Кейбір баукеспелер заттармен шектелмей, тұтас нысанды жымқырады. Қарағанды қаласында ұры 90 жастағы тұрғынның металдан жасалған гаражын көлікке тиеп, алып кеткен. Гаражының орнын сипап қалған қария дереу қалалық орталық полиция бөліміне жүгінді.
Ол белгісіз біреудің темір гаражды ұрлап кеткенін хабарлаған. Панажай ішіндегі үш дөңгелек пен құрылыс материалдары да қолды болған. Келтірілген шығын көлемі 750 мың теңгеге бағаланды. Гараж қала сыртында емес, көпқабатты үйдің дәл жанында орналасқан. Жұрт шырт ұйқыда жатқан түнгі уақытта ұры жүк көлікпен келіп, гаражды тиеп, алып кетеді. Мұны қылмыс орнында қалған шинаның іздері дәлелдеді. Тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні – 30 жастағы ер адамды тауып, ұстады. Ол қылмысын мойындады. Айғақты зат – металл гараж тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер күдіктінің осыған ұқсас тағы бір қылмысқа қатысын анықтады.Ерік ЕРДЕНОВ