Жамбылда тағы да жарылыс
Жамбылда тағы да жарылыс

Жексенбінің таңы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы мен төңіректегі елді мекен тұрғындары тағы да жарылыс дүмпуінен оянды. 10 қазан күні таңғы сағат 7.20-да Сары­кемердегі әскери қоймадағы оқ-дәрі жарылды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Сөйтіп, бір қоймада 44 күн ішінде екінші рет өрт шығып, үш рет жарылыс болды. Әскерилер жексенбідегі жарылысқа өрт себеп болуы мүмкін екенін алға тартқанымен, Қорғаныс министрлігіндегі шенділерге де, жергілікті билікке де қояр сауалымыз мол болып тұр. Дегенмен алдымен мән-жайға тоқталсақ.

Біздің екі рет өрт шығып, үш рет жарылыс болды деуіміздің өзіндік себебі бар. Тамыздың 26-сы күні Сарыкемер ауылы маңын­да орналасқан әскери қойма жа­рылған кезде алдымен өрт шық­қаны айтылған. Кейін қуатты жа­ры­лысқа ұласты да, 17 адам қаза тауып, жүзге жуығы жараланған болатын. Бір адам әлі күнге табыл­ған жоқ. Тамыздағы жарылыстан 106 үйге, 12 коммерциялық нысан мен ғимаратқа зиян келген-ді. Ал жексенбідегі жарылыстың себебін де Қорғаныс министрлігіндегілер өртпен байланыстырған. Одан бөлек, 26 тамыздан бергі 45 күн ішінде қойма аумағында қуатты болмаса да, тағы бірнеше жарылыс болғанға ұқсайды. Жергілікті тұр­ғындар осы күндер ішінде нақты бір рет кішігірім дүмпу сезгенін алға тартады. Сол себепті екі рет өрт, үш рет жарылыс болғанын алға тарттық. Тараз гарнизоны баспасөз қыз­метінің бастығы Дина Мухарино­ваның айтуынша, жарылыс әскери бөлімнің ішіндегі жарылғыш зат­тарды жинайтын орында бо­лып­­ты. «Жексенбі күн онда әс­ке­ри­лер болған жоқ, ауыл адамдары да аман», – деді баспасөз хатшысы. Оның сөзіне қарағанда, жарылыс зат қолданыстағы қарулар емес, жиналған қарулардың қалдықтары көрінеді. Не себепті жарылғаны да белгісіз болса керек. Бірақ Қор­ға­ныс министрлігінің ресми ақ­па­ратында өрт шыққаны ашық ай­тылған.

Министрлік мәлімдемесіндегі «қызықтар»

Обалы қанекей, Қорғаныс ми­нистрлігі оқиғаға байланысты жексенбі күні бірден ақпарат таратты. Дегенмен 7.20-да болған жарылыс жайлы 11 сағат 10 ми­нут­та масс-медиаға түсінік бере бас­тады. Министрлік таратқан нұс­қада Тараз гарнизоны баспасөз қызметі басшысының «неден бол­ғаны белгісіз» дейтін нұсқа жоқ. Өрт шыққаны айтылған. Ал ресми мәлімдеменің мәтіні былай: «2021 жылдың 10 қазанында сағат 7.20 шамасында Жамбыл об­лысының Сарыкемер ауылын­дағы инженерлік оқ-дәрілер қойма­сы­ның аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді. Жарылыс салдарынан оқ-дә­рілердің қалдықтары мен бөлшек­тері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұ­мыстан тыс уақытта болды. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғима­раттар мен құрылыстар зақым­дал­маған. Аудандағы ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да мұндай жағ­дайлар болуы мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дә­рілердің бақыланатын жары­лыс­тары жүргізілетін болады. Қазір осы жылдың 26 тамы­зында өртенген қойманың тех­никалық аумағын жарылғыш зат­тардан тазарту жұмыстары жал­ғасып жатыр». Міне, осы мәтіннің алғашқы абзацында-ақ жарылғыш заттар өртенгені айтылған. 26 тамызда да әскерилер өрт шыққанын айтқан еді. Ендеше біздің сауал да мә­лімдемедегі алғашқы мәлі­меттерге қатысты болып тұр. Ең алдымен «44 күн ішінде бір қой­мадан өрттің екі рет шығуына жол беруді қалай түсінеміз?» деген сауал көкейге орала береді. Бұл салғырттықтың шегі емес пе? Неге зақымданған жарылғыш заттар қоймада әлі жатыр? Жалпы, «за­қымданған жарылғыш заттар» деу арқылы әскерилер не айтқысы келеді? Мұны бірінші сауал делік. Жамбылдағы жарылыс Әлеуметтік желіде тараған ви­деода жарылыс толқыны сезіліп тұр. Сонда министрлік ма­ман­­дары «жарылыс салдарынан оқ-дәрі­лердің қалдықтары мен бөл­шектері жан-жаққа ұшпаған» деп қалай сенімді сөйлейді? Таңертеңгі са­ғат 7 мен мәлімдеме таратылған 11-дің аралығында әскерилер Са­ры­кемерді түгел тексеріп шықты ма сонда? Масс-медиа жексенбідегі жарылыстан бірқатар ғимараттың есік-терезесіне зақым келгенін ха­барлады. Қос қабат шынымен жа­салатын пластик терезенің де сы­нып кеткенін көрсететін бей­нелер жүр желіде. Мұндай қуаты бар жа­рылыстан жарықшақ ұшпа­ды деу­ге көңіл сенбей отыр. Мұны Қор­ғаныс министрлігі таратқан мә­лімдемеге қатысты екінші мә­селе – осы. Үшіншіден, әскерилердің «ал­дағы уақытта да мұндай жағдайлар болуы мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүр­гізілетін болады» деген уәжін қа­лай бағалаймыз? Сонда Қорғаныс министрлігі тамызда жарылған қойма аумағын, төңіректі толық залалсыздандырып үлгермеген бе? Әрі «алдағы уақытта мұндай жағ­дайлар болуы мүмкін» дегенін түсінбедік. Бұл сөйлемде әске­рилер өздерінің жағдайды толық бақылай алмай отырғанын сезді­ріп алған сыңайлы. Әйтпесе, «мұн­дай оқи­ғалардың қайта­лануына жол бер­меуге тыры­са­мыз» деген болар еді. Ал Қорғаныс министрлігіндегілер қоймадағы жаралыстарды әдеттегі құбылысқа балап отырғанға ұқ­сайды. Тұр­ғындардың қорқып қал­ғанын, азаматтар арасында би­лік әскери бөлімге жақын ауыл­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса, сол жерден басқа жаққа көшіру қажет екенін алға тартатын пікірлердің шыға бастағанында да шаруалары жоқ сияқты. Яғни, Қорғаныс министрлігі үшін адам өмірінің құны жоқ тәрізді. Әйт­песе, елдің үрейін ұшыратын мә­лім­демені жасамас еді. Айтпақшы, біз сөзіміз жүйелі болуы үшін Қорғаныс министр­лігінің баспасөз қызметіне ха­барластық. Екі-ақ сауал қойғымыз келген. «Алдағы уақытта жарамсыз оқ-дәрі, соның ішінде тасымал­дауға келмейтіндер қай жерде жойылады?» және «Қандай да бір оқ-дәріні бақылаумен жаратын болса, алдын ала тұрғындарға ескертіле ме?» дейтін қос сұрақ еді. Министрліктің баспасөз қызме­тіндегілер ресми хат жолдауды сұрады. Ал олардың хатқа қалай жауап беретінін білеміз. Созбақтап жүріп алуға әуес. Мәселен, биыл 14 қыркүйекте жолдаған хатымызға 25 қыркүйекте қол қойылып, бізге 27-сі күні келген. Рас, еліміздегі кез келген министрлік, ресми мекемелер ақпарат беруге, әсіресе өздерінің қолайына жақпайтын сауалдарға жауап беруге келгенде кірпідей жиырыла қалады. Жедел ақпарат беретіні, сөзбұйдаға сал­майтын министрлік сирек. Қор­ғаныс министрлігі де ресми хат сұрату арқылы жарылысқа қа­тысты ақпаратты қоғамдағы өзге мә­селелер басып кетеді деп бол­жаған тәрізді. Сөйтіп, «әдеттегі әнге» басты. Біз ашық дерек көз­деріндегі мәліметтер негізінде са­уалдарымызды басылым арқы­лы жолдадық.

