Еліміздің Ұлттық архивінің қоймасында сақталған 83 қордағы құжаттың ішінен Мұстафа Шоқайға қатысты француз, араб, орыс, ағылшын, түрік тілінде және көне шағатай жазуы үлгісіндегі хаттар мен құжаттар бар. «Біз «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында биылдан бастап, сол хаттар мен құжаттарды зерттеп-зерделеуді қолға алдық. Соның ішінде М.Шоқайдың өз қолымен шағатай үлгісінде жазған хатын тауып, аудардық. Жаппай қудалау мен ашаршылық жылдарында қазақ зиялыларын қаралау мақсатында шыққан қаулысы да табылды» дейді Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова. Оның сөзінше, бұл жазбалар Франциядан әкелінген, әлі еш жерде жарияланбаған. Төменде осы үш хаттың мән-мазмұнына тоқталмақпыз.
Шағатай үлгісінде жазылған хаттар
Осы күнде бүкіл Түркі дүниесіне мәшһүр көсем ретінде танылған Мұстафа Шоқайды білмейтін жан жоқ. Оның талай мұралары зерттеліп, еңбектері жинақталып, жарияланып та жатыр. Бірақ осы жолы М.Шоқайдың 1939 жылы 6 қаңтарда А.Оқтайға жазған шағатай тіліндегі қысқаша хаты табылды. Онда былай деп жазылған: [caption id="attachment_165576" align="alignnone" > ©Радмир Фахрутдинов[/caption] «6. І. 1939 А.Оқтайжан: Сізге кеше «Ататүрік реформалары» хақында жазылған мақаланы жіберген едім. Соңыра Таһирға «Байитын амал тұрмыстанба» (деген) толық жазуды жіберем. Бүгін Украина социал-демократтарының «Өрнекті һәм бір қарары» деп французшадан тәржіма етілген қысқаша және бір жазуды жіберіп тұрмын. Хош. Баршаларыңызды сәлемдеп, жүздеріңізден сүйдім. (Қолтаңбасы)» Жеке тектік қормен жұмыс істеу бөлімінің қызметкері Ахат Расул «Украина социал-демократтарының қарары – бүгінге дейін біздің төтен (шағатай, төте жазу) жазып келгеніміздің тура екенін көрсетеді» дейді.[caption id="attachment_165577" align="alignnone" > ©Радмир Фахрутдинов[/caption]– Міне, бұл хаттың толық нұсқасы, біз бұдан нені аңғарамыз? Осы сөздің астарында жаңа жазуға көшкен ұлттың жазбаларын оқып-түсіне алмауынан жұртқа насихаттың жетпей жатқаны, салдарынан олардың ұлттық бірлігі әлсіреп, күрескерлік рухының оянуы мен бостандыққа деген талпыныстың бұрынғыдай болмағаны айтылып тұр. Естеріңізде болса, 1929-1939 жылдар аралығында М. Шоқай Париж бен Берлинде тұрып, «Яш Түркістан» журналын шығарып, оған бас редакторлық етті. Бас мақалаларды тікелей өзі жаза отырып, Түркістан халқының ұлт-азаттық жолындағы рухын көтерді. Сондықтан халықтың мүддесін ойлаған Мұстафа Шоқай «Яш Түркістанды» тек бәріне ортақ түсінетін шағатай жазуымен шығарды. Оған дәлел -жоғарыдағы хат. Сөйтіп, он жыл бойы 117 саны жарық көрген журнал шағатай тілінде шығып тұрды. Ол осы арқылы халықтың рухы мен жігерін жанып, елді өміршеңдік пен күрескерлікке баулуға тырысты, – деді Ахат Расул.
