Кенесарының хаттары табылды
Кенесарының хаттары табылды
©Радмир Фахрутдинов
2,031
оқылды

«Мәдени мұра» бағдарламасымен Ресейдің архивінен сұлтан Кенесары мен Көшектің хаттары табылып, көшірмесі елімізге әкелінген еді. Бүгінде бұл хаттар ҚР Ұлттық Архивінде сақтаулы тұр. Мұндағы зерттеушілеріміз бен тарихшыларымыз шағатай тілінде орыстармен хат алмасқан сұлтан Кенесары мен Көшектің жазбаларын аударып та қойған.

[caption id="attachment_164551" align="alignnone" width="1024"]Кенесары ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Олардың сөзінше, бұл жолы қос сұлтанның ел жағдайы, шекара мәселесі, соғыс барысындағы тұтқынға түскен боздақтарды босату жөніндегі, оның ішінде Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Бопай ханымның ұлы Нұрхан сұлтан тағдырына алаңдаушылық білдіріп, бірнеше белді азаматтардың отбасы мүшелерінің босатылуын талап еткен хаттары өз қолынан жазылып, мөрі басылған екен. [caption id="attachment_164552" align="alignnone" width="1024"]Кенесары ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

«Өткен жаз күнінде қазылық дуаннан шыққан орыс Сарыжан сұлтанның елін шапты, көп мал, көп қазына, көп адам алды. Тұранның бір қызы, Байтас дегеннің қатыны мен бір баласы бар. Қоңырбай деген бір бала, Маймұрын дегеннің қатыны және бір баласы, баршасы қырық адам қолды болды, айтылған адамның тірісін жіберіңдер. Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Бопай ханымның ұлы Нұрхан сұлтанды жіберіңдер?!» – деп жазылып, Кенесары Қасымұлы мен Көшек төре Қасымұлының мөрі қойылған.

[caption id="attachment_164553" align="alignnone" width="1024"]Кенесары ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Міне, бұл Кенесары мен Көшек сұлтанның орыс дуанына жазған хаты. Саржан сұлтанның ауылы шапқыншылыққа ұшырап, тоналып, көп адамының қолды болғаны айтылған. Біз бұдан Саржан сұлтанның қастандықпен қаза тапқаннан соң ауылының жағдайын аңғаруға болады. Соған қарап бұл хаттың жазылған уақыты 1838 жыл деп болжаймыз. Себебі Саржан сұлтан тірі тұрғанда ауылына ата жауын аттап бастырмаған баһадүр батыр болған. 1837 жылы Бопай ханым да осы ауылға алты баласымен көшіп келеді. Ал хаттың «өткен жаз күнінде...» деп басталуы 1837 жыл екенін білдіреді, – дейді жеке тектік қормен жұмыс жасау бөлімінің қызметкері Ахат Расул. [caption id="attachment_164554" align="alignnone" width="1024"]Кенесары ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

Оның сөзінше, Саржанды мұсылман бауырласпыз деп алдап шақырып, қапыда өлтірген. Ал Ташкент құсбегінің опасыздығы болмаса мұндай жағдай туылмас та еді. Тарих бетінен парақтасақ, Саржан сұлтан Қасымұлы бастаған көтеріліс – 1825-1836 жылдар аралығында Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Өйткені 1822 жылдан бастап Орта жүзде хандық биліктің жойылуына байланысты Ресейдің шекаралық басқару мекемелері ашылып, округ және әскери бекіністер салына бастаған.