Жаңа министрге де «екі қойың бір сом» болғаны ма?

Сөз басында біз әскерилер үшін адам өмірінің құны төмен-ау дейтін болжам айттық қой, енді соның себебін айтайық. Сары­ке­мерде жексенбінің таңында болған жарылыстан кейін Қорғаныс министрлігі бір мәлімдеме таратты да, жым болды. Тараз гарнизоны мен Жамбыл облысы әкімдігінің шенділері мәселе жайлы бірер ауыз пікір білдірді де, оқиға туралы ақпарат саябырсып сала берді. Жарылыстың мән-жайын түсін­діріп, тұрғындарды сабырға ша­қырған, көңілдеріне медеу болған шендіні көрмедік. Тамыздағы жарылысқа байланысты құрылған штабты басқаратын Жамбыл об­лысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев тілшілерге берген сұхба­тында «кіші жарылыс болды» дейді. Бірақ бейбіт күнде азаматтар мерт болған тамыздағы жарылыс­тан кейін тұрғындардың көңіліне алаң кіргенін әкім орынбасары да, Қорғаныс министрлігінің шенді­лері де ескермеген сыңайлы. Әйт­песе, министр Мұрат Бектанов бол­маса да, орынбасарларының, Бас штаб шенділерінің, Құрлық әс­керлері бас қолбасшылығы өкіл­дерінің бірі Сарыкемердегі жары­лысқа байланысты пікір білдірер еді. Алаңдаған жұртқа басу айтар еді. Әзірге министр де, оның орын­басарлары мен өзге әскерилер де тыныш. Шамасы, адам өлмеген соң қоймадағы жарылысты жат­тығу кезіндегідей ойлаған болса керек. Іс жүзінде әскери қоймадағы жарылыс тұтас Қарулы Күштердің беделін түсіріп, халықтың армияға деген сенімін шайқап жатыр. Ал халыққа сүйенбеген армияның құны көк тиын екенін тамызда «Талибанның» Ауғанстандағы «блицкригі» кезінде армияның ештеңе істей алмағаны көрсетіп берген жоқ па?! Ауған халқы армияға сенбейтінін байқатқан сол кезде. Салдарынан қазір ел билігі «Талибан» қозғалысының қолына көшті. Әрине, Қазақстан бөлек екенін білеміз, бірақ халықтың қолдауы болмаса Қарулы Күш­тер­дің қауқары шамалы. Министр М.Бектанов мұны білсе керек еді. Сөйтіп, әскер өміріндегі кез келген оқыс оқиғаның мән-жайын бұқа­раға дер кезінде түсіндіріп отыруға тапсырма берсе жөн болар еді. Ел арасына түрлі қауесеттің таралуына жол бермегені дұрыс еді. Алайда біздің әскерилер бұқараға мұрын шүйіре қарайтын сияқты. «Екі қо­йың бір сом» немесе «маған бәрі­бір» деп отырғандай көрінеді сырт көзге. Айтпақшы, тамызда да, өткен жексенбіде де Қорғаныс минис­трлігі инженерлік оқ-дәрілер қой­масындағы оқ-дәрілер өртенгенін хабарлаған. Бірақ «инженерлік оқ-дәрі» дейтін ұғымның ауқымы кең екенін айтпады. Сөйтіп, нақты не жарылғанын жасырып-ақ бағуда.

Амангелді ҚҰРМЕТ