Мұстафа Шоқайға інісінің жазған хаты
12/3/29 Стамбұл 2 март Құрметі биік ағамыз Мұстафа Бек! 14/ІІ жазған хатыңызды 25 күні алдым. Боран, қар болған себепті болса керек, өте кешігіп келді. Есіңізге алып жазғаныңызға көп қуандым, басым көке тигендей болды. Сауалдарыңызға жауап жазып жатырмын. Әрине, бұлар сізге жалғыз-ақ материял болар, мақала халіне кетіруге уақытым тар қалды. Башқұрт өкіметі хақында Салах Атнағлов (Шарладтаның бірі «Башкурия» деген кітап шығарған еді.) Оның бірталай беті мендегі кітапта артық түптелген еді, оны сізге жібердім. Егер бұл кітапты көрмеген болсаңыз материялдармен бірге сізге жіберемін. Қолымызда «Башқұрт аймағы», «Білім» деген Башқұрт нешрияты бар, олардан да материял боларлық нәрселер шықса керек. Ең мүһмиі (негізгісі) бірінші Башқұрт сиезінің декларациясы. Қолымыздағы материялда Башқұрт – большевик, бітімі жоқ. Оны бұл күнгі большевик әдебиеті көңіліне алмайды, бұл «Известияның» (хабар, жаңалық) 1919 жылғы март соңындағы нөмерлерінде бар, таба білсеңіз қарап көріңіз. Башқұрт тарихы хақында Зектің сөйлеген сөздері «Ел» газетінде көп жазылған. Өзге тек бағзы нөмерлері бізде де бар. Материял жосынын білдім, оны да сізге көндірермін. Құрметті жеңгеміз Мария Якулиовнаға көп-көп сәлем ... Сауалдарыңызға жауап 12-14 мартқа дейін барса керек. Құрметпен қарындастық: Ініңіз Ғабдылқадыр Мен үйлендім. Стамбұлда тұрған бір татар қызын алдым, бір сыры қиятынан шығып адам болып отырмын, бірақ етек-жеңнің тарлығы, тамақ жанға батып тұр. Үйімнің адресі: Стамбұл Қожа Мұстафа Пашада, Ғали Фаһие махалласында. Бенли Исмайл сөкетінде (2) нөмерлі әуде (аулада) Ғабдылқадыр [caption id="attachment_165578" align="alignnone" > ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Екінші хат – Стамбулда тұратын Ғабдылқадыр деген жақын інісінің Мұстафа Шоқайға жазғаны. Оның жазған әр сөзінен қысылтаяң, жоқшылық пен үрейге толы заман екенін байқауға болады. «Осы екі парақ хаттың бізге берері өте мол. Әуелі жанкешті жандардың, өте ауыр күндерде де елді ойлайтын азаматтардың өр тұлғасы мен асқақ рухын аңғарамыз. Оған қоса, қандай жағдай болмасын, қиыншылық пен жоқшылыққа мойымай, ел үшін еңбек етудің үлгісін көрсетті», – дейді Ахат Расул.Қазақ зиялылары қаралаған заман
Үшінші жазбада жазықсыз жала жабылып, қудаланып, атылып, айдалып кеткен арыстар жайында. Мысалы, 1929-32-жылдардағы шыққан қаралау қаулысын аудару барысында сол зобалаң жылдардың ақиқаты ашылғандай болды. Қаралау қаулысы Ұлтшыл-фашистер өздерінің қастық харакеттерін еш уақытта тоқтатқан жоқ. Өлкенің жаңа басшылығы мен бірге ескі перегипті (әдетті) сөккен болып, сұрқия сөзді бетке ұстап, Құлымбетов, Жүргенов, Жандосовтар толық құйрықты шошқалар – өздерінің фашист қожайындарының тапсырмаларын орындау үшін үнемі астыртын жұмыс жүргізіп келгені айқындалып отыр. Бұрынғы Қарқаралы окурыгының аудандарындағы кейбіреулерінде ұлтшыл жауыздардың соңғы уақытқа дейін қастық харакет еткені айқындалып отыр. Халық жаулары: Асылбеков, Нұрсейітов, Ғабдуллин бастаған контродияшыл, ұлтшыл топ - Орталық Қазақстанның мал шаруашылығын өсіртпеуге, кері кетіруге аз қастандық еткен жоқ. 15-VIII-№186 Ұлтшыл фашистердің әуелде істеген зиянкестігінің зардабы тез жойылсын. 