Жексенбінің таңы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы мен төңіректегі елді мекен тұрғындары тағы да жарылыс дүмпуінен оянды. 10 қазан күні таңғы сағат 7.20-да Сарыкемердегі әскери қоймадағы оқ-дәрі жарылды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Сөйтіп, бір қоймада 44 күн ішінде екінші рет өрт шығып, үш рет жарылыс болды. Әскерилер жексенбідегі жарылысқа өрт себеп болуы мүмкін екенін алға тартқанымен, Қорғаныс министрлігіндегі шенділерге де, жергілікті билікке де қояр сауалымыз мол болып тұр. Дегенмен алдымен мән-жайға тоқталсақ.
Біздің екі рет өрт шығып, үш рет жарылыс болды деуіміздің өзіндік себебі бар. Тамыздың 26-сы күні Сарыкемер ауылы маңында орналасқан әскери қойма жарылған кезде алдымен өрт шыққаны айтылған. Кейін қуатты жарылысқа ұласты да, 17 адам қаза тауып, жүзге жуығы жараланған болатын. Бір адам әлі күнге табылған жоқ. Тамыздағы жарылыстан 106 үйге, 12 коммерциялық нысан мен ғимаратқа зиян келген-ді. Ал жексенбідегі жарылыстың себебін де Қорғаныс министрлігіндегілер өртпен байланыстырған. Одан бөлек, 26 тамыздан бергі 45 күн ішінде қойма аумағында қуатты болмаса да, тағы бірнеше жарылыс болғанға ұқсайды. Жергілікті тұрғындар осы күндер ішінде нақты бір рет кішігірім дүмпу сезгенін алға тартады. Сол себепті екі рет өрт, үш рет жарылыс болғанын алға тарттық. Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы Дина Мухаринованың айтуынша, жарылыс әскери бөлімнің ішіндегі жарылғыш заттарды жинайтын орында болыпты. «Жексенбі күн онда әскерилер болған жоқ, ауыл адамдары да аман», – деді баспасөз хатшысы. Оның сөзіне қарағанда, жарылыс зат қолданыстағы қарулар емес, жиналған қарулардың қалдықтары көрінеді. Не себепті жарылғаны да белгісіз болса керек. Бірақ Қорғаныс министрлігінің ресми ақпаратында өрт шыққаны ашық айтылған.Министрлік мәлімдемесіндегі «қызықтар»
Обалы қанекей, Қорғаныс министрлігі оқиғаға байланысты жексенбі күні бірден ақпарат таратты. Дегенмен 7.20-да болған жарылыс жайлы 11 сағат 10 минутта масс-медиаға түсінік бере бастады. Министрлік таратқан нұсқада Тараз гарнизоны баспасөз қызметі басшысының «неден болғаны белгісіз» дейтін нұсқа жоқ. Өрт шыққаны айтылған. Ал ресми мәлімдеменің мәтіні былай: «2021 жылдың 10 қазанында сағат 7.20 шамасында Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді. Жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта болды. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған. Аудандағы ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да мұндай жағдайлар болуы мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады. Қазір осы жылдың 26 тамызында өртенген қойманың техникалық аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр». Міне, осы мәтіннің алғашқы абзацында-ақ жарылғыш заттар өртенгені айтылған. 26 тамызда да әскерилер өрт шыққанын айтқан еді. Ендеше біздің сауал да мәлімдемедегі алғашқы мәліметтерге қатысты болып тұр. Ең алдымен «44 күн ішінде бір қоймадан өрттің екі рет шығуына жол беруді қалай түсінеміз?» деген сауал көкейге орала береді. Бұл салғырттықтың шегі емес пе? Неге зақымданған жарылғыш заттар қоймада әлі жатыр? Жалпы, «зақымданған жарылғыш заттар» деу арқылы әскерилер не айтқысы келеді? Мұны бірінші сауал делік.Жаңа министрге де «екі қойың бір сом» болғаны ма?
Сөз басында біз әскерилер үшін адам өмірінің құны төмен-ау дейтін болжам айттық қой, енді соның себебін айтайық. Сарыкемерде жексенбінің таңында болған жарылыстан кейін Қорғаныс министрлігі бір мәлімдеме таратты да, жым болды. Тараз гарнизоны мен Жамбыл облысы әкімдігінің шенділері мәселе жайлы бірер ауыз пікір білдірді де, оқиға туралы ақпарат саябырсып сала берді. Жарылыстың мән-жайын түсіндіріп, тұрғындарды сабырға шақырған, көңілдеріне медеу болған шендіні көрмедік. Тамыздағы жарылысқа байланысты құрылған штабты басқаратын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев тілшілерге берген сұхбатында «кіші жарылыс болды» дейді. Бірақ бейбіт күнде азаматтар мерт болған тамыздағы жарылыстан кейін тұрғындардың көңіліне алаң кіргенін әкім орынбасары да, Қорғаныс министрлігінің шенділері де ескермеген сыңайлы. Әйтпесе, министр Мұрат Бектанов болмаса да, орынбасарларының, Бас штаб шенділерінің, Құрлық әскерлері бас қолбасшылығы өкілдерінің бірі Сарыкемердегі жарылысқа байланысты пікір білдірер еді. Алаңдаған жұртқа басу айтар еді. Әзірге министр де, оның орынбасарлары мен өзге әскерилер де тыныш. Шамасы, адам өлмеген соң қоймадағы жарылысты жаттығу кезіндегідей ойлаған болса керек. Іс жүзінде әскери қоймадағы жарылыс тұтас Қарулы Күштердің беделін түсіріп, халықтың армияға деген сенімін шайқап жатыр. Ал халыққа сүйенбеген армияның құны көк тиын екенін тамызда «Талибанның» Ауғанстандағы «блицкригі» кезінде армияның ештеңе істей алмағаны көрсетіп берген жоқ па?! Ауған халқы армияға сенбейтінін байқатқан сол кезде. Салдарынан қазір ел билігі «Талибан» қозғалысының қолына көшті. Әрине, Қазақстан бөлек екенін білеміз, бірақ халықтың қолдауы болмаса Қарулы Күштердің қауқары шамалы. Министр М.Бектанов мұны білсе керек еді. Сөйтіп, әскер өміріндегі кез келген оқыс оқиғаның мән-жайын бұқараға дер кезінде түсіндіріп отыруға тапсырма берсе жөн болар еді. Ел арасына түрлі қауесеттің таралуына жол бермегені дұрыс еді. Алайда біздің әскерилер бұқараға мұрын шүйіре қарайтын сияқты. «Екі қойың бір сом» немесе «маған бәрібір» деп отырғандай көрінеді сырт көзге. Айтпақшы, тамызда да, өткен жексенбіде де Қорғаныс министрлігі инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы оқ-дәрілер өртенгенін хабарлаған. Бірақ «инженерлік оқ-дәрі» дейтін ұғымның ауқымы кең екенін айтпады. Сөйтіп, нақты не жарылғанын жасырып-ақ бағуда.Амангелді ҚҰРМЕТ