Оған қоса, Солтүстік Қазақстандағы шөбі шүйгін, суы мол, жайылымы шұрайлы Есіл өзенінің бойындағы өңірлердің орыс-казак шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі – көтеріліске түрткі болды. Саржан сұлтан әкесі Қасым төрені тірек етіп, інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарындағы халықты ашықтан-ашық бас көтеруге үгіттеп, 1825 жылы Қарқаралы округіне қарасты Қарпық болыстығы қазақтардың көтеріліске шығуына тікелей себепкер болған. Сөйтіп Саржанның басшылығындағы қарулы жасақ керуен жүретін жолдарға және округ приказдарға тұтқиылдан қырғидай тиіп, іс басқарып отырған өңірлік билік орындарын әуреге салды. Осы көтерілісшілер қатарында туған інісі Кенесары сұлтан да болған. [caption id="attachment_164559" align="alignnone" width="1024"]Кенесары ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Жасақ саны артып, көлемі кеңейе түсіп, күші мығымдап, қатары жер-жерден шыққан көтерілісшілермен толыға түскен. Алайда Қарқаралы окургының аға сұлтаны болған ет жақын туысы Тұрсын Шыңғысов атақ пен мәнсап үшін Саржан бастаған көтерілістің жолына көптеген кедергі жасап, патша жасағына көмектескен. 1832 жылы Саржан сұлтан қолын молайту үшін Ұлытау, Сарысу өңіріне қарай жылжыған. Бірақ осы мәселені ішіне бүккен қохандықтар неше мәрте дау-дамай тудырып, ел арасында келеңсіздіктер жасап, тікелей шабуылдауға батына алмаған соң, Ташкент құсбегі арқылы 1836 жылдың жазында Саржанды әкесімен, інілері Ержан мен Есенгелдіні және олардың қасындағы үзеңгілес, жорықтас, қандыбалақ батырларға «қонағасы береміз, қолдау жасаймыз, сыйлаймыз» деп алдап Ташкентке шақырып, жоспары бойынша олардың барлығын жауыздықпен өлтірген. – Бұдан кейінгі тізгінді Саржанның інісі Кенесары Қасымұлы қолына алып, Көшек, Бопай сынды батыр бауыр-қарындастарымен бірігіп, Ресейдің отарлық саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына басшылық етті. Бопай сол кездегі көтерілістің бәріне белсене қатысқан батыр қыз. Қасым төренің Саржан, Есенгелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай қатарлы алты ұлының ішіндегі үкілеген жалғыз қызы. Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылған. Жастайынан ат құлағында ойнап өсіп, бес қаруды тең игерген өжет қыз ағалары бастаған көтерілісті қолдау мақсатында өзінің күйеуі мен қайын ағалары Сартеке, Досан Әбілқайырұлдарын үгіттей бастайды. Олардан қолдау таппаған соң өзінің алты баласымен бірдей ағасы Саржанның қаралы ауылына келіп қосылады. Сөйтіп, Бопай батыр 600 адамнан құралған ерекше жасақты басқарып, аға жолын жалғастырған Кенесары қолын толық жабдықтаумен айналысқан. Бірде ауыл шабуылға ұшырап, Бопайдың баласы қолды болады. Жоғарыдағы хатта аталған ұлы Нұрхан – осы. Кенесары мен Көшек елдің жоғын жоқтап, жан-жақтан анталаған жауларымен алысып жүргенде ағасының ауылын қапыда басқан орыс әскерінің ісіне ашынып, адамдарды қайтаруын талап еткен хат міне осылай жазылған, – дейді Ахат Расул.

Кенесары сұлтанның Николай Петровичке жазған хаты

«Сұлтан Кенесары баһадүрден Николай Петровичке көптен-көп дұғай сәлем. Бізді сұрасаңыз әлхамдулилла саламатпыз және сөзіміз мынау:

Біз патша қол астындағы еліне шын жарастық пен елдік бердік, бізге шын жарастықпен елдікті патша берсе, біздің жіберген елшіміз Асат Атанбекұлының тілегін беріп, тезірек қайтарғайсыздар. Асат пен Томанның өз сөзіне иланғайсыздар, біз әр сөзімізде тұрамыз. Асат пен Томанға тапсырғанымыз патша бізге жарастық пен елдік берсе, он жылға дейін кеңдік берсін. Қуандық елін және Сүйіндік елін патша жұртымен жау болып жүрген уақытта көшіріп зорлықпен алып отыр, еліміз Қаратуда еді, бізге көшіп келемін десе Құсбек жібермей отыр, енді Құсбекпен ел болсақ елдікпен, жау болсақ жаулықпен патшаның елін орнына қондырып, одан соң патшаның қандай қызметі болса да қыламыз. Қуандық пен Сүйіндіктің билері бізге келіп жатыр бізді көшіріп алыңыз!

Елдік үшін, иланымдылық үшін өз қолым мен мөрімді бастым.

                                                              Сұлтан Кенесары Қасымұлы мөрі»

Ахат Расулдың сөзінше, бұл хаттан Кенесары Баһадүрдің сол кездегі аумалы-төкпелі жағдай астында ел-жұртының басын құрап алу мақсатын аңғарамыз, себебі патшалық қазақ даласының құйқалы да шұрайлы өңірлеріне бекініс қамалдарды көптеп салып, өз адамдарын әкеліп қоныстандыруына байланысты және жақындарының жау қолынан қаза тауып, өрісі мен қонысы тарылып, қалың елімен босып жүрген уақытта орыстың басқарушыларына уақытша бағыну мен кеңдік сұрау арқылы Ташкент құсбегі қол астына қаратып алған Орталық қазақ даласын ұстап тұрған Қуандық пен Сүйіндік елін патшалықтың айбарын пайдаланып, өзіне қаратып алу мақсаты айқын көрінеді.

– «Бұл патшаның елі, патша елдік берсе қызмет қыламыз» деуінің астарында өз күшін нығайту мақсаты бар, ал патшалық елшілерін жібермеу арқылы Кенесарыны қолға түсіргісі келді, бірақ оған ол жол бермеді, өте парасатты сұлтанның анталаған жауының ортасында отырып керемет айламен қазақ даласын сақтап, хандық билікті қалпына келтіру жолындағы стратегиясын осы мәліметтер арқылы ашуға болар еді, – дейді ол.

[caption id="attachment_164556" align="alignnone" width="1024"]Кенесары ©Радмир Фахрутдинов[/caption] 1840 ж. Сұлтандар Кенесары мен Көшек Қасымовтардың Батыс Сібір генерал-губернаторы князь П.Д.Горчаковқа жолдаған хаты. Мұнда Тобыл халқын билеуші губернатор жандаралға Кенесары сұлтан мен Көшек сұлтан Қасымұлдарынан арыз:

«Біз бәріне жаулық қылдық, қазақтардың сөзімен жау болдық, зорлықпен дуанға түсірді» деп бізге арыз қылды.

Енді «патша зорлық қылған жоқ екен қазақ өзі еркімен дуанға түскен екен», Мұхаммедтің ескі законында «мұсылман мен орыс жау болмақ сүннет, елдеспек парыз» деген сөзі бар. Жаулықтағы өлген адамдарды сіз де, біз де салауат қылайық! Біздің қолымыздағы казак-орыс ұстап жүрген Тован Лабановты жібердік, сіздерде патша қазіретінің жараны болса, Сібірдегі ұстаған біздің кісілерді жібергейсіз, көптен-көп тілейміз. Бізге шын елдік берсеңіз Асатұлы Шорман мен сот Айманұлы Шыбан дегенді бізге бергейсіз және тұтқындағы екі жігітті жіберсеңіз, патша қазіретінің жұртына оқ атып, қылыш суырмасқа ұлық тағын берсеңіз уәде қыламыз, егер де елдік бермесеңіз Бұқараға, Үргенішке кетеміз», – деп жазылған хатта Кенесары Қасымұлы мен Көшек төре Қасымұлының мөрі қойылған.

[caption id="attachment_164557" align="alignnone" width="1024"]Кенесары ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Жеке тектік қормен жұмыс жасау бөлімінің қызметкері Ахат Расулдың сөзінше, Кенесары Ақмола мен Ақтау бекінісін тас-талқан етіп жойып, одан кейінгі уақытта солтүстік батыс өңірлердегі қамалдарға да тынбай шабуыл жасағанда екі жақтан да көп адам қырылған. Казак-орыстармен шайқаста олардың қолға түскен маңызды адамдарын босатып, оның орнына Сібірде тұтқында жатқан елшілерін, тағы басқа адамдарын босатуды талап еткен. «Қайтыс болғандарды салауат етіп, ендігі жерде «елдесейік» деу арқылы маңызды адамдарын босатып алса, күшінің мығымдала түсері даусыз. Бір жағынан адамдарын қайтармаса Бұхара, Үргеніш жаққа одақтасатын болса, патшалықтың жағдайы мүшкіл халге түседі. Батылдықпен патшалыққа осылай хат жазу Кенесарыдай баһадүрге тән ерлік, осы хаттан кейін адамдары босатылды ма, Асатұлы Шорман мен сот Айманұлы Шыбан деген адамдар кім, олар қандай жұмыстар атқарды деген мәселелерді зерттеу осы ұрпақтың парызы. Ендеше, тарихшыларымыз осыны қолға алуы қажет деп білеміз», – дейді Ахат Расул.