1929-32-жылдарда бай-құлақтардың көтерілісін ұйымдестыруға бар халық біткен көшпенділікті біріктірген Құлымбетов, Жүргенов, Жандосов сияқты ұлтшыл, фашист бандиттері VI-VII облыстың, Шұбартау ауданына да аз зиянкестік істеген жоқ болатын. Ұлтшыл-фашист жауыздардың қыңсылаған күшіктері Шұбартаудан табылды. Контродияшыл, ұлтшыл Арғынов, аудандық пландар комиссиясында Мұқатаев, мал фельшері Тайсарин сияқтылар Шұбартауда зиянкестік істер істеп келгені ашылды. Алдымен басшылықты қамтамасыз ете алмағандығы үшін халық жауларына шірік либералдық жамағаны үшін аудандық партия комитетінің бірінші секратары - Оразбаевті, екінші секратары – Дилиябаевті, аудандық атқару комитетінің председателі Күзембаевті қызметтен алды. 17- VIII-№188 [caption id="attachment_165579" align="alignnone" > ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Осы қаулыда аталғандардың біразы – елге белгілі азаматтар. Міне, осыдан-ақ бұлардың басына қалай бұлт үйіріле бастағанын түсінуге болады.[caption id="attachment_165580" align="alignnone" > ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Темірбек Жүргенов болса, Қазақ өнері мен әдебиетінің ірі өкілі, Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының ОАК-терінің мүшесі, Орталық Азияда құрылған республикалар аумағының ұлттық-территориялық межеленуіне атсалысқан ірі тұлға. Бірақ осы қаралау қаулысынан кейін Жүргенов 1937 жылы «Халық жауы» атанып, атылып кетті. Кейін КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 жылдың 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып, ақталған болатын. Ораз Жандосов – Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл-шаруашылық институтының директоры, Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы, тағы басқа да лауазымды қызметтер атқарып, еңбегі сіңген қайраткер тұлға. Қаралау, жала жабудың салдарынан 1937 жылы партиядан шығарылып, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды.– Атап айтар болсақ, Ұзақбай Құлымбетов – Кеңес Одағының саяси қызметкері, Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы, Қазақ КСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы болған азамат. Бірақ жоғары лауазымда жүрсе де «Карлаг», «Алжир» сияқты лагерьлерінің Қазақстан жеріне қоныс тепкендігіне ашық түрде қарсылық білдірген. Бірақ НКВД-ның күш алып тұрған кезінде «ұлтшыл-фашист» атанып, 1937 жылы қамауға алынып, 1938 жылы 22 наурызда атылды. Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Ал жұбайы Әйіш Құлымбетова «АЛЖИР»-де 8 жыл отырды. Ақырында Ұзақбай Құлымбетов 1958 жылы бірақ ақталды.
Міне, біз бұл жазбадан Құлымбетов, Жүргенов, Жандосовтардың қалай қудалауға ұшырағанын білдік, ал ендігі мәселе бұлардан басқа осы қаулыда аты аталған Асылбеков, Нұрсейітов, Ғабдуллин, Арғынов, Мұқатаев, Тайсарин қатарлы адамдардың кім екенін, олардың өмірбаяны мен кейінгі тағдыры туралы зерттеуші-ғалымдарымыз тереңдей зерттеп, тарихын ашып шықса, ұлт пен ұрпақ үшін үлкен жаңалық әрі ақтаңдақтарды толтыруда қосылған үлес болар еді, – дейді Жеке тектік қормен жұмыс істеу бөлімінің қызметкері.