Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Нысан құрылысы жергілікті демеушінің есебінен жүргізіліп, ел игілігіне беріліп отыр.
Жалпы, орталықтың алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш қойылған. Ал орталықтың өзі үш қабаттан тұрады. Үшінші қабаттағы «Алқа» салтанат залында Әулиеата топырағынан шыққан, тарихта аты қалған қазақтың киелі қыздары, алыптарды дүниеге әкелген аяулы аналары мен қайраткер әйелдердің суреттері ілінген. Мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған залда мәжіліс, конференция және салтанатты жиын өткізілмек. Ал «Інжу-маржан» әдеби-музыкалық қонақжайы залында – қазақ поэзиясының өлең сөздің інжу-маржанын тізіп жүрген жамбылдық ақын қыздардың портреттері ілініп, шығармалары қойылған. Мұнда әдеби-музыкалық поэзия кештерін, жаңа кітаптың таныстырылымдарын жүйелі түрде өткізіп тұруға болады. Сондай-ақ осы қабатта «Сырғалым» сырласу клубы бар. Көне заманнан жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластықтың қыз тәрбиесіне ықпалы ерекше. Жеңгесі парасатты үйдің қызы ибалы мінезімен танылған. Анасына айтуға қаймығатын сырын жеңгесімен бөліскен қыз қателіктен қашық болады. Жеңгелер институтын жандандыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалып, бойжетіп келе жатқан 13-18 жас аралығындағы қыз балаларға этнопедагогика және этнопсихология дәрістері оқытылады. Қыздардың гигиенасы бойынша кеңес беріледі. «Ерке сылқым» хореографиялық залында негізінен қазақтың ұлттық биіне басымдық беріледі. Екінші қабатта «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы орналасқан.– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында гүл патшасы – қызғалдақтың маңызына ерекше тоқталады. Қызыл кітапқа енген Грейг, Кауфман қызғалдақтарының отаны – біздің өңіріміздегі Қаратау жоталары, Талас Алатауы саналады. «Қызғалдақ» атауын алған үйірмеде қыз балалар гүл өсіріп, баптауды, гүлден түрлі букет жасауды, гербарийлер дайындауды үйренеді. Сонымен қатар «обал, сауап, ұят» қағидасымен Жер-ананы құрметтеп, табиғатты аялауды ұрпақ бойына сіңіреміз. Экологиялық мәдениет пен тәрбие беру бағытында түрлі форматтағы дәріс ұйымдастырылады. Сонымен қатар мұндағы «Сырлы әлем» бейнелеу өнері мектебі бар. Ал «Ана тілі» шешендік өнер мектебіне келер болсақ, өзінің туған тілін «ана тілі» деп атау тек қазақ халқына тән. Дүниеге шыр етіп түскенде нәрестенің құлағына алғаш шалынатын анасының үні. Сондықтан да қазақ «ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» дейді. Бұл сыныпта «Ел ертеңі – ертегі», «Мақал-мәтел – сөз мәйегі» деген бағдарламалар бойынша жасөспірім қыз балаларға арналған дидактикалық сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ қазақ тілін дамыту, латын әліпбиімен жазу курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбында домбыра тартумен бірге соңғы жылдары қыздардың арасында аса қызығушылық артып келе жатқан жетіген аспабында ойнау да үйретіледі. Бұл аспапта ойнау үшін 7-8 жастағы қыз балалар қабылданады. Жетігенде ойнау қыз баланың шығармашылық қабілетін дамытып, өнерге баулып қана қоймай, эмоционалды-психологиялық жағдайына әсер етіп, биязы мінездің қалыптасуына ықпал етеді, бойын да түзейді, – дейді орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғали.Іс-шара барысында орталықты өз қаржысына тұрғызған кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, «АрайСтройМаркет» ЖШС-ның директоры Арман Еділбаевқа аналар атынан айтылған алғыс аз болмады. Кәсіпкер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы мен дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда жас және көпбалалы аналар үшін түрлі курс ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Тағы бір сүйінші хабар, «Таразға тарту» жобасы аясында «Ана мен бала» сквері де елге есігін айқара ашты. «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-ның қолдауымен жаңғырған сквер «Қант зауыты» алқабында орналасқан. Бұл аймақ бүгінде адам танымастай өзгеріп, жаяу жүргіншілер жолы, 15 дана орындық, балаларға арналған спорттық ойын және Workout алаңшалары орнатылған. Сквердің ортасында менмұндалап тұрған ана мен баланың айшықты мүсіні де көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Аталған нысандар көне шаһардың ажарын тағы аша түсетіні даусыз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы