театр және кино актрисасы Майра Омар қатысты.

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймай, бейімделеді: түпнұсқа кейіпкерлеріне өзіне тән сөздер, әзілдер сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылады. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі белгілі қазақстандық Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылды. Титрдегі «Өмір ғажап» әнін Mona Songz деген атпен аты шыққан қазақстандық танымал орындаушы Манарбек Жұматай орындады. Бұл әртістің жобаға қатысуының алғашқы тәжірибесі болды. Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау «Өзіңнен баста» жобасы аясында жүзеге асырылады. Жоба «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің Құрметті мүшесі Бауыржан Байбектің бастамасымен 2011 жылдан бері іске асырылып келеді. Негізгі идея – Қазақстан азаматтарының әлемдік студиялардың контентіне өз ана тілінде қол жеткізуін қамтамасыз ету. Барлығы 37 голливудтық фильм қазақ тіліне дубляждалған. Жобаның арқасында бүгінгі таңда 100-ден астам отандық актерлердің дауысы «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тіркелген. Ал қазақ тілі дубляж бойынша түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі және «Walt Disney» тарихында 39-шы; «Sony Pictures»-тің 7-тілі атанды. Ол Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арналған Blu-Ray-де көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі 7 тілі қатарына енді. Жоба Қазақстанда дубляжды халықаралық деңгейге шығарды. Шығармашылық және техникалық мамандықтардың 203 өкілі Walt Disney Pictures студиясының стандарттары бойынша дубляжға оқытылды.

Дубляждалған фильмдерді IVI және Megogo онлайн кинотеатрларынан тамашалауға